Қазақстан • 15 Қаңтар, 2018

Даму тұтқасы – жаңа технологиялар

484 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

 

 

Бүгінгі күні атын естісеңіз тұла бойыңыз селк ете қалғандай күйге түсіретін революция атауы мүлдем жаңаша мән мен мазмұнға ие болып отыр. Әсіресе бұл сөз «жаңа өнеркәсіптік революция» деп айдар тағылған тіркес сөзде тіптен айшықты естіледі. Президент Н.Назарбаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында ел дамуының жаңа мүмкіндіктері Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне тұспа-тұс келетінін тайға таңба басқандай айқындап берді. Бұл міндет республика аймақтарына да тың міндеттер жүктейді. Жаңаша көзқарас жағдайында жұмыс істеу жауапкершілігін арқалатады. Осыған орай біз «Ақтөбе индустриялық аймағы» басқарушы компаниясы» ЖШС директорының міндетін атқарушы М.Аққағазовқа жолығып, бірер сауал қойған едік.

Даму тұтқасы – жаңа технологиялар

– Мамырғали Досқұлұлы, Президенттің биылғы Жол­дауының басты арқауына айналған Төртінші өнер­кәсіптік революция жағ­да­йын­да жұмыс істеу ұғы­мын қалай түсінесіз?

– Мемлекет басшысының биылғы Жолдауының басты ерекшелігінің өзі өнеркәсіптік даму жолына басымдық бе­рілуінде. Әйтпесе жылдың басты құжаты жоғарыдағыдай атауға ие болмас та еді. Менің ойымша, бұл дамудың ең сенімді жолы. Президент алға қойған он міндеттің ішінде индустрияландыру м­әселесі ең алдыңғы кезекке шығуының, оның бірінші орын­да тұруының астарында осындай ой мен осындай салмақ бар. Жаңа мемлекетті құрып, оның экономикасын тұрақты даму жолына түсіру, қай кезде де оңай бол­маған. Бұл арада ешқандай дәлелдеуді қажет етпейтін бір ақиқат бар. Еліміздің экономикасы стратегиялық шикізат көздеріне тәуелді болып қал­мауға тиіс. Егер мұндай жағ­дай орын алса, кез келген мем­лекеттің экономикасы сыр бермей тұра алмайды.

Рас, біз әлемдегі мұнай, газ және конденсат секілді ши­кізат өндіретін елдердің қата­рындамыз. Ашығын айт­қанда, мұның ел экономикасына түсіріп отырған пайдасы да жоғары. Соған қарамастан біз бірыңғай шикізат шылауында қала беруге де тиісті емеспіз. Өйткені әлемдік мұнай рыногында оның бағасы бірде төмендеп, бірде жоғарылап, секірмелі күй кешеді.

Осы орайда, Президент Н.Назарбаев өз Жолдауында бұлтартпайтын бір жақсы мысал келтірген екен. Яғни, бұдан 3-4 жыл бұ­рынғы қаржы-эко­но­мик­алық дағдарыс ке­зінде ин­дус­трияландырудың ал­ғаш­қы бесжылдығында қол жет­­кізген нәтижелердің әжеп­тәуір септігі тиіпті. Әрі мұ­ның өзі тұрақтандырушы фак­торлардың біріне айналып­ты. Міне, индустрияландыру мен еліміздегі алғашқы өнер­кәсіптік революциялардың ти­гізген пайдасы мен шапағаты.

Өмір бір орында тұрмайды. Ол үнемі алға қарай даму, жылжу үстінде. Соның ішінде өнеркәсіптік өмір алға қарай озған уақытпен бірге өзінің өзгерістерін енгізеді. Осы қи­сынға сүйенсек жаңа технологияларды орнықтыру дамудың басты тұтқасы бол­­­мақ. Президенттің өзі­нің сөзімен айтқанда, Қазақ­стан индустриясы жаңа тех­но­­ло­­гияларды енгізудің көш­басшысына айналуы тиіс. Дәл осындай жағдайда өнер­кәсіптің инновациялық сипаты одан әрі тереңдей түсетіні де Жолдауда тиянақты түрде тұжырымдалған.

– Мемлекет басшысы эко­­номиканы цифрландыру жөнінде тың міндеттер қойды. Әрі еліміздің бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорнын цифрландыру үшін қа­нат­қақты жобаны іске асыру қажеттігін алға тартты. Сонымен бірге бұл тәжі­рибені көпшілікке тарату жө­нінде тиісті атқарушы ор­ган­дарға тапсырмалар бер­ді. Бұған не дейсіз?

– Инновацияны енгізу мен орнықтырудың басты өлше­мінің бірі – цифрландыру. Әлем­дегі өркениетті елдердің көпшілігі бұл кезеңді бел ортадан асырып үлгерді. Біздің басты мақсатымыз – әлемдегі озық отыз елдің қатарынан кө­ріну болса, экономикамызды цифрландыру мәселесін аттап өте алмаймыз. Президент қойған міндеттің өзгешелігі мен қажеттілігі де осында.

Цифрлы технологияларды енгізу елімізге не үшін қажет екенін Президент се­гізінші міндетте жан-жақ­ты түйіндеп беріпті. Оған алып-қосатын ештеңе жоқ деп есептеймін. Осы арқылы мем­лекеттік басқарудың ти­імділігі арта түсетін болса, цифрландырудың қадір-қа­сиеті де соғұрлым көтерілмей ме?! Экономиканы цифрлан­дыру табыс әкелгенімен жұ­мыс күшінің көптеп босап қа­лу қаупін де тудырады деп тұ­жырымдайды Президент. Мұн­дайда не істеу керек? Жолдауда мұның жолы да нақты айтылған.

– Еліміздегі индус­трия­ландыру деңгейін тереңдету ісіне облыс­та­рда құрылған индус­трия­лық аймақтар да тиісті үлес­терін қоса алатыны анық. Өзіңіз де осындай өмір­­шең істің басы-қасында жүр екен­сіз. Сондықтан осы мә­­­се­­леге бай­ланысты не айтар едіңіз?

– Индустрияландыру ұғы­мымен қатар тұратын мәні мен маңызы әрі сипаты тұрғысынан қарастырғанда алғашқы ұғым­нан бір мыс­қал кем түспейтін тағы бір түсінік бар. Бұл – инвестиция тарту мәселесі. Дәл осы тұрғыда индустриялық ай­мақ­тардың мүмкіндіктері жоғары. Қазіргі күні біз осы мүмкіндікті жіберіп алмауға баса мән беріп келеміз. Ақтөбе индустриялық аймағында отан­дық кәсіпкерлермен бір­ге шетелдік инвесторлар да қызмет жасап жүр. Бұл қа­тарда Германия, Болгария, Түркия және Швейцария елдерінің өкілдері бар. Бүгінгі уа­­қыттта олардың қатысуымен төрт ин­вестициялық жоба жү­зеге асуда.

– Президенттің биылғы Жолдауы туралы нақты ой-түйініңіз қандай?

– Жолдау біздің ісіміз бен қызметімізге және индус­трия­лық аймақты одан әрі да­мыту жобаларына жаңа сер­пін берді. Жылдың бас­ты бағдарламалық құжаты біз­­ге сонысымен қым­бат деп біле­мін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ

Соңғы жаңалықтар