Қазақстан • 22 Қаңтар, 2018

Қазақстан тарихшыларының V ұлттық конгресі өтті

501 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­ситетінде Қазақстан тарихшыларының V ұлттық конгресі «Н.Ә.Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» еңбегі және отандық тарих ғылымының міндеттері» деген тақырып аясында өтті. 

Қазақстан тарихшыларының V ұлттық конгресі өтті

Қазақстан тарихшылары ұлттық кон­гресінің төрағасы, Ұлттық ғылым ака­де­миясының академигі Ерлан Сыдықов: «Мем­лекет басшысының халыққа Жолдауы бізді Қазақстан жолы аясында одан сайын топтас­тыра түскендей. Бағыт – айқын, іс-шаралар бағдары да белгіленді. Соның ішінде адами капиталға жауапты білім-ғылым саласының мойнындағы жауапкершілік нақтыланды. Жолдауда Елбасы рухани жаңғыруды да, Тәуелсіздік дәуірі құндылықтары мен қа­ғи­даттарын да жеке-жеке жүйелеп айтты. Бәрі­мізге міндеттер жүктеді. Мем­лекет басшысының жаңа кітабы – қоғам, әсіресе, тарих­шылар қауымы жылы қабылдаған іргелі еңбек. Тарихшылардың ұлт­тық конгресінің бүгінгі мақ­саты – аталған еңбектің білім жүйесіне қажетті әдіс­на­малық, әдістемелік негіз­дерін қарастыру», деп тарихшылар конгресі алдына бірқатар міндеттер қойды.

– Тәуелсіздік жеңісі мен жемісі Елбасы есімімен тығыз байланысты. Ендеше, Нұрсұлтан Назарбаевтың – жаңа мемлекет негізін қалаушы және Елбасы ретіндегі ерен қыз­метін әлемдік саяси лидерлер қатарында зерттеуді жаңа сатыға көтеру қажет. – Президенттің жаңа кітабында Тәуелсіз Қазақ­стан жолын әлемдік өрке­ниет үдерісі арнасында зерделеудің жаңа әдісна­ма­лық түбірі түзілген. Мамандар осыны жаңа зерттеулердің тұғыры етіп алуы тиіс. – Мемлекет бас­шы­­сы­ның аса маңызды бас­та­­ма­лары мен идеялары бар­лық деңгейдегі білім меке­мелерінің оқу үдері­сіне енгізілгені жөн. – Рухани өрлеу мен жаңғы­руға тікелей ықпал ететін білім және мәдениет жүйесі «Тәуел­сіздік дәуірін» темірқа­зық етіп алуы қажет. – Елба­сы еңбегінің не­гі­зінде жоғары, арнаулы, ор­та мек­теп оқулықтарының мазмұ­нын сапаландыру керек.

Жиында сөз алған баяндамашылар Елбасы ең­бе­гінің құндылығына баса назар аударып, еліміз­дің тарихына қосар үлесін тарқатып айтты. Соны­мен қатар іргелі еңбектегі деректер мен дәйектер­ге де тоқталған Прези­дент архивінің директоры Борис Жапаров «Тәуел­сіздік дәуірі» кітабы – Елбасының Қазақстанның жүріп өткен жолын саралауы, ұлттың болашағы, мемле­кет дамуының келешегі, тұрақты дамуға бағытта­л­ған «қазақстандық үлгінің» жаңа толысулары тура­лы ой-толғаулары. Қазақ­стан аз ғана уақытта постке­ңестік аласапыраннан өзінің экономикалық және әлеуметтік құндылықтары бар қоғамға айналуға серпіліс жасап, халықаралық аренада мемлекеттің жағымды беделін қалыптастырды, ғаламдық геосаясаттың толық құқылы және белсенді мүшесіне айналды. Бұл тарихи тағдыршешті оқиғалар келешек ұрпаққа тарихи құндылығымен баға жетпес архив құжаттарында сақ­талған», деді. 

Ал Ш.Уәлиханов атын­дағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов елор­дамыз – Астананың жасам­паздығы мен негізгі миссия­сына тоқталып, «Соңғы екі ғасыр мен екі мың­жыл­дықтың тоғысында Қа­зақстан әлемде алғаш­қы­лардың бірі болып жаңа астанасын салды. Кітапта Елбасы Астана қаласына да ерекше тоқталып, қала­ның қалай салынғанын, гүлденгенін, әлемнің ең әдемі шаһарына айналғанын, бас қаламыздың басты миссияларын анықтап, оқырманға байыпты түрде жеткізеді. 1997 жылы ұлы қоныс аудару басталды, ал бір жылдан соң Астананың ресми таныстырылымы болды. Елбасы жаңа елорданың дамуы мен өркендеуіне ерекше назар ауда­рып, үлкен қамқорлық көрсетіп отырды. Президенттің елорда туралы «Жаңа Астана өзіне өткеннің бай мұрасы мен осы заманғы ең үздік жетістіктерді үйлестіре білді. Оның көптеген нысандары қазірдің өзінде бүкіл елімізге және одан тыс жерлерге мәлім болып отыр», деп баға беруін қамқор, жанашыр тұлғаның ақжарма толғасыны деп тануға әбден болады», деді. 

«Елбасы Отанымыздың қазіргі замандағы аса күр­делі, сонымен бірге нәти­желі дамуына қатысты тарихты кезінде отандастарымыздан үлкен бағасын алған «Қазақстан жолы» еңбегінде тұжырымдады. Ал бүгінгі қалың оқырманға, оның ішінде ел болашағы жастарға жол тартқан Ел­ба­сының «Тәуелсіздік дәуірі» туындысы – еліміз­дің бүгінгі дамуын жан-жақ­ты қамтыған, өзекті тұжы­рымдар жасалған Қазақ­стан­ның қазіргі заман тари­хы. Тәуелсіз Қазақ­стан жағдайында Елбасы Н.Ә.Назарбаев азат елдің азат тарихын жасаушы һәм жазушы тұлға», деді Шә­кәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры Мейір Ескендіров.

Конгреске қатысушылар Президенттің «Тәуелсіздік дәуірі» кітабындағы негізгі қағидаттарын басшылыққа ала отырып қоғамдық сананы жаңғыртуды және ұлттық рухани өрлеуді нақты жүзеге асыру, ұлттық кодты қайта өрістету, қасиетті орындар бағытындағы зерттеулерді, өлкетану мен архив жұмыс­тарын күшейту және отан­дық тарих ғылымы мен білімін дамыта жетілдіру мақсатында жалпы ғылыми және қолданбалық-бағыт­тама ұстанымдарын келіс­тіре қарар қабылдады. Онда «Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың «Тәуел­сіздік дәуірі» кітабын мек­тептерде, колледждерде және жоғары оқу орын­дарында міндетті оқыту жүйесіне енгізу; «Қазақстан­ның қазіргі заман тарихы» оқулықтарының авторларына аталған кітап бо­йынша дербес параграфтар қосуға ұсыныс жасау; Президенттің жаңа кітабын БҰҰ тілдеріне аударуға ұсыну; Ел тұрғындарының барлық әлеуметтік топтарына аталған кітапты оқытып-игерту, насихаттау және оның теориялық мағынасын түсіндіру мақсатында үкіметтік емес ұйымдарға әлеуметтік жобалар беруге ұсыну; шетелдерде бұл кітаптың тұсаукесер рәсім­дерін өткізу» сияқты бірне­ше ұсыныстар мен жобалар қарастырылды. 

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген
Ербол ТОҚТАҒАЗЫ

Соңғы жаңалықтар