Аймақтар • 12 Қаңтар, 2018

БҚО-дағы Шыңғырлау ауданы 100 пайыз газбен қамтылды

781 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысындағы Шыңғырлау ауданы – табиғи газбен 100 пайыз қамтамасыз етілген өңір санатына қосылды. Аудан орталығынан ең шалған жатқан елдімекеннің бірі – Ақсуат ауылы 2018 жылдың басында көгілдір отын желісіне қосылды.

БҚО-дағы Шыңғырлау ауданы 100 пайыз газбен қамтылды

Суретті түсірген Қаршыға ЕЛЕМЕСОВ

Батыс Қазақстан облысының шығыс бөлігінде орналасқан, аумағы - 7,2 мың шаршы шақырымды құрайтын Шыңғырлау өңірі Ресей Федерациясының Орынбор облысымен шектеседі. Шекаралық ауданда бүгінгі таңда жалпы саны 15304 адам тұрып жатыр. Аудандағы 8 ауылдық округ, ондағы ірілі-ұсақты 20 елдімекенге түгелімен табиғи газ құбыры жеткізілді.

Ақсуат – Қарағаш ауылдық округіне қарайтын, 31 үйден ғана тұратын шағын елді мекен. Негізгі мектебі, мәдениет үйі, фельдшерлік пункті секілді бірнеше әлеуметтік нысан қызмет етіп тұрған ұядай ауылда 425 адам тіршілік етеді. Аудан орталығынан шеткері жатқандықтан ақсуаттықтар табиғи газ игілігін көре алмай жүрген еді. Мұның да шешімі табылды, газ құбыры іргедегі Сырым ауданы аумағынан тартылды.

- Ақсуат ауылына табиғи газ құбыры жеткізілуі – Елбасы тапсырмаларынан туындап отырған нақты жоспарлы қадамның еді. Біз Шыңғырлау ауданы аумағын түгел қамтыған ауқымды жұмысты орындап шықтық, - деді өз сөзінде аудан әкімінің орынбасары Тілепберген Қайыпов.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан облысы