Аймақтар • 22 Қаңтар, 2018

«Елбасы қойған тапсырманы орындауға Батыс Қазақстан облысындағы компаниялардың мүмкіндігі жетеді»

168 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын түсіндіру және іске асыру жөніндегі жиында Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов осылай деп мәлімдеді.

«Елбасы қойған тапсырманы орындауға Батыс Қазақстан облысындағы компаниялардың мүмкіндігі жетеді»

- Өндіріс ошақтарының дені қазірдің өзінде материалдық-техникалық тұрғыда модернизациялап, өндіріс көлемін ұлғайтуды көздеп отыр. Біздің өңірімізде қолға алынған финдік технологияларды одан әрі дамытып, құрылыс саласына кең көлемде енгізуді қамтамасыз етеміз. ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің алаңында болған келіссөздердің нәтижесінде қол жеткізілген жаңа технологиялар жасыл экономикаға мүмкіндік ашады. Орал қаласындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу жұмыстары жүзеге асырылады. Сонымен қатар, облыс орталығын жарықтандыруда қолданылған энергия үнемдеуші шамдарды алдағы уақытта да кеңінен пайдаланатын боламыз. Мысал үшін айтар болсақ, Евразия даңғылының бойына қойылған шамдар бізге энергия көздерін 42 пайызға дейін үнемдеуге мүмкіндік берді, - деді өз сөзінде өңір басшысы.

Мемлекет басшысы Жолдауында «2018 жыл - елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл» екенін мәлім еткен еді. Астананың тәжірибесі негізінде «Смарт Сити» «эталонды» стандарты Орал қаласында да қалыптасып келеді. «Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналатыны сөзсіз. Біздің Орал қаласында смарт-сити принциптеріне сәйкестендіруге толық мүмкіндіктеріміз бар. Алғашқы қадамдары ретінде қалада орнатылып жатқан бейне бақылауларды, қала емханаларының электронды таблолармен жабдықтандырылуын, ауруханалардың қағазбастылықтан арылуға бағытталған жаңа жобаларын айтуға болады» дейді Алтай Көлгінов. 

Әкімнің айтуынша, 2018 жылы өңірде жаңа технологияны қолдану артып, IT-салаға ерекше көңіл бөлінбек. Смарт Сити жобасы бойынша жаңадан 30 жобаны іске қосу жоспарланған. Әкімнің айтуынша, 2018 жылы өңірде жаңа технологияны қолдану артып, IT-салаға ерекше көңіл бөлінбек. Смарт Сити жобасы бойынша жаңадан 30 жобаны іске қосу жоспарланған. Жаңа тұжырымдама бойынша жол бойына, дәліздерге, мектептер мен балабақшаларға 6 мыңнан аса бейнекамера орнату қолға алынған еді, енді оған қосымша тағы 1,5 мың камера қойылады. Мұның бәрі қауіпсіздік үші қызмет етеді.

Оралдықтар infobus.kz сайтынан қаладағы қоғамдық көліктердің қозғалысын бақылай алады, оның үстіне SMS-BUS жүйесі арқылы ақы төлейді. Жақында жаңа туған сәбидің куәлігін онлайн-қызмет арқылы алуға болатын жүйе іске қосылды. Орал қаласындағы барлық емханада электронды кезек іске қосылған. «Жедел жәрдем» қызметінде жасалған жаңғыртудың нәтижесінде дәрігерлік көмектің науқасқа жетуі 3 минутқа дейін қысқарған. Облыс орталығындағы барлық 39 медициналық мекемеде дәрігерлік ақпараттық жүйе іске қосылды.

Алтай Көлгіновтің айтуынша «Ақылды технология» қалаға ғана қамалмай, ауылға да баруы тиіс. Өйткені ол – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі.

- Ауылшаруашылығының алға қадам басуы үшін аграрлық университеттерде оқу бағдарламасы жаңартылады. Ғылыммен айналысатын мамандар дайындалады. Жаңа технологиялар мен бизнес-модельдер енгізіледі. Бұл тұрғыда бізде Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің әлеуеті зор. Елбасының тапсырмасы бойынша 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігі және өңделген ауыл шаруашылығы өнімнің экспорты, кем дегенде 2,5 есеге артуы қажет. Былтыр біз ауылшаруашылығы өнімдерінің экспорттау бойынша бірқатар жұмыстарды жүзеге асырдық. Иран еліне тасымалданған марқа еттерін айтуға болады. Биыл да осы қарқынды төмендетпей, жаңа технологияларды енгізе отырып жұмыстарды атқарамыз. Индустрияландыру күні Елбасының алдында ашылған жылына 7 мың тонна құс етін өндіретін фабриканың, «Кублей» және «Желаев» макарон өндіру кәсіпорындарының европалық мемлекеттерден алынған құрылғылар арқылы техникалық тұрғыда модернизацияланғанын атап өтуге болады. Осы саладағы өзге кәсіпорындар да осылай жаңғыруды қолға алуы тиіс, - деді облыс активінің алдында өңір басшысы.

Бұл жиында Батыс Қазақстан облысы активі алдында Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев, «Орал трансформатор зауыты» директоры Ақжол Сауранбаев, Наазарбаев зияткерлік мектебі директорының халықаралық орынбасары Рокко Уоррен және басқалары сөз сөйлеп, Елбасы жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асырудың тетіктері туралы ойларын ортаға салды.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»

Суретті түсірген Темірболат ТОҚМӘМБЕТОВ