Тарих • 15 Қаңтар, 2018

Арал табанындағы «кемелер бейіті»

1811 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Тақырыпты оқып тіксініп қалмаңыз, әлбетте бейіт деген сөздің суық естілетіні рас. Кезінде балық шаруашылығы дүрілдеп тұрған шақта бағы аспандаған алып кемелер, теңіз тартылған кезде қайраңға шығып, ешкімге керексіз болып қалғаны белгілі. Содан бері ашық аспан астында аңғал-саңғал болып, жайрап жатқан кемелердің мүрдесін жергілікті жұрт «кемелер бейіті» деп атап кеткен.

Арал табанындағы «кемелер бейіті»

Арал ауданына қарасты Жалаңаш ауылы. Ауыл сыртында жатқан кеме. Фото: aralsea.kz

Өлкетанушы Серік Дүйсенбаев осы Арал ауданының байырғы тұрғыны. Аймаққа келетін туристерді ертіп, жол бастап жүргеніне жиырма жылға жуықтаған. Университетте мұнайшы мамандығында оқып жүрген Серік 2 000 жылы «Арал теңізі» қоғамдық бірлестігіне ерікті ретінде тіркеледі. Осы қордың түрлі жобаларына қатыса жүріп, өңірдің тыныс-тіршілігін бес саусақтай біліп алған.

«Аралға қызығушылық танытқан қарапайым туристерден бастап деректі фильмдер, арт-жоба түсіруші шетелдік журналистер мен фотографтарға Арал өңірінде тур ұйымдастырумен айналысамын», дейді ол «Егемен Қазақстан» тілшісіне берген сұхбатында. Серіктің міндеті жыл сайын Аралға келетін туристерді күтіп алу, шығарып салу, қонақүйге орналастыру, теңізге, балықшы ауылдарға саяхат (джип-тур) ұйымдастыруға көмектесу. Тіпті ыңғайына қарай аудармашы да, көлік жүргізуші де бола береді. Бір басына жететін кәсіби біліктілігін ескерген көптеген қазақстандық туристік фирмалар Серікпен келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Ал ол ағылшын тілін қазақ-түрік лицейінде оқып жүріп жетік меңгеріп алған.

Серік Дүйсенбаев (оң жақта) франциялық Canal+ компаниясының журналисімен, 2007 жыл

Әңгімелесе келе Серіктің сөз ләмінен ұққанымыз шетелдік туристерді көбіне Арал теңізінің шақырымдарға созылып жатқан тілім-тілім табаны мен алып кемелер қызықтыратын көрінеді. Өйткені туристер үшін кемелер «бейітіне» барар жолдағы ақшаңдақ теңіз табаны арқылы Ақеспе, Қарасандық секілді жоталарды басып өтіп үйір-үйір түйелер мен балықшыларға жолығудың айырықша әсері болса керек. Ал шетелдік туристер неліктен дәл осы маңға үйір келеді десеңіз, оның бірден бір себебі «Lonely Planet/ Central Asia» және «Bradt Travel Guides» сияқты танымал жолсерік кітаптарына Арал ауданындағы «кемелер бейіті» (ship cemetery) арнайы туристік нысан болып енгізілген. Бұл басылымдардың журналистері әр төрт жыл сайын көрсетілген бағыт бойынша барлық нысандарды аралап, деректермен толықтырып отырады. Сондай-ақ тек саяхат орындары ғана емес, қонақүйлер, мұражай, дəмханалар туралы толық мəліметтер де жаңартылатын болып шықты.

«Екі мыңыншы жылдардың басында аймақта үлкенді-кішілі 30-дың үстінде кеме болды. Арал ауданының 100 жылдығы кезінде әкімшілік 4 қайықты қалаға сүйреп апарып ашық музей етіп қойды», деп еске алған Серік соңғы жылдары кемелердің жеке адамдар тарапынан толықтай кесіліп, жойылып кеткенін айтады. Әсіресе түсті металл мен қара темір өткізу қызып тұрған шақта кеме қаңқалары темір-терсек іздеген жұртқа тегін олжаға айналған. Осы қарқынынан жаңылмаған темір өткізушілер 2015 жылға дейін Аралдан 69 шақырым жердегі Жалаңаш ауылындағы 12, Шығанақтағы он шақты кемені түгел бұтаса керек. Серіктің есебінше бүгінде сол отыз кемеден төрт-ақ кеме қалған, оның өзі жарым-жартылай кесілген күйінде қараусыз жатыр.

Жалаңаш ауылы

Арал, Жалаңаш ауылы. Фото: aralsea.kz

Мәселен, Қызылорда облысының Арал ауданына қарасты Ақеспе ауылы қаладан батысқа қарай 88 шақырымда орналасқан. Арал теңізінің аңғарындағы Бутаков шығанағының батыс жағында алып танкер жатыр. Осы арқылы Кеңес өкіметі кезінде химиялық-бактериялық қарудың сынақ алаңы болған Возрождение аралына жанар-жағармай тасымалданған. Жаппай «темір өткізу» тренді кезінде бұл кеменің де сау тамтығы қалмаған.

Арал ауданы, Ақеспе ауылы. Фото: Денис Французов

Кезінде BBC, CNN, Voice of America сияқты танымал медиа компаниялар мен әуесқой фильм түсірушілер, фотографтардың, «Pink Floyd» бастаған музыканттардың қызығушылығын арттырған да осы кемелер еді. Ал теңіздің арғы бетін жағалап отырған Өзбекстан бұл мәселеге келгенде пысықтық танытып үлгеріпті. Бұрын порт болған Мойнақ қаласы маңындағы теңіз табанында қалған 11 кемені жергілікті әкімшілік өз қарауына алған. Онымен қоймай кемелердің әрқайсысына ат қойып, айдар тағып өңірдің туристік әлеуетін арттыруға қолайлы нысан ретінде әспеттеп отыр. 

Арал теңізінің тағдыры атақты Pink Floyd рок-группасының «The Endless River» (Сарқылмайтын өзен) атты жаңа альбомына арқау болды. Клип ютуб каналында 14 миллионға жуық рет қаралған. 

«Шетелдіктер үшін ескі айлақта тұрған кемелер қайта боялған ескерткіш қана. Теңіз табанында қалған кемелердің әсері ерекше, тарихи маңызы да зор», деген Серік аймақтағы туризмді дамыту үшін кемелердің таптырмайтын туристік нысан екенін айтады. Ал жергілікті әкімдіктің мәліметінше, Арал теңізі мен Қамбаш көлі аудан көлемінде туризм саласының дамуына зор мүмкіндік туғызып келеді. 2016 жылы жазғы маусымда «Қамбаш» демалыс аймағында 70 мыңнан астам адам демалған болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 20-25 пайызға өскен.

Қазақстан мен Өзбекстан шекарасын қамтыған Арал теңізі бір кездері әлемде тұздылығы жоғары төртінші теңіз саналатын. Алайда Сталин Орталық Азия республикаларын ірі мақта плантациясына айналдыру жайлы шешім қабылдағаннан кейін-ақ жағдай күрт өзгеріп сала бергені баршаға белгілі. Кеңестік басшылар Әмудария мен Сырдариядан шөл далаға су тарту үшін қолмен мыңдаған шақырымға созылып жатқан арық қаздырып, арналы қос өзенді шаруашылық мақсатқа бұрып әкетті. Осылайша тартылған айдынды су қойнауындағы мыңдаған қазынасымен бірге құмға сіңе берді. Өңірдегі 17 балық колхозы, 10 балық өңдейтін зауыт және 2 балық комбинаты түгелге жуық жабылды. Суды ысырапсыз пайдаланудың соңы Арал теңізін қандай экологиялық апатқа ұшыратқанын өзіңіз-ақ бағамдай беріңіз. Дәл осы себепті де аңыздың ақырына айналған Арал әлем жұртшылығының ең бір аяулы дүниесіне айналды емес пе. «Арал тағдыры – адам тағдыры» деген ұранмен теңізді құтқару бағытында батыл да жоспарлы түрде қаншама жұмыс атқарылып жатқанда саудыраған сүйегі ғана қалған кемелерді қалай ғана қаперімізден шығарып алдық екен? Тот басқан кемелерді жел шайқап, күнге қаңсып жатқан іске алғысыз темір ғана деп ойласақ, оңбай қателескен болар едік. Маң даланың төсінде бауырлай сұлап жатқан кемелер бар қайғысын ішіне жиып қана жатқан жоқ, басынан бұл-бұл ұшқан дәуренін қоса жоқтап жатыр. Олар – Аралға жасалған қиянаттың, табиғат дүниесіне жасалған қасірет символының нақ өзі.

P. S. Халықаралық туризм көптеген елдердің экономикасында шешуші салаға айналғандықтан, туристік қызмет барған сайын сұранысқа ие болып келеді. Оның ішінде бірегей тарихи-мәдени ескерткіштері арқылы Қазақстан рекреациялық туристік ресурстардың өте үлкен потенциалына ие екенін көріп отырмыз. Сондықтан да жергілікті әкімшілік Арал өңіріндегі туристік ресурстарды түгендеп, туризм индустриясын біржолға қою керектігін ескерген күнде, «кемелер бейіті» аумағының экономикалық және әлеуметтік құбылыс ретіндегі мәні арта түсері сөзсіз.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»