Қазақстан • 15 Қаңтар, 2018

Семейдегі Қоғамдық ұйымдар мен еңбек ұжымдары Жолдаудың бағытын талқылады

285 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Семейдегі Достық үйінде, қоғамдық ұйымдар мен еңбек ұжымдарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері»  тақырыбында дөңгелек үстелдер, жиындар қызу түрде өтуде.  

Семейдегі Қоғамдық ұйымдар мен еңбек ұжымдары Жолдаудың бағытын талқылады

Сондай маңызды бас қосулардың бірінде Семейдегі аналар кеңесінің төрайымы Нағима Мойынбаева Президент айтқан үздіксіз білім алу жүйесі туралы қажеттілікке қоғам енді ғана бет алғандығын мысалға келтірді.

– Қазақстанда жастар, балалар ғана емес, ересектер де оқуы қажет, - деді Нағима  Мойынбаева, - бұл ағылшын тілін білудің қажеттілігіне арналып отыр. Мен сондықтан да Елбасымыздың Жолдауында айтылған барлық ұсыныстары қолдаймын.

Шығыс Қазақстан облыстық «Возрождение» неміс қоғамдық бірлестігінің төрайымы Лилия Гончарук те Семейде тұрып жатқан ұлттар мен ұлыстардың бірлігі жайлы ерекше тоқталып өтті.

– Президент айтып өткендей, инвесторлар үшін өз кәсіптерін дөңгелете жүргізуге  жайлы, тиімді қала керек, - деді Лилия Гончарук, - біздің Семей «ақылды қала» болып, осы жерге ірі-ірі бизнес өкілдерін жинай алса, қандай жақсы болар еді?! Осының өзі Семейдің дамуына, ілгерілеуіне мүмкіндік жасар еді. Алда Семейдің 300 жылдығы, Астанамыздың 20 жылдығы келе жатыр. Осылардың барлығын толайым табыстармен қарсы алу біздің парызымыз.

Раушан Нұғманбекова                      

Сурет автордыкі.

Семей