Қазақстан • 18 Қаңтар, 2018

«Тәуелсіздік дәуірі» – ұлы дәуір шежіресі

7439 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жаңа шығар­машылық еңбегінің «Тәуелсіздік дәуірі» деп аталуының өзі-ақ ғасырларға тән ұлы қозғалыс, ұлы істердің  ауқымын  қамтып тұрғанына кітаптың әр бөлімін, тарауларын оқыған сайын көзің жетіп, тереңдеп, ерекше  әсерге кенелетінің анық. 

«Тәуелсіздік дәуірі» – ұлы дәуір шежіресі

Әрбір тарауды сараптағанда көптеген оқиғалар көз алдыңа келеді. Сол кездегі, сол сәттегі Президенттің сөйлеген сөздері, қабылдаған шешімдері туралы оқығанда «иә, солай болып еді-ау», деп, соларға куә болғаныңды, тіпті кейбіріне өзің қатынасу мүмкіндігіне ие болғаныңды сезінгенде жұмыр басты пенде ретінде шүкіршілік етіп, тәубе дерсің.

Кітаптың алғысөзі автордың «...біз әлемге және болашақ ұрпаққа тәуелсіз Қазақстан атты жасампаздықтың ұлы жемісін ұсына алдық. Сол себепті бұл кезең біз үшін Ұлы дәуір» деген тұғырлы тұжырымды түйіннен басталады.

Кітап авторы жаңа дәуірдегі жаңа мемлекеттің іргетасын қалап, шаңырағын көтеріп, ішкі-сыртқы салтанатын қа­лып­тас­тырып, маңдай терін төгіп, қайратын, еңбегін аянбай ел игілігіне жұмсап жүрген Қазақ мемлекеттігінің Тұңғыш Прези­денті, Елбасы болғандықтан оның баянына ықылас өте жоғары, қызығушылық орасан. Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекет құру ісін, кітаптағы саяси-қоғамдық, ресми кездесулер мен келіссөздерді, саяси халықаралық өте жоғары дәрежедегі тарихи оқиғалар­дың өзін адамға жақын сезім, тілмен баяндап, оқушысымен емін-еркін әңгімелесіп отырғандай етіп кез келген жанға түсінікті тілмен жазады. Кітап тарауларына бойлап оқыған адам сол шешімдер мен ойларға, пікірлерге өзі де қатынасып, тарихи кезең­дер мен оқиғалардың ортасында жүргендей әсер алары таңғаларлық емес. Елбасы бес жүз беттік қорғасындай салмақты кітабының өне бойына халқына сүйеніп, президенттік өкілеттігін сәтті атқаруында халқына жүгініп отырудан жазбайды, жаңыл­майды.

Тәуелсіздігімізге дейінгі бұ­рын­ғы Одақ құрамында болып, бүкіл тыныс-тіршілігіміз – атап айтқанда саяси, экономикалық жүйені, өңірлерді, өнеркәсіп салаларын басқарушылық қа­рым-қатынастарымыз түгелдей Мәскеуге, Орталық билікке бағы­нышты болған заманды көріп, басынан өткізген аға ұр­пақ өкілдері үшін жаңа, өз билі­гі өз қолына көшкен еркін, жасам­паз дәуірде өмір сүру бақы­ты­ның құны өлшеусіз. Сондық­тан да біз көп жағдайда екі дәуір мүмкіндігін салыстырып сөйлеуіміз табиғи әрі қажет деп санаймыз. Ол әсіресе жас ұрпақ үшін, олардың тәуелсіздік құнын, қадірін тереңірек түсініп, көзінің қарашығындай сақтап жүруі үшін керек болар.

Мәселен, бұрын Астанадай жаңа келбетті қала салуға Мәскеу ешқашан келісім бермес еді. Тек соңғы 10-15 жыл көлемінде Қазақстанда 1 600-ге жуық денсаулық сақтау, 1 400-ден астам оқу, білім нысандары салынды. Бұл – бұрынғы осы уақытпен салыстырғанда он есе артық.

 Бұл жай цифрлар емес – бар мәселе рұқсат пен шешім, қар­жыға иелікте. Сондай құры­лыс нысандарын салуға Одақ­тық мемлекеттік жоспарлау коми­тетінің рұқсатынсыз ешнәрсе де жасай алмас едіңіз.

Осы сияқты ең бастысы – рес­публика, облыс, аудан көлемінде партия, совет органдарының бірінші басшылары, өнеркәсіп саласының ірі кәсіпорындары басшыларының қызметке бекі­тілуі, босатылуы түгелдей Мәс­кеу­дің құзырында болатынын еске түсірсек те көп нәрсенің байы­бын түсінуге жеткілікті болар деп ойлаймын.

Сол сияқты Кеңес дәуірінде біздің өзімізде сыртқы саясат жүргізуге мүмкіндік болмайтын, ол Мәскеудің басымдық құзыры еді. Тек сыртқы саясат емес, ішкі саясат түгел, республикалық, жер­гілікті басқару жүйесі, оқу, білім, дүние­таным, мәдениет, транс­­порт, қорғаныс мәселелері тү­гел­­дей Мәскеудің бақылауында болды.

Дүниежүзілік қоғамдас­тыққа мүше болып, өзіндік сыртқы саясат жүргізуіміз – тәуелсіздігіміздің ең маңызды жетіс­тігі, мемле­кеттіліктің ай­шықты көрінісі.

Нұрсұлтан Назарбаев тәуел­сіз­дігімізді жария еткен алғаш­қы сәттен бастап екі тізгін, бір шылбырды тең ұстап, елдің ішкі жағдайы мен сыртқы саясатын дүниежүзілік қоғамдастықпен сауатты әрі ұтымды қарым-қаты­наста қалыптастыруға ерекше мән берумен келеді. Президент өзінің жаңа туындысында Қазақ­станның халықаралық қарым-қатынасының жағдайына мей­лінше кеңінен тоқталып, еліміз үшін тарихи маңызды оқиғаларды орынды еске алыпты.

Президент еңбегінің әр бөлімі, әр тарауы жеке-жеке бір кітапқа мазмұн мен тақырып боларлық. Бірінші бөлім «Мемлекетіміздің дүниеге келуі. Қазақстанның бірін­ші жаңғыруы» деп аталып, оқырманын салғаннан баурап алып, аласапыран қарама-қай­шылыққа толы өткен ғасырдың 90-жылдарының басына жетелейді. Жаңа дәуірдегі жаңа мемлекеттігіміздің неден бастау алып, қандай жағдайда өзінің іргетасын қалап, шаңырағын көтергені – әрине кімді болса да қызық­тырмай қоймайды. Біздің Пре­зидентіміз де сол тағдырлы кезеңге оған дейін жас кезінен сол кездегі Одақ көлемінде ең ал­дыңғы қатардағы өнеркәсіп орыны саналатын Қарағанды металлургия комбинатының металлург жұмысшысы болып, суарылған болаттай шыңдалудан өтіп, қала, облыста комсомол, партия, саяси қызметтерін абыроймен атқарып, республика көлемінде өнеркәсіп, қаржы, экономика, әлеуметтік салаларды басқару мектебін игеріп, бірінші басшы дәрежесіне көтеріліп еді. Кітап авторы өзі жазып, сараптап отырған жылдар­дың қайнаған қазанымен бірге қай­насып, еліміздің тұтқасын уысынан шығармай шымыр қуатпен ұстап, «Қазақстан» кемесінің желкенін желге жыртқызбай, тұлпарының жал-құйрығын ит-құсқа жұлғызбай қырағылықпен әрі әлемдік додада шаң қауып қалмайтындай біліктілікпен басқара алғанының нәтижесінде халықтың мызғымас сеніміне ие болды. Алғашқы тарауда-ақ сол кездегі алаң көңіл кезеңнің кейбір маңыздыларын еске түсіріп жазған Президент төмендегідей ой түйіндейді: «...Сол жылдардың аласапыран оқиғалары біз үшін ащы да маңызды сабақ болды. Өз заманындағы құдіретті державаның күрт құлдырауы­ның себептерін түсінген және кеңес­тік басшылықтың тактикалық қателіктерін талдаған біз КСРО-да болған оқиғалардан маңызды сабақ алдық. Сол сабақтар Қазақстаннан шыққан көптеген қиындықтарды жеңуімізге көмектесті. Ол кездегі республика өнеркәсібінің дені (93 пайызы) орталыққа бағыныш­ты болғанын айтсам да жеткі­лік­ті болар. Демек кеңестік экономика құлдырауының зардабын қазақстандықтар толығымен бастан өткерді». (Н.Назарбаев. Тәуелсіздік дәуірі. 25-26 бет. Астана. 2017 жыл).

Сондай-ақ Елбасы еңбегінің айрықша құндылығы – жоғары­дағыдай сараптамалар арқылы жаңа мемлекет құру негіздері мен жолдары туралы нақты мағ­лұматтар мен дәл уақытында жасал­ған іс-қимыл, тиімді әре­кеттер мен шешімдер туралы баян­даулары. Мемлекеттік тәуел­сіздігімізді жария­лау, бір­ден мемлекеттік құзыр­лы құры­лым­­дарды жасақтап, олар­дың жұмысын қамтамасыз ету сияқты өте күрделі жұмыстардың қалай жүзеге асырылғаны туралы тарихи деректер, соларға кітап ав­торының Мемлекет басшысы ретін­дегі көзқарасы мен бағасы – сөз жоқ, тарихымыздың айрықша құндылықтары.

Мемлекеттіліктің ең алғы­шарт­ты қажеттілігі әрі мемлекет қыз­­метін қозғалысқа түсі­ріп, ел­дің тыныс-тіршілігін қамта­ма­сыз ете­тін басқару жүйесі – би­лік мәсе­лесі, атап айтқанда Пре­­зи­­дент­­тік басқару, Парла­мент, Үкі­мет, Сот билігін қалып­тас­­тыру шара­лары тарихи дерек не­гізінде сабырлы, парасатты байып­тылық­пен бірқалыпты тұжы­рыммен жазылған.

Ел басқару ісінде тарихымызда тұңғыш рет президенттік бас­қару институтының қалыптасу про­цесі де, Президент лауазымының халықтың қалтқысыз толық сені­­міне ие болып, беделінің биік бол­ғаны да айқын көрінеді.

Үлкен шығарманың бар­лық тараулары билік тарапынан қандай шаралар жүргізілсе де ол халық мүддесі үшін жасала­ты­ны әрі табиғи түрде әрі мемлекет­тің негізгі мақсаты, ұлттың өсіп-өнуін қамтамасыз ету үшін жасалатынына тұтастай маңыз беріліп отырады.

Кітаптың бірден-бір қызықты тарауы «Сыртқы саясат: тыңға түрен салғандай...» деп аталыпты. Шын мәнінде әлемде болып жатқан әртүрлі оқиғалар мен құбылыстар туралы ақпаратты оқып, біліп хабардар болу бір басқа да, сол аласапыран, ерсілі-қарсылы қатынастардың бел ортасында өз ұстанымыңмен жүре біліп, өзіңе, мемлекетіңе бедел жинай алу мүлдем басқа дүние екенін сол қатынастарға араласа алған тұста білерсің. Автордың естелік жолдарына ден қояйық: «...КСРО-ның ыдырауы жаһандық және аймақтық деңгейде түрлі зардаптар туындатты. Посткеңестік кеңістікте қарулы жанжалдар пайда болды...

...Қазақстанның өз ішіндегі және одан тысқары аймақтағы түрлі күштер арандату әрекеттері арқылы қазақстандықтар­ды бір-бірімен ғана емес, сондай-ақ көр­шілермен де жанжалдастыруға тырысты. Кеңестік дәуірдің ауыр мұраларының бірі – Қазақстан үшін көрші мемлекеттермен аумақтық дау-дамай болатын». (Н.Назарбаев. Тәуелсіздік дәуірі. 87-бет).

Міне, осындай жағдайда Елбасы тіпті біз тәуелсіздігімізді ресми түрде жариялаған күннен бұрын алдын ала көптеген шаралар қарастырылып, нақты істер ат­қарылғанын төмендегідей баян­дайды:

«...1991 жылдың өзінде (яғни 16 желтоқсанға дейін. – Қ.С.) біз Қазақстанды жігерлі түрде әлемге таныта бастадық. Сол кезде мен АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкермен, Ұлыбританияның премьер-министрі Джон Мейджермен, Австрия канцлері Франц Вра­ницкиймен, Германия саясат­керлері – вице-канцлер, сыртқы істер министрі Ганс-Дитрих Геншермен және қаржы министрі Теодар Вайгельмен, Австра­лияның және Иранның сыртқы саясат ведомстволарының басшылары – Гарет Эванспен және Али-Акбар Велаятимен, Сингапур премьер-министрі Ли Куан Юмен, Мәскеуде аккредиттелген АҚШ, Ұлыбритания, Қытай, Болгария, Мексика және басқа елдердің елшілерімен, сондай-ақ шетелдік бизнес өкілдерімен кездестім. Мен Мемлекет басшысы ретіндегі өзімнің ресми сапа­рымды Түркиядан және Ұлыбританиядан бастадым». (Н.Назарбаев. Тәуелсіздік дәуірі. 88-89-беттер. Астана. 2017).

Елбасы­ның осы тұрғыдағы есте­ліктеріне қарап, қарымды жұмыс­тар­дың қандай жігер­мен ат­қа­ры­лғанын оқырманы еркін аңғарады.

Сондай маңызды оқиғалардың ең ірілерінің бірі – Семей ядролық-сынақ полигонын жабумен байланысты екені де айтылып келеді. Сол полигонды жабуға байланысты күрмеуі қиын қаншама күрделі келіссөздер жүргізіл­гені туралы Нұрсұлтан Әбішұлы ертеректегі еңбектерінде жаз­ған-ды. Көп жағдайда, әсіресе халықаралық қатынастар туралы әңгімеде белгілі бір мәселе бо­йынша келісімге келіп, құжатқа қол қойылған күндер және мемлекет атаулары ғана аталып, жария етіледі.

 Ал оған дейінгі қыруар жұмыс айтыла бермейтіні де белгілі. Семей полигонын жауып, ядролық зымыран қондырғыларын жою арқылы Қазақстанның таяу және ұзақ мерзімге дамуына қандай шарттар жасасуды мақсат еткені туралы айқын жазылған.

Сол тұста қоғамда ядролық қаруға неге өзіміз ие болмаймыз деген сұрақ көтерілген. Пре­зи­дент осы бөлімде: «... мұн­дай стратегиялық шешім үшін Қазақстан не алады?...» деп сұрақ қойып, соған нақты жауап беріпті. Сондай-ақ сол кез­дегі тарихи сәт, ұзақ мерзімге тари­хи құжат қабылданғанын төмендегідей баяндайды: «(...1994 жылдың 5 желтоқсанында Будапештте өткізілген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ)) саммитінде Қазақстан, Ресей, АҚШ және Ұлыбритания басшылары Ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімге қосылған елдердің қауіпсіздігіне кепілдік беру туралы Меморандумға қол қойды. Соңынан Қазақстанға мұндай кепілдікті Франция мен Қытай сияқты басқа да ядролық мемлекеттер берді. Бұл әлемдік қауымдастықтың Қазақстанның өз міндеттемесін орындауын мойындайтынын және оған жауап есебінде қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығына кепіл­дік беретінін білдіретін». (Н.Назарбаев. Тәуелсіздік дәуірі. 97-бет. Астана. 2017).

Кітаптың дәл осы бөлім, осы тарауының менің көзіме ыстық көрініп, көңіліме айрықша қонуының өзіндік себебі де жоқ емес. Сол 1994 жылы мен сол кездегі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төрағасының орынбасары ретінде Нұрсұлтан Әбішұлының ұсынысымен әрі шешімімен Будапештте өт­кен ЕҚЫҰ-ның тарихи саммиті­не қатысу бақытына ие болған едім. Ол саммиттің мен үшін қымбаттылығы жоғарыда ай­тыл­ған Қазақстан Рес­пуб­лика­сының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Федерация­сы Президенті Борис Ельцин, Ұлыбритания Премьер-министрі Джон Мейджер, АҚШ Президенті Билл Клинтон қатынасып, бір үстел басына бірге жайғасып, аталған Меморандумға қол қою рәсіміне қатынасып, өз көзіммен көріп, куә болуым еді.

Менің Тәуелсіз Қазақстанның азаматы ретінде сол толқулы әрі тарихи сәтке қатынасуым шексіз қуанышты, бақытты сезінуім еді. Менің елімнің Президенті, ұлтым­ның Ұлы перзенті Нұрсұлтан Әбішұлының әлемнің ең қуатты елдерінің басшыларымен тұңғыш рет иін тіресіп, терезесі тең болып бір мақсат, бір мүддені айғақтайтын бір халықаралық құжатқа қол қоюлары еді. Бұл жалғыз менің ғана емес, сол тарихи оқиғаға қатынасу бақытына ие болған басқа да делегация мүшелерінің сезімі болған болар десем, қателеспеспін. Менің есіме сол сәтте ұлы ақын Қасым Аманжоловтың:

«...Есе тиер, енші алар

Ел болсам деп ойлаушы ем,

«Қазақпын» деп айта алар

Мен болсам деп

ойлаушы ем!..»

деген арман жолдары түсті.

Сондай дәрежедегі тең кездесулер ол кезде тұңғыш рет болғандықтан, көкірегімізді «мемлекет болдық» деген қуаныш сезімі кернегені де рас. Ал бүгін шүкіршілік, ондай алып мемлекет басшылары біздің Президентпен ықыласты түрде санасып тұратын жағдайға жеткеніміз де өздігінен келе қалмағанын ұмытпағанымыз абзал.

Менің қолымда, шаңыра­ғымның, бүкіл архив, құжат­тарымның асыл қазынасындай сол күндердің куәсі – шекесіне Нұрсұлтан Әбішұлының қолы қо­йылған екі бет атаулы Мемо­рандумның бір данасы сақталып қалыпты. Онда «Құрметті Қуаныш Сұлтанұлы! Осы тарихи құжатқа қол қойылған кездесудің куәсі болдың. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Н.Назарбаев. деп қол қойылып, 6/ХІІ-1994 жыл» деп жазылған.

Қайда жүрсе де елінің аман­дығын тілейтін Елбасының осы үйреншікті сөзі әр қазақтың жүрегінің тілеуі болар.

Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздік дәуірі туралы жаңа, деректік, тарихи естеліктері халқымыздың ұлы тарихының шежіресі, теңдесі жоқ асыл мұрасы.

Қуаныш СҰЛТАНОВ,

Парламент Мәжілісінің депутаты,

«Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі