Қазақстан • 18 Қаңтар, 2018

Елбасының АҚШ-қа сапары әлемдік БАҚ назарында

346 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстан Президентінің АҚШ-қа ресми сапары әлемдік БАҚ-та кеңінен көрініс тапқанын бұдан бұрын хабарлағанбыз. Тарихи оқиға аясындағы іс-шаралардың нәтижесі туралы жарияланымдар легі әлі жалғасуда. Солардың бір парасын ықшамдап, назарларыңызға ұсынамыз.

 

Елбасының АҚШ-қа сапары әлемдік БАҚ назарында

Қазақстан Boeing ұшағын сатып алып, GE локомотивтерін құрастырмақ - The New York Times

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың бірнеше компания­сы­мен 7,5 млн доллар тұратын келісім­шарт­тарға қол қойды. Оның ішінде Орта­лық Азияға жолаушылар ұшағын тасымалдау мен Қазақстанда локомотив құрастыру ту­ралы келісім де бар. 

«Келісімшарт бойынша біз Boeing-тен ұшақтар алып, General Electric ком­па­ниясының локомотивтерін Қазақ­стан­да құ­рас­тыратын болдық», деді Нұр­сұлтан Назарбаев Ақ үйде Дональд Трамп­пен кездесу кезінде. 

Қазақстан Президентінің айтуынша, ауыл шаруашылығы секторына инвести­ция тарту бойынша да бірнеше жоба қарас­ты­рылған. 

Трамптың Қазақстан Президентімен кездесуі не үшін маңызды? - The Heritage Foundation

Ақ үйде Дональд Трамп Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кез­дес­ті. Бұл – олардың екінші рет кездесуі. 

АҚШ 1990 жылдан бастап Қазақ­стан­мен жақсы қарым-қатынас орнат­қан. Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми сапары ба­рысында АҚШ-тың Орталық Азияның геосаясаты мен экономикасын назарда ұстайтыны байқалды. 

АҚШ-тың Ауғанстандағы террориз­мге қарсы күресінде Орталық Азия ма­ңызды рөл атқарады. Бірақ Барак Обама ке­зінде Американың Орталық Азия­мен байланысы әлсіреді. Енді АҚШ ай­мақпен стратегиялық қарым-қатынасты ны­­ғайтқысы келеді. Ал Нұрсұлтан Назар­б­аевтың Ақ үйге келуі – бұл мақ­сат­­ты жүз­еге асыру үшін таптырмайтын мүм­кіндік. 

Қазақстан – Еуразия жүрегінде орна­ласқан, экономика, қауіпсіздік, терроризм­мен күрес, энергетикалық мәселелер бойы­нша Орталық Азиядағы көшбасшы мем­лекет. Ал Америка Орталық Азиямен, оның ішінде Қазақстанмен әріптестіктің ма­ңызды екенін біледі. 

Қазақстан Сирия бойынша Астана процесі келіссөздерін өткізіп, қантөгісті тоқтатуға тырысты. Бұл – өте үлкен еңбек және басқа мемлекеттерге жақсы үлгі бо­лар­лық әрекет. 

АҚШ Қазақстанмен әріптестікті да­мы­туға мүдделі. Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-қа сапарының маңы­зы зор. 

Нұрсұлтан Назарбаев Трампты Қазақстанға шақырды - XinhuaNet

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақ үй басшысы Дональд Трамп­пен кездесіп, екіжақты әріптестікті ны­ғайту туралы сөйлесті. Кездесу бары­сында Ауғанстан мәселесі туралы айты­лып, Солтүстік Кореяның ядролық қаупі сөз болды. Кездесуде Нұрсұлтан Назарбаев Дональд Трампты Қазақстанға шақырды. 

Дональд Трамп Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық ететінін атап өтіп, Нұрсұлтан Назарбаевпен ха­лық­аралық проблемаларды талқы­ла­ға­нын айтты. Сонымен қатар екі мемлекет ХХІ ғасырдағы кеңейтілген стратегиялық әріп­тестік туралы бірлескен мәлімдеме жа­сады. 

Айта кету керек, АҚШ пен Қазақстан ара­сындағы сауда айналымы 2016 жылы 1,9 млрд долларға жетті. Сондай-ақ кез­де­су барысында Дональд Трамп пен Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық бай­л­а­ныстарды нығайта түсу керектігіне то­қ­талды. 

7,5 млн долларға жасалған келісімшарт негізінде енді Қазақстан Орталық Азияда алғаш рет Boeing 737 MAX 8 ұшағын алады. Сонымен қатар Air Astana ұлттық әуе компаниясының 2021 жылы Boeing 787 Dreamliners ұшағын алуды жоспарлап отырғаны айтылды. ҚТЖ мен General Electric 900 млн доллар тұратын екі келісімшартқа отырды. АҚШ пен Қазақстан цифрлы инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, қаржы, космосты игеру мен денсаулық сақ­тау салалары бойынша да әріптестікті нығайтуға келісті. Сондай-ақ АҚШ – Қазақстан тікелей әуе рейсін ашу да жо­с­пар­ланғаны айтылды. 

Дайындаған
Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»