Қазақстан • 22 Қаңтар, 2018

Астанада «Вокал сиқыры» атты концерт өтті

503 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры сахнасында өткен «Вокал сиқыры» атты өнер кешінде әлемдік операның інжу-маржандары шырқалды. Париждік «Гранд Операда» Қазақстанның атынан алғаш рет өнер көрсеткен солист Майра Мұхамедқызы бұл жолы ұстаздық ұлағатымен жаңа биіктен көрінді. Олай дейтін себебіміз, қашан болсын жастарға қолдау көрсетуге әзір жүретін әнші өз қолымен жетелеп әкеліп, шәкірті Әйгерім Сәрсенованы қалың жұртшылыққа таныстырды.

Астанада «Вокал сиқыры» атты концерт өтті

Фото: Карла Нур, «Астана Опера»

Бүгінде Әйгерім Сәрсенова веналық А.Каранджело бельканто академиясы мен Фортепиано өнері институтының студенті. Италия мен Чехиядағы концерттер мен шеберлік сабақтарына қатыса жүріп, кәсіби біліктілігін шыңдаған жас талант алдымен өскен ел, туған жұртының батасын алып, алғысына кенелуді жөн санапты. «Әйгерім өз елінің киелі сахнасында алғаш рет жеке концертін беріп отыр. «Ұстаздан шәкірт озар» дегендей, Әйгерім екеуміздің өнерге деген талап пен жігеріміз де ұқсайды. Талантты шәкірттерімізбен қалайша мақтанбаймыз. Ендігі жолың жарқын болсын», деп ақ жол тілеген ұстазы Майра Мұхамедқызының шәкірті Әйгеріммен бірге шарықтата ән салуы кештің нағыз көркіне айналды дерсіз.

Әйгерім Сәрсенова

Таңданатыны жоқ, Моцарттың «Дон Жуаны» қашанда операның шыңы саналып келген болса, «Фигароның үйлену тойы» тыңдармандар үшін ең бір сүйікті шығармалардың бірегейіне айналған. Кез келген труппаның репертуарынан табылатын ескіден келе жатқан атақты опера мерекелік атмосферасымен миллиондаған тыңдарманның жүрегін жаулап алғаны рас. Аталған кеште дәл осы «Фигароның үйлену тойы» операсынан графиня каватинасын орындау арқылы Әйгерім Сәрсенова талғамды тыңдарманның көңіл пернесін дөп басты. Ол лирикалы-драмалы сопраносымен сызылта орындап бастағанда-ақ демін ішіне алған зал бір сәт тынып қалған. Мәнерлі әуен лебімен астасқан кейіпкер сөздерінің жұмсақтығы мен жылуы қатар ескенде пейзаж қанықтығы айқындала түсіп, жарқын да нәзік ария екпінді ұмтылыспен аяқталғанда барып, әлгіндегі тыныштық «бәсе» десіп желпініскен қауымның ризашылыққа толы қошеметіне ұласты. Одан кейінгі кезекте әлемдік опера репертуарынан В.Беллинидің «Капулетти мен Монтекки» операсынан Джульетта ариясы, А.Каталанидің «Валли» операсынан Валли ариясы, «Манон Леско» операсынан Манон ариясы, «Богема» операсынан Мюзетта вальсі қатарынан шырқалды.

Кештің сыйлы қонақтары – Италиядан келген әйгілі орындаушылар – тенор Антонио Каранджело мен контральто Биляна Ковачтың дуэттиносы думанның шырайын кіргізді. Ал маэстро Антонио Каранджелоның «Астана Опера» театры сахнасында алғаш рет өнер көрсеткенін ерекше айта кетуіміз керек. Ол опера солисі ғана емес, сонымен бірге Венадағы атақты The Carangelo Belcanto Academy ордасының ұстазы. Ал фортепианода ансамбльде ойнаған танымал чех концертмейстері Мария Лексова таза да тұнық кәсібилігімен дараланды.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»