Аймақтар • 12 Қаңтар, 2018

Алматыда Елбасы Жолдауына арналған жиын өтті

284 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ ұлттық аграрлық университетінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан Халқына Жолдауын талқылау жиыны өтті.

Алматыда Елбасы Жолдауына арналған жиын өтті

Жолдауда айқындалған мақсат-міндеттер сараланған басқосуға Алматы қаласы әкімдігі, Жоғарғы оқу орындарының басшылары мен ғылыми-зерттеу институттарының мамандары, сондай-ақ аталған университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы қатысты.

Жолдауда агроөндіріс кешеніне жалпы аграрлық секторға үлкен басымдық берілгенін ескерсек, бұл бағытты дамыту ел экономикасының негізгі қуаты екенін анық түсінеміз.  Ғалымдар ауылшаруашылық өнімдерін ұлғайту мен олардың сапасын арттыру негізгі талап екенін айта келе, оны іске асыру үшін ауылшаруашылығын дамытудағы жекелеген жұмыстарға серпін беру керек дегенге тоқталды. Ол үшін бәсекеге қабілетті мамандар дайындау қашанда бірінші кезекте тұратыны, экспортқа қабілетті ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін еселеп ұлғайту  керектігі баса айтылды. «Біздің аграрлық секторда жалпы шикізаттың көлемі жүз пайыз деп алатын болсақ, экспортқа шығатын өнімнің көлемі 17-20 пайызды ғана құрап отыр. Қайта өңдейтін жаңа өнімдер қуаттылығы 25-30 пайыз ғана. Жолдауда нақты айтылған ақылды технология, ресурсты үнемдейтін құралдар, сандық технологиялар бұл саланы дамытуға көп септігін тигізбек» дейді Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов.

Жиын барысында ғалымдар 2015 жылы университетте құрылған Халықаралық Агротехнологиялық хаб шетелдік университеттермен ғылыми байланыс орнатуға зор мүмкіндік ашқанын және Елбасы айқындап берген міндеттерді іске асыруда университет ұжымы табанды түрде жұмыс істейтінін айтты. Ол үшін агроөнеркәсіп кешенінің барлық салаларына инновациялық технологияларды енгізу, оларды өндірісте кеңінен пайдалану мәселелерінің маңызды екені сөз болды.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ