Қазақстан • 15 Қаңтар, 2018

Маңғыстау судьялары Жолдауды талқылады

370 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысының судьялары мен соттар әкімшісінің қызметкерлері Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын талқылады. 

Маңғыстау судьялары Жолдауды талқылады

Облыстық соттың судьясы Гүлажар Бақытжанова Жолдауда айтылған міндеттерді тарқата баяндап, жалпы қоғамға ортақ мәселелермен бірге, сыбайлас жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі туралы кеңінен айтып өтті.

– Жолдауда айтылған басты жаңалықтың бірі – мемлекеттік органдардағы процестерді, соның ішінде олардың халықпен және бизнеспен қарым-қатынасын цифрландыру. Елімізде қылмыстық істер «Электронды қылмыстық іс жүргізу» пилоттық жобасымен қарала бастады. Алдағы уақытта барлық қылмыстық іс жүргізу цифрлы түрге түбегейлі  көшпек. Әр салада мұндай цифрлы технологияның енгізілуі ашықтық пен жылдамдықты арттырып, артық қағазбастылықтан арылуға мүмкіндік береді, - деді ол өз баяндамасында.

Осыдан соң қатысушылар Жолдауда айтылған міндеттерге жеке-жеке тоқталып, оларды сот жүйесінде жүзеге асыру туралы ойларымен бөлісті.

– Елбасы соңғы 3 жылда жемқорлық үшін 2,5 мыңнан астам адам сотталғанын,  осы уақыт ішінде олардың 17 миллиард теңге көлемінде келтірген залалы өтелгенін айтты. Жемқорлықтың алдын алуға бағытталған күрес жұмыстары бұған дейін де жүргізілді, әлі де жалғаса беретін болады. Сондай-ақ цифрландыру маңыздылығына байланысты сот ғимараттарындағы барлық технологиялардың қосулы болып, игілікпен қызмет көрсетуіне мән бере отырып, кемшіліктердің алдын алуымыз керек,  -деді Маңғыстау облыстық сотының төрағасы  Жақсылық Аланов.

Өз ойын осылайша ортаға салған сот төрағасы ұжымдастарын Жолдау міндеттерін жүйелі әрі сапалы жүзеге асырып, белсенді қызмет етуге шақырды.

Қатысушылар жұмыс жоспарын құрып, онда жемқорлықпен күрес, сот жүйесінің имиджін көтеру, халықтың сотқа сенімін қалыптастыру, қылмыстық істерді электронды форматта қарау тәртіптерін саралау секілді маңызды мәселелерді қамту  керектігін айтты. Жиын соңында алқа төрағаларына жолдау міндеттерін жүзеге асыру бойынша нақты ұсыныстар келтіру, ал, Оқу орталығына жұмыс жоспарын құру тапсырылды.

Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Маңғыстау облысы