Әлем • 20 Қаңтар, 2018

Татар инженерлері «көшпелі қонақүй» ойлап тапты

207 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Татар инженерлері "көшпелі қонақүй" ойлап тапты, - деп хабарлайды Qazaqstan телеарнасы.

Татар инженерлері «көшпелі қонақүй» ойлап тапты

Телеарна тілшілерінің мәліметінше, қалаға да, далаға да апарып орнатуға болатын бұл үйлерде 1 айға дейін өмір сүруге қажетті дүниенің барлығы бар екен. АТОММ - яғни, автономды модуль деп аталатын бұл жоба табиғат аясында демалғысы келетін туристер үшін жайлы мекен болғалы тұр.

Құрылысы бойынша бұл туристерге арналған автономды модуль. Қонақүйді кез келген жерге апарып, жарты сағаттың ішінде орнатуға болады.

Ендігіде қазандық инженерлер ойлап тапқан бұл жаңалықтың арқасында шағын қалалардағы қонақүй тапшылығы мәселесін шешуге болады. Яғни, белгілі бір ауқымды шара өткізетін шаһарда қонақүй жетіспесе, осы модульдерді қаз-қатар қойып, қонақтарды қабылдай бересіз. Бастысы, бұл туризм саласы үшін таптырмайтын дүние. Себебі, оны түрлі демалыс орындары мен құрылыс салуға тыйым салынған жерлерге апарып қоюға болады.

Жобаның жетекшісі Анвар Камалов бұл модульдің толықтай автономды режімде жұмыс істей алатынын айтады. "Айдалаға апарып қойсаңыз да, ол өзін-өзі су, жарық және жылумен қамтамасыз етеді. Мәселен, электр энергиясы Күн батареялары арқылы өндіріледі. Ал тұрмысқа қажетті су алдын ала құйылады. Оның көлемі бір айға дейін жетеді", - дейді Камалов.

"Бұл жоба өте қызық екен. Мәселен, шетелдік туристер табиғат аясында демалғысы келеді. Алайда, ол жерлерде ешбір инфрақұрылым болмайды. Оны салу үшін қыруар қаржы керек. Ал, мұндай модульдердің бірнешеуін өзеннің, көлдің жағасына қоя салса, анағұрлым арзан болар еді", - дейді өз кезегінде конвенш бюроның директоры Иван Кадошников.

2-3 адамға арналған бұл қонақүйдің көлемі небәрі 19 шаршы метр. Есесіне, инженерлер оны барынша тиімді пайдалануға тырысқан. Осылайша, мұндағы шағын-шағын 3 бөлменің заманауи қонақ үйден еш айырмасы жоқ.