Қысқы спорт • 21 Қаңтар, 2018

Алексей Полторанин әлем кубогы кезеңінде топ жарды

255 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин Словенияда өтіп жатқан әлем кубогы кезеңінде жеңімпаз атанды.

Алексей Полторанин әлем кубогы кезеңінде топ жарды

Алексей Полторанин классикалық әдіспен 15 км қашықтықта мәреге бірінші болып жетті. Екінші орын алған норвегиялық Йоханнес Хоэсфлёт Клэбо Алексейден 13,2 секундқа қалып қойды. А.Полтораниннен 42,8 секундқа кейін келген швециялық Калле Хальварссон үздік үштікке жайғасты.

Отандасымыз осымен қысқы Олимпиада қарсаңындағы маусымдық жарыстарда төртінші рет жүлдеге ие болды. Осыған дейін ол 17 желтоқсан күні Италияның Тоблах қаласында әлем кубогы кезеңінде 15 км қашықтықта классикалық тәсілмен ізге түсіп жарысуда үшінші орын алса, Ленцерхайдеде (Швейцария) «Тур де Ски» кезеңінде классикалық әдіспен 15 км қашықтықта жүгіруде күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ Италияның Валь-ди-Фьемме қаласында 6 қаңтар күні «Тур де Ски» кезеңінде 15 км қашықтықта классикалық әдіспен чемпион атанған еді.