Медицина • 22 Қаңтар, 2018

Қоғамдық денсаулықтың маңызды мәселесі

1287 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректері бойынша әлемде жыл сайын жасөспірімдердің 10 пайызы өздеріне қол салып, соның 67 мыңға жуығы көз жұмады екен. Бүгінде бұл бүкіл әлем елдерін дабыл қақтырған ең көкейкесті мәселенің біріне айналып отыр. Алматыда бас қосқан шетелдік мамандар мен тәжірибелі психиатрлар екі күнге созылған  халықаралық конференцияда осы мәселені шешу жолдарын кеңінен талқылады. 

Қоғамдық  денсаулықтың маңызды мәселесі

Аталған басқосуды Білім және ғылым минис­тр­лігі мен Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен БҰҰ Балалар қоры (ЮНИСЕФ), отандық «Bilim Foundation» қоры, Республикалық психикалық денсаулық ғылыми-практикалық орталығы және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті бірлесе ұйымдастырған. Ба­ла­лар мен жасөспірімдердің пси­хикалық денсаулығын нығайту мен өмірлік дағдыларын қалыптастыруға бағытталған мұндай ауқымды шара Алматы төрінде  алғаш рет өтіп отыр.

Дүние жүзі бойынша соңғы жылдары жасөспірімдердің ғана емес, жалпы жастардың психикалық денсаулығы мәселелеріне баса назар аударылып келеді. Мамандардың айтуынша, жастарға дер кезінде көмек көрсету үшін мемлекет, қоғамдық ұйымдар мен бизнес тарапынан арнайы шаралар қажет. Дамыған елдердегі сияқты, дамушы елдерде де жастар осы психикалық дертке ұшырауда. Мәселен, табысы жоғары елдерде 11-15 жас аралығындағы балалардың төрттен бірі күніне екі не одан да көп рет әлсіреу, ашушаңдық, күйгелектену немесе ұйқының болмауы сияқты психологиялық белгілерді бастан өткереді. Егер оларға уақытында көмек көрсетілмесе, бұл белгілер одан бетер асқынып, өмір сүру сапасының төмендеуі мен суицидтік мінез-құлыққа әкеліп соғуы әбден мүмкін.

Ел Үкіметі де суицидті қоғамдық денсау­лықтың маңызды тақырыбы ретінде мойындап, жағдайды тың­ғылықты зерттеуді қолға алған. Ол үшін ЮНИСЕФ сияқты әлемдік ұйымдармен бір­лесе отырып арнайы бағдарламалар әзірлеу, халық­аралық мамандарды,  үкіметтік емес ұйым­дар мен білім беру және психикалық денсаулық саласындағы жергілікті мамандармен тығыз байланыс орнатудың маңызы зор. Бірлескен жұмыс нәтижесінде кәмелетке толмаған жастар арасында  суицидтің алдын алу бойынша қанатқақты жоба әзірленген.  Осының негізінде жасөспірімдер арасында психикалық денсаулық пен өмірлік дағдыларды қалыптастыру, суицид­тің алдын алу бағдарламасы жасалып, еліміздің бірне­ше облысында іске асқан. Нәтиже жаман емес. Мамандар жоба басталғалы 12 айдан кейін сауалнамаға қатысқан, суицид туралы ойлап жүрген жастардың 80 пайызы мұндай ойдан қайтқанын айтады.

Конференция барысында, кезінде жаңсақ ойға жол беріп, кейін бұл орынсыз әрекетінен мүлде бас тартқан жасөспірімдер де өз ойларын ортаға салды. Жобаға қатысушы 16 жасар Мария өзіне қол салмақ болғанын, алайда мектепке жаңа келген психолог маманмен сынып сағаты барысында сырласқаннан кейін  ойы күрт өзгеріп, осы ойы үшін қатты  ұялғанын айтады. «Психологпен болған ашық әрі шынайы әңгімеден кейін мен үйге келдім және өлетін уақытымды сызып тастадым. Мен өзімді жеңіл сезіндім. Сезімдерім мен отбасымда өзгерістер болды. Бір-бірімізге жақынырақ болып, көбірек көңіл бөле бастадық. Мен қазір кешкі мектепте оқимын және визажист курсын өтіп жүр­мін, болашаққа жоспарларым көп»,  дейді ол.  Жалғыз Мария ғана емес, осындай оймен бетпе-бет келген бірнеше жасөспірім жиынға қатысушылар алдында көңіліндегісін айтып, мамандарға ризашылығын білдірді.

– Бүгінгі заман талабы ерекше. Балаларымыз түрлі сынақтарға тап болып жатыр. Жасөспірім­дер пси­хологиялық тұрғыдан мықты болуы керек. Бірінші кезекте халықтың, қоғамның мен­та­литетін өзгерту керек. Балалар проблемасын ашық айтуды үйрету қажет. Қазіргі кезде пси­хиатрға барыңыз десе, бәрі қорқады, теріс қабылдайды. Бір қуанарлығы Қазақстанда өткен жылдармен салыстырғанда суицид көрсет­кіштері төмендеп келе жатыр. Осы бағытта арнайы желі жұмыс істейді. Енді балаларға ұялы телефон арқылы хабарласуға мүмкіндік бар. Өткен жылы 114 баланың өмірін сақтап қалдық. 5000-нан астам психологиялық көмек көрсетілді, – дейді Парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева.

Шет мемлекеттерден келген бі­лікті мамандар да Қазақстанның бұл тұрғыдағы тәжірибесін жоғары ба­ғалады.  Конференцияға қатысқан Халықаралық психиатриялық  ассо­циацияның президенті Афзал Джавед пен ұйымның белді маманы профессор Владимир Карли әлемдік көкейкесті проблемамен күресуде Қазақстанның ұстанған бағыты көп елдерге үлгі екенін атап өтті.

– Қазақстан жасөспірімдердің пси­хикалық денсаулығын нығайту бо­йынша жаңа әдістерді енгізу арқылы жаһандық деңгейдегі психикалық денсаулық саласына баға жетпес үлес қосты. Біз конференция мен жобаның осындай қызығушылық туғызғанына қуаныштымыз. Маңыздысы, әрбір бала мен жасөспірімге бағытталған әрекеттің зор нәтижеге алып келгені, – дейді ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі Юрий Оксамитный. 

Әлемдік психиатрлар қауым­дас­тығы мен Еуропа психиатрлары қауымдастығы аталған конференция­ны балалар мен жасөспірімдердің психикалық денсаулығын сақтау мәселелерін осы өңірде және әлемде ілгерілету бағытындағы маңызды қадам ретінде бағалады.

Қатысушылар лебізі

Марко САРКЬЯПОНЕ,
Молизе университетінің профессоры, Конференция президенті:

– Қазақстанда психикалық денсаулық саласында орасан зор жұмыс жасалып жатыр. Мен осында алты жыл бұрын келгенімде қиын болатынын, уақыт пен төзімділік қажет болатынын білгенмін. Енді міне, біршама уақыт өткеннен кейін нәтижелерін көріп тұрмын. Қазір бірге атқарып жатқан істеріміз жас баланың алғашқы қадамдары сияқты. Біз өте маңызды алғашқы қадамды жасадық. Ендігі мәселе – салмақты дұрыс үлестіру үшін және құлап қалмау үшін екінші қадамды қалай жасау керек екенін анықтау. Себебі бір аяқтап ұзақ тұру мүмкін емес. Сырқаттарды жабық институттарға тапсырмай, адамдарға көмектесу өте маңызды. Осылайша біз жұмыс жасауға болатын шеңбер құрамыз. Мен жергілікті қызметкерлердің жұмыс сапасына, біліктілігіне әбден қанық болдым, олардың өте жақсы жұмыс істейтінін айта аламын. Олар бар назарын науқастарға аударды. Біздің Қазақстанмен бірлескен жұмысымыздың мақсаты психикалық сырқаттардың алдын алу ғана емес, сонымен қоса саламатты өмір салтын ілгері бастыру. 

Нина ФЕРЕНЧИЧ,
БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілі:

– Қазақстанның бұл бағытта атқарып отырған жұмыстарының өз жемісін беріп жатқаны қуантады. Осы конференция күн тәртібіне маңызды тақырып енгізіліп отыр. Аталмыш тақырып жасөспірімдердің дамуы және жасөспірімдер, әсіресе қыздар көбінесе 15 жаста депрессия мен үрейге бой алдыратынын мойындау тұрғысынан барған сайын басым мәнге ие болып барады. Осылайша конференция Қазақстан мен шетелдік сарапшылардың тәжірибесін біріктіреді, әрі психикалық денсаулық мәселелері туралы осы диалог жасөспірімдердің жалпы аман-саулығына қосылатын маңызды үлес болып табылады. Бізге әрі қарай не істеу керек? Психикалық денсаулық және зорлық-зомбылық сынды ұғымдар арасында өзара байланыс іздеу жағынан әлдеқайда нақтырақ жұмыс жасау маңызды. 

Дан ЧЕЕЗМ,
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі:

– Осы конференцияның негізгі құн­дылық­тарының бірі тек қана депрессия туралы емес, психикалық денсаулық туралы айтатынымыз болып отыр. Бұл аса маңызды топ – жасөспірімдерге бағытталған. Бұл өте маңызды тақырып, себебі әңгіме келесі ұрпақ туралы болып тұр. Бұл кезең көптеген әлеуметтік және танымдық дағдыларымызды дамытатын өмір кезеңі. Егер адамдар осы кезеңде сүрініп кетсе, психикалық денсаулығында кінәраттар туындап, көбінесе солардың ұзақ мерзімге созылуы салдарынан өмір бойы азап шегеді. Сондықтан Қазақстанның тың тәжірибесі талайларға үлгі болуға тиіс.

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ