Қаржы • 16 Қаңтар, 2018

Экономикалық өсім – ел игілігі

1152 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен аптаның соңында Үкімет отырысында еліміздің 2017 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы, респубикалық бюджеттің атқарылуының алдын ала қорытындысы қаралды. Алқалы жиында айтылғандай, былтыр ел экономикасындағы өсім көлемі 4 %-ды құраған. 

Экономикалық өсім – ел игілігі

 

Экономикадағы тұрақты өсім әлеуметтік салаға да ықпалын тигізгені байқалады. Мәселен, өткен жылдың алғашқы 9 айында жалдамалы жұмыскерлер саны 53,1 мың адамға артып, бас-аяғы 6,4 миллион адамға жетіпті. Соның арқасында жұмыссыздық деңгейі 5 пайыздық көрсеткіштен көтерілген жоқ. Экономикалық өсімге серпін берген басты салалар қандай? Оған қандай факторлар ықпал етті? Осы тектес сауалдарға қатысты сарапшылардың пікірін ұсынғанды жөн көрдік. 

Әлемдегі оң өзгерістер игі ықпалын тигізді

Қуаныш БЕЙСЕНҒАЗИН,
Экономикалық зерттеулер институты Макроэкономикалық зерттеулер орталығы директорының орынбасары:

– 2017 жылдың қорытындысы бо­йынша, еліміздегі жалпы ішкі өнім көлемі 4 пайызға өсті. 4 пайыздың жарты­сынан көбін шикізат өндірісі мен өңдеу өнеркәсібі қамтамасыз етті. Өт­кен жылдың қыркүйек айында «Қаша­ған» кенішінің игеріле бастағаны өндірістің өсуіне ықпал еткен маңызды факторлардың бірі болғаны байқалады. Наурыз айында «Қашағаннан» өнім алу көлемі жоғары көрсеткішке жеткені белгілі, экономиканың өсуіне бұл біршама серпін берді.

Мұнай өңдеу өнеркәсібі мен металлургия саласы да қарқынды түрде дамып келеді. Осы айтылған үш сектор бүгінде бүкіл өндірістің 80 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Сауда-саттық пен көлік саласы да экономикалық өсімге негіз болғанын атап өту керек. Ел экономикасының өсі­мін­дегі ауыл шаруашылығы мен құрылыс саласының үлесі 10 пайыз шамасында.

Жалпы, экономиканың ахуалын ұсы­ныс пен сұраныс тұрғысынан қарастыруға болады. Оған үй шаруашылықтары, мемлекет, бизнес және сыртқы әлем сынды төрт агент қатысады. Осы төртеуінің де алатын орны зор. Өткен жылы оған сыртқы әлемнің қосқан үлесі ерекше. Экспорттың үлесінен импорттың көлемін алып тастағанда қалатын көрсеткіш таза экспорт саналады десек, таза экспорттың рөлі зор. Әсіресе, Қазақстан сияқты мұнай-газ өнеркәсібі дамыған ел үшін. Өткен жылдың қазан айынан бастап мұнайдың бағасы 60 доллардан асты, жыл бойы 50 доллардан жоғары болып тұрды. Алдыңғы жылмен салыстырғанда 23 пайызға өсті. Соның арқасында отандық мұнай өнеркәсібі біршама дамыды, оған қоса шикізат экспортында жақсы көрсеткіштер тіркелді.

Инвестициялық капитал да айтар­лықтай өскенін байқауға болады. Оған қатысты жылдың толық қоры­тын­дысы әзірге жоқ, қазан айындағы дерекке сүйенсек 5,7 пайызға өсіпті. 2016 жылдың осы кезеңінде ол 4,7 пайыз­ға өскен еді, демек, ілгерілеу бар. Кәсіп­керлік сек­тор­дағы оң өзгерістер мен тұ­рақ­­ты­лықтың арқасында 9 ай ішінде Қа­зақ­­станға 15,7 миллиард доллар инвестиция тар­тылғанын жетістік деп бағалаған жөн.

Сауда саласындағы өсім бірінші кезекте несиелендіру жұмыстарының жолға қойыл­ғанымен байланысты. 2015-2016 жылдары несие беру тоқырап қалса, өткен жылдың наурыз айынан бастап несиелендіру қарқын алғанын көрдік. Соның арқасында сауда-саттық көлемі де ұлғайды.

Сауда секторы азық-түліктік және азық-түліктік емес деп бөлінетіні белгілі. Бір айта кетерлігі, сауда секторында азық-түліктің үлесі екіншісімен салыстырғанда артық екен. Бұл негізі онша дұрыс үдеріс емес. Себебі бұл халықтың ақшасының көпшілігі азық-түлікке жұмсалып жатыр деген сөз. Оған керісінше, азық-түлікке жатпайтын тауарларды сату-сатып алу үлесі азайып бара жатқаны байқалады.

Экономикалық өсімге сыртқы процестердің тигізген ықпалы айқын сезілді. Атап айтар болсақ, Ресей рецес­сия­дан шықты, Қытай 2017 жылы жос­пар­дағы 5 пайыздық өсімнің орнына 5,7-5,7 пайыздық нәтиже көрсетті. Осы фак­торлар біздің экономикамызға да оң ықпалын тигізді. Қазір дүниежүзі бойынша инвестициялық ағымдар қайта жанданып, оның көлемі ұлғаюда. Біз вакуумде өмір сүріп жатқан ел емеспіз, жаһандық экономиканың құрамдас бөлігі болғандықтан Ресей, Қытай елдеріндегі, Еуропадағы оң ахуалдар бізге де жағымды әсерін тигізіп жатыр.

Сыртқы сауда көлемі ұлғайды

Нұрлан ҚҰЛБАТЫРОВ,
«Сауда саясатын дамыту орталығы» АҚ бас директорының орынбасары:

– Қазақстанның сыртқы саудасының көлемі 2017 жылдың 11 айындағы көрсеткішке сүйенсек 69,5 млрд долларға жуықтады. Бұл алдыңғы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,1 пайызға артық көрсеткіш. Яғни өткен жылы экспорт 31 пайызға, импорт 15 пайызға өскен.

Жалпы, Қазақстанның сыртқы сау­дадағы басты әріптестеріне Ресей, Қытай, Италия, Нидерланд, Франция, Швейцария, Өзбекстан, Германия, Түркия, Испания сынды мемлекеттер жатады. Көршілес Ресей және Қытай экономикаларымен қарым-қатынас мықты дамығаны белгілі. Осы он мемлекеттің ішінде соңғы уақытта Өзбекстанмен арадағы сауда қатынастары кеңігенін ерекше атап өтуге болады. Өткен жылы Өзбекстанмен өзара сауда-саттықта экспорттың үлесі 30 пайызға ұлғайса, импорт көлемі 27 пайызға жуық көбейіпті.

2017 жылы жүзеге асқан ірі сауда-эко­но­ми­калық қарым-қатынастар аясындағы оқиғалардың қатарында Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтерінің арасындағы «Жол картасын» атап өтуге болады. Екі ел арасындағы шекарадағы фискалдық-әкімшіліктендіруге, вете­ри­нарлық, са­ни­тар­лық-эпидемиологиялық бақы­лау­ларға байланысты мәселелердің барлығы екіжақты шешімін тапқаны белгілі.

Сыртқы сауда айналымына тоқтал­ғанда еліміздің транзиттік әлеуеті туралы айтып өткен жөн. Мәселен, «Батыс Еу­ропа – Батыс Қытай» транзиттік көлік дә­лі­зі нәтиже бере бастады, яғни тран­зит­тік тасы­мал көлемі біршама ұлғайды. Ақ­тау теңіз порты, «Қорғас» құрлық порты ар­қы­­лы контейнерлік тасымал көлемі артты.

2017 жылдың тағы бір үлкен жетіс­тіктерінің бірі – Қазақстан Респуб­ли­­ка­сының аясында, Еуразиялық эконо­ми­калық одақ аясында жаңа Кеден кодек­сінің биылғы жылдың басынан күшіне енуі. Соның арқасында «бір терезе» қағи­дасы бойынша көрсетілетін кедендік қыз­меттер қатары артты. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен арадағы тауар айналымында оң өзгерістер бар.

 Өткен жылы Үкіметте қабылданған «Ұлттық инвестициялық стратегия» және «Ұлттық экспорттық стратегия» да бір-бірін толықтыратын, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыратын, бірінші кезекте көршілес елдермен қарым-қатынасты кеңейтуге ықпал ететін маңызды құжат болды. Бұл стратегиялар жаңа нарықтарға шығуға да әсерін тигізуге тиіс.

Дайындаған

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»