Медицина • 22 Қаңтар, 2018

Заманға сай жаңғыруға жетелейді

865 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасының биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы даму­дың жаңа мүмкіндіктері» Жол­дауы Қазақстан халқына айқын мақсаттар мен нақты тапсырмалар жүктейді. Мұндай мақсат-міндеттің астарында әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылу көзделетіндігі әмбеге аян.

Заманға сай жаңғыруға жетелейді

Ал енді Елбасының соңғы Жолдауы Қазақстан халқын жаңа заманға жедел бейімделе отырып, әлемдегі Төртінші өндірістік революция көшінен қалмауға үндейді. Бұл жерде тағы бір атап өтпеуге болмайтын нәрсе Н.Назарбаев бұл Жолдауда жаһандық жаңғыру жо­лында адам капиталына ерекше көңіл бөлді. Яғни ізгілікке ша­­қы­рып, игілікке жарайтын білім беру ар­қылы адам әлеуетін пайдалану­ды ба­сым­дыққа алу қажеттігін айтты.

Біздің мемлекетімізде осы мақ­саттағы жұмыстар әлдеқашан бастал­ып кеткені белгілі. Мәсе­лен, мектепке дейінгі білім беру бағ­­дарламасы аясында 2019 жыл­дың 1 қыркүйегінде балалар­ды әлеуметтік бейімдеу мен өзін-өзі дамытуға ерте дайын­дау бағытын­дағы біріңғай бағдар­л­а­малық жүйе қолданысқа енгізіледі деп жоспарлануда. Ал 2021 жылға қарай орта білім беру­дің жаңартылған мазмұндық жүйе­сіне көшіру ісі өз мәресіне жетеді.

Соның аясында жоғары білім беру жүйесі мен ондағы педагогикалық кафедра, факультеттер де заман талабына сай жетілдірілмек. Осының бәрін жүзеге асыру барысында негіз­гі басымдық ретінде жараты­лыстану мен математика ғылымы сынды салаларды оқыту мазмұнының сапасын жоғарылату көзделген. Мұндай мүмкіндіктер біздің қоғам­ның соңғы жылдар­дағы түрлі салалардың техноло­гия­лық шап­шаң дамуына жедел бейімделуі үшін өте маңызды болмақ.

Сондай-ақ заманға сай жаң­ғыруға жетелейтін бұл Жолдауда бүгінгі бүлдіршіндерімізді үш тілде оқы­ту жайы да кезекті рет мәлім­делген. Оның үстіне Елба­сы­мыз ке­ле­шекте әрбір отандасы­мыз қазақ, орыс, ағылшын тілін еркін меңгеруіне мейлінше жағдай жасауымыз қажеттігін айрықша атап өтті. Оған қоса мемлекеттік тілді дамы­ту ісін қаперден шығарып алмау ке­ректігіне де көңіл бөлді. Бұл рет­те сан ғасырлық даму тарихы бар қазақ тілін заманауи талапқа сай етіп жетілдіріп, терминологиялық маңызын халықаралық қарым-қатынас тілі деңгейіне көтеруіміз керек екендігін айтты. Ал латын графикасына көшу осы мақсаттағы жұмысымыздың бірі болмақ.

Осындай мәселелерді арқау еткен биылғы Жолдауда айтылған мәселелер рет-ретімен шешімін тауып жүзеге асса, Қазақстан келешегі кемелдене түседі деп нық сеніммен айта аламыз. 

Әбубәкір ВОЙНЦЕ,
Қазақстан дүнгендері қауымдастығының төрағасы, ҚХА мүшесі

АЛМАТЫ