Қазақстан • 12 Қаңтар, 2018

Әмірхан Рахымжанов: Президент Жолдауы – биік белестерді бағындыру жолы

358 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасының жыл сайынғы Жолдауы – еліміздің алдағы жылдарға жоспарланған мықты стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін айқындайтын бүкіл қазақстандықтарға, жалпы қоғамға үндеген аса маңызды құжат. 

Әмірхан Рахымжанов: Президент Жолдауы – биік белестерді бағындыру жолы

Әр жыл сайынғы Президент Жолдауы өз жаңалықтарымен, құнды идеяларымен, еліміздің жаңғыруына, көркеюіне негіз болатын салмақты тұжырымдармен ерекшеленеді.

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев 2018 жылдың 11 қаңтарында «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. Елбасының биылғы Жолдауы – еліміздің өркендеу жолындағы бұған дейінгі ұсынылып, жүзеге асырылып жатқан қарқынды реформалардың, атап айтқанда, «Мәңгілік Ел», «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламаларының заңды жалғасы. «Қазақстан әлемдегі түрлі сынақтарға төтеп беріп, қарқынды экономикалық даму жолына бет алды. Еліміздің 2050-ші жылға дейінгі ұзақ мерзімді Даму стратегиясы жүзеге асырылуда. 100 нақты қадам Ұлт жоспары аясында біз реформаларды жүргізіп келеміз. Индустрияландыру саласын өркендету үшін жүйелі жұмыстар атқарылуда. Біз конституциялық реформаны жүзеге асырып, еліміздің Үшінші жаңғыруын бастадық. Рухани жаңғыру бағыты бойынша кешенді іс-шаралар жүргізілуде. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданды», – деді Н. Ә. Назарбаев Жолдауында.

Еліміз өзінің тәуелсіздік алғаннан бергі 26 жылдық даму кезеңінен абыроймен өтіп, халықаралық аренада биік белестерді бағындырды. Өзінің экономикалық даму қарқынын алдыңғы қатарлы озық елдердің қатарына қосылуымен дәлелдеді. Президент талдап көрсеткендей, адамзат жаңа өнеркәсіптік революция дәуіріне аяқ басқан тұста мемлекетіміз рухани жаңғыру жолында берік негіз қалады.

Ендігі көзделетін меже – төртінші өнеркәсіптік жаңғыру болмақ. Жолдаудың тақырыбы айтып тұрғандай, бүгінгі күні қоғам да, мемлекет те, тіпті азаматтарымыздың ой-санасы да кезекті өнеркәсіптік өзгеріс жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктерін бастан өткеретін кезеңге келді.

Елбасы Жолдауында ұсынылған ел дамуының басты бағыты – цифрландыру, яғни Қазақстанды жаңа әлемдегі көшбасшы елдердің қатарына кіргізу үшін өмірдің барлық саласына цифрлық технологияны белсенді енгізу қажет. Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында елдің экономика және әлеуметтік салаларындағы күн тәртібінде тұрған кезек күттірмейтін аса маңызды 10 міндетті белгілеп берді. Бұл міндеттер – биік белестерді бағындыруға жетелейтіні сөзсіз. Жолдауда Қазақстанның индустриялық өркендеуіне, агроөнеркәсіп кешені мен көлік-логистика инфрақұрылымының дамуына, банк секторларының қайта жаңғыртылуына аса көңіл бөлінген.

Мемлекет басшысының Жолдауында дәстүрлі әлеуметтік даму мәселелері де назардан тыс қалмады. Қазіргі таңда әлеуметтік салада цифрлық технологияларды дамытудың маңызы зор. Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу, алдыңғы қатарлы білім жүйесін құру, медициналық көмектің қол жетімділігі мен тиіміділігін арттыру, халықтың сапалы жұмыспен қамтылуы – мұның бәрі міндетті түрде біздің азаматтарымыздың өмір сүру деңгейін көтеретіні анық.

Адамзат баласының қол жеткізген ұлы игіліктерінің барлығы – білім, оқу мен тоқу арқылы жасалған. Білім алу сипаты алуан түрлі екенін ескерсек, заманауи білім беру жүйесінің мақсаты – бәсекеге қабілетті, жан-жақты, көп тіл білетін маман дайындау екені белгілі. Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы білім берудің жаңа сапасына аса назар аударады. Бұл Жолдауда білім қоғамын дамытуға арналған құндылықтар қатарында барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құру, заманауи техникалық тұрғыдан қолдау көрсету, цифрлық білім беру ресурстарын дамыту, өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту, бағдарламалардың бірыңғай стандарттарын енгізу, орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу, педагогтарды оқыту және олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау, білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту, латын әліпбиіне көшу міндеттерін нақтылады. «Жаңартылған мазмұн дегеніміз – халықаралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламалары», – деді Елбасы.

Жалпы, биылғы Жолдаудың мазмұны басты міндеттерді жүзеге асыруда барлық азаматтардың белсенді атсалысуын талап етеді. Президент Жолдауы – әрбір қазақстандық үшін қарқынды ұмтылыстың жолы болмақ. Президент Жолдауындағы жаңа бағыттар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше серпін беретініне кәміл сенемін.

Әмірхан РАХЫМЖАНОВ
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы директорының орынбасары, саяси ғылымдардың докторы, профессор