Театр • 23 Қаңтар, 2018

Театр неге тоқырады?

716 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Театрдың киім ілгіштен бас­­­­­та­латыны ып-рас. І.Омаров атын­­дағы облыстық қазақ драма театрына бір барғанымызда киім ілгішке сырт киімді тап­сы­рысымен жанымдағы құр­бымның көңіл-күйі нілдей бұ­зыл­ды.

Театр неге тоқырады?

– Мынау не?! Нөмірді қа­лам­­­­саппен жазып, скотчпен орап қойғаны несі? Орыс теа­­­тры­­на барсаң көңіліңе қаяу түс­пей жадырап кіріп, жадырап шы­ғасың. Біздің театрға келсең осы, әйтеуір көңілің жұ­тайды да тұрады! – деді.

Құрбымның мінезінің шытынауы жақсы «ырым» болма­ды, осы көріністен кейін көп ұзаған жоқ, «І.Омаров атын­­дағы облыстық қазақ дра­ма театрының бухгалтері мен кас­сирін қамап тастапты» деген ха­бар желдей гулеп кет­ті. «Театр директоры мен бух­галтерлері 163 миллион теңге­нің басына су құйыпты» деген сөз ақиқатқа ай­налды, одан со­ты болды.

Ай сайын банктен сөмке­мен ­(!)­ та­сыған ақшаның айлық жа­лақыдан, басқа қажеттерден ар­тылған едәуір бөлігін – ди­ректор өзіне 80 пайызын қал­дырып, қалған 20 пайызы екі бухгалтердің қалтасына қыл­дай бөлініп кетіп отырған. Оның сыртында бұрынғы директор Нұрлан Ерекешевтің 2005 жылдан 2016 жылы театр­дан кеткенге дейінгі түскі та­мағы, үйінің коммуналдық төлем­дері, Астанадағы бір жасқа тол­ған немересінің бір миллион теңге жұмсалған тойы, оған Қостанайдан барған қо­нақтардың жолақысы, Ас­та­надағы ұлының үйіне Қос­танай­дан тасып жағатын отыны, өзі­нің мерейтойы, баласының туған күні, отбасылық қуаны­шының барлығы сорлы театр­дың мойынында болған. 2016­ жылы желтоқсан айын­да об­лыстық қазақ драма теа­тры­ның директоры Нұрлан Ере­кешев пен бухгалтер Гүлзада Бектұрсынова және бухгалтер-кассир Меңсұлу Күлтаева абақтыға қамалды. Ерекешев 8 жылды, Бектұрсынова мен Күлтаева 7 жылдан арқалап ке­те барды. Бір айта кететіні, қар­жылық тексеру театр жұмы­сының 2011-2016 жылдарын ғана қамтыған болатын. Ал одан бұрынғы 10 жылды тексергенде не шығарын кім біл­сін?..

Театрдың қолымыздағы 2014­ жыл­ғы төлқұжатында оның 2013 жылғы табысы 12 млн 200 мың теңге, қойылған спек­такль­дер саны 290, көрер­мендер саны 80500, ал 2014 жыл­дың 6 айындағы табысы 6 млн 980300 теңге, 127 қо­­йылымға 33020 көрермен кел­­ген деп көр­сетілген. Жағ­дай қазір де аса өзгер­ген жоқ.­­­­­ Айтпақшы, сотта театр­дың­ бұрынғы басшысының спек­­­такль­дерге билет сатудан түсетін қаржыны өтірік өсіріп көрсетіп келгені, жоспар «орындалғандықтан» театр директорының жалақысына 50 пайыз үстеме сыйақы қосылып отырғаны айтылған болатын.

– Театр жыл сайын 12-20 мил­­лион теңге арасында табыс табады. Бұл жыл бойы спек­такльдер қоюға кеткен шы­ғынды ғана жабады. Ал оның сыртында ғимараттың ком­­муналдық төлемдері, жа­лақы, басқа да шығындар мем­лекеттің мойнында. Қазақ драма театры жыл бойы 5-6 пьеса сахналайды, оған 10-12 миллион теңге жұмсалады. Өткен жылды жоспарлағанда біз теа­тр бюджетін түгелдей қайта қарап, тиынына дейін санап, 30 миллион теңгені үнемдедік, – дейді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ер­лан Қалмақов.

Театр ашылғалы қойылған спек­такльдерге қаржы бөлудің ұлғайтып көрсетілетіні де орын ал­май қалған жоқ. Әрісін айт­пағанда, 2016 жылғы маусым айында облыстық қазақ драма театрында Мұхтар Әуе­зовтің «Айман-Шолпан» пьесасын Ресейдің Новосібір театр­ инсти­тутының доцен­ті, ак­тер Сергей Алек­сандров­ский қойды. Ол негі­зінен қо­йы­­лы­мның тек музы­ка­лық­ жағына жауап бер­ген, спек­­­такль­ді  Ерсайын Төлеу­байдың көмегімен сахналаған. «Айман-Шолпан» – қазақтың дәстүр-салтын, өнерін барынша қанық бояуымен көрсететін классикалық шығарма. Қа­зақ өнерінен, дәстүрінен, әде­бие­тінен мақұрым ресейлік режис­серге театр актерлері шы­ғар­маның мазмұнын тілі жет­кенше өздері аударып отыр­ған. Қойылымда ресейлік режис­сердің қазақ дәстүрін, тілін біл­­мейтіндіктен кеткен, қазақ сах­насы көтермейтін дөре­кіліктер – бөлек әңгіме желісі. Театрдың залы 250 орын­дық екенін ескерсек, 6 миллион 300 мың теңгеге шикілі-пісілі қойылған «Айман-Шолпанды» 250 көрермен ғана көріп қалды деуге болады. Біржарым жылдан бері қойылым сахнадан қайта көрінген емес, оны қайта қоюға дайын да емес. Облыстық филармонияда камералық оркестр бола тұра облыстық мә­дениет басқармасының сол­­ кездегі басшысы Лариса С­е­роус­­тың келісімімен Сер­гей Александровский Ново­сі­бірден скрипкашылар тобын, дирижерін ерте келді. Айтпақшы, 2015 жылы осы ново­сібірлік режиссер Сер­гей Александровскийді Е.Өмір­зақов атындағы облыстық фи­лар­монияда италиялық композитор Джованни Батиста Перголези жазған «Күң-ха­ным» («Служанка-госпажа») ко­медиялық опера-буффанын­ қоюға да шақырған болатын.­ Негізінен екі әнші ғана орындайтын операға облыс бюджеті 8 миллион 600 мың теңге төледі. Өкінішке қарай, ол опе­раны да филармонияның концерт залында 440 көрермен бір рет тамашалағаннан кейін, қос­та­найлықтар қайтып сахна­дан көрген емес. Жыл тәулі­гінде ресейлік режиссер мен дирижердің қалтасын қалың­датқаннан басқа ешқандай қайта­рымы болмаған екі қойы­лым да 15 миллион теңгені жел­ге ұшырған емей немене? Жыл сайын театрда сырттан келген режиссерлер қоя­тын спектакльдер де бар. Естуі­мізше, келісіммен келген режис­серлердің де «тәбеті» жаман емес. Ол қойған спектакль миллиондарды ақтады ма, жоқ па, оған кім жауап береді?

Қазақ өнеріне Серке Қожам­құлов, Елубай Өмірзақов және Қапан Бадыров секілді үш алыпты берген Қостанай өңі­рі қазақ драма театрына 2000 жылы рухани сусап жеткен еді. Өнер ордасы 2012 жылы жаңа ғимаратқа көшкен болатын. Жаңа үлгі­де салынған ғимараттың құры­лысына 13 миллиард теңге жұм­­салғаны да көпшіліктің есінде. Бүгінде жаңбыр жау­са оның төбесінен аққан су саулап жертөлеге бір-ақ барады. Театр ашылғанда барлық жағдай жасалды.Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері тобымен келді, жасамыс актерлер де шақыртылды. Олар мүм­кіндігінше пәтермен қам­тама­сыз етілді. Бірақ он жеті жыл ішінде Қазақстанда өтетін дәс­түрлі театр фестивальдерінде рөлдерді сомдау аталымдары бойынша жеке актерлердің шеберліктері аталғаны болмаса, бұл ұжым қойған спектакль жүлделі орынға ілігіп, шығар­машылық әлеуетін көрсет­пепті.

– Қазір фестивальдер өтіп жа­тады, оған барып қатысқанға дейін қай театрдың қандай орын алатыны шешіліп қояды. Барлығы да сыбайластықпен алады. Гран-при алмаған ак­тер,­ режиссер қалмады, – деген уәж естідік бас режиссер Ерсайын Төлеубайдан. Қос­­­танай қазақ драма театры ашыл­­ғалы қаншама спектакль сахналанды, алайда негізінен солардың сахнадағы ғұмыры ұзақ болмайды, көрерменді тез жалықтырады. Он жыл ішінде бас режиссер Ерсайын Төлеубайдың өзі жазып, өзі қойған спектакльдері де сынға ілікпей қалған жоқ.

– Театрдың жанындағы көр­кемдік кеңесті ешқандай ескер­тусіз таратып жібергеніне таң­қаламын. Бұрын спектакльді дайын­дап болған соң, әдебиет­шілерді, зиялы қауым өкілдерін шақырып көрсететін. Бірақ ес­кертудің ешқайсысы ескеріл­мей сол қалпында қалып жүр­ді. Шығармада көркемдік шын­дық, тарихи шындық деген болады. Көр­кемдік шын­дық­ты қалай жаз­са да автордың өз еркі, бі­рақ тарихи шындыққа қиянат жа­сауға болмайды. Ерсайын Төлеу­бай жазып, қой­ған «Мә­риям, Ілияс» спек­таклінде 1943 жылғы рес­публикалық айтысты Ілияс ұйымдастырды дейді. Жоқ, оны Нұртас Оңдасынов ұйым­дастырған. Екеуі де ірі тұлға, бірінің еңбегін екіншісіне телуге болмайды. Ілиястың хал­қына сіңірген еңбегі онсыз да жетеді, – дейді жазушы Ғұ­мар Ахметчин.

Режиссер пьеса жазба­сын деген заң жоқ екені белгілі. Бас режиссердің өзі де «Пьеса жаз­ған режиссер жалғыз мен емес. Бұл Шекспирден келе жатқан дәстүр. Менің спектакльдерім бүкіл Қазақстанның 15 театрында жүріп жатыр, сұраныс та бар. Алаш тақырыбына қалам сілтеп жүрген драматург те жалғыз менмін», дейді. Бірақ драматургиялық шығарманы көрермен жүрегіне жетер ой мен драмалық тартысқа емес, жалаң ақпаратқа құру, тіл жұтаңдығы сапаға емес, санға ғана қызмет етерін режиссердің өзі де білуі тиіс.

І.Омаров атындағы Қоста­най облыстық театрының актерлер шебер­лігіне қандай да бір кінә арту күнә болар еді.­ Мәскеудегі М.Щепкин атын­дағы жоғары театр учи­лищесінің түлектері, ғұмы­рын театр сахнасын­да өткізіп келе жатқан Қа­йып­берген Есен­ғұлов, Қа­зақстанның еңбек сі­­ңір­ген әртісі Шахарбану Есен­­ғұ­лова,­ Қазақстанның ең­бек сі­ңірген қайраткері Қо­ныс­бек Бегайдаров, актерлер Қаб­діл­мәжит Иманов, Әлім­хан Мыр­захан, Айбол Шәкіржанов, Бақыт­жан Құр­мансейітов, актрисалар Ажар Шәкіржанова, Зәмзәгүл Бе­гайдарова, тағы бас­қалар кө­рер­менге әлдеқашан өздерін мойындатқан. Талантты жастар да баршылық. Театрда 34 актер бар, бас ресжиссердің айтуынша тағы да 15 актер болса артық болмас еді. Ерсайын Төлеубайдың театрдағы актерлер шеберлігін шыңдаған еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Ол алғашқы жылдары театр жанынан жас актерлерге арналған студия ұйым­дастырды. Оған ұжым­дағы кәнігі актерлер сабақ беріп, тығырықтан жол тапқан еді. Соңғы жылдары өнер отауында осындай ілкімді істердің божырап кеткендігін көпшілік біледі, актерлер де жасырмайды.

– Шынын айтқанда, шығар­машылық тоқыраудамыз. Өз іші­мізде «рухани жаңғыру» керек секілді. Ол үшін театр­дағы тәртіпті өзгерту керек. Күн­делікті тұрмыстың деңгейі­нен шыға алмай кеттік. Сахнаға шы­ғу керек болған соң – шыға сала­мыз, ойнау керек болған соң – ойнай саламыз. Актердің кейіп­керіне мінез іздеуі, образ табуы секіл­ді ізденістер жоқ, одан еш­қай­сымыз сау емеспіз. Себебі ре­жиссура ақсап тұр. Жаңаша ойлайтын жас толқын актерлер, режиссерлер керек.Театрдың бүкіл жұмысында креативтілік жетіспейді, уа­қыт­қа ілесе алмай отырмыз, – дейді орта буын актер Әлімхан Мырзахан.

– Театрда қайнап жататын жұмыс жоқ. Жаңаша көзқарас жетіспейтін секілді. Актердің та­лантын режиссер ашады. Біз соны қазір сезінбейміз, – дейді актриса Ажар Шәкіржанова.

– Театрда ұсақ-түйек нәрсе болмауы тиіс. Актерлер ақ тер-көк тер болып, сахнада ойнап жүреді. Ал олардың кім екенін, аты-жөнін көрермен білмейді, өйт­кені залға спектакльдің бағдарламасы таратылмайды. Бағдарламаны көрермендерге ұсынса, олар сатып та алар еді. Мұндай салғырттықтан актер еңбегі қалай бағалансын? – дейді Шахарбану Есенғұлова.

Қазір уақыт тез өзгеруде. Көрер­мен талабы да, талғамы да бұрынғыдан ерекше. Кө­рермен нені қалайды, оны зерделеу, зерттеу де қалыс қалып жатады. Айналдырған 250 орындық залға көрерменнің кетіктің тісіндей болып отыратын кезі жиі кездеседі. Қазір қойылатын спектакльдерді жарнамалауда, театр өнерінің өзін насихаттауда, көрермен тартуда өр­кениет жетістіктерін пайдалану кемшін соғып келді. Бү­гінде театрға әкімгер емес, про­дюсер, директор емес менеджер керектігін уақыттың өзі меңзеп отырғандай. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов театрда бұрыннан бекітілген мамандарды тиімділігіне қарай қайта қарауға болатынын айтты. Мы­салы, ілеспе аудармашы не­месе репетитор қажет болмаса, оның орнына неге актер алмасқа? «Жомарттың қолын жоқшылық байлайды» деген, жалақы аз болғандықтан актерлер арасында әлі де мемлекеттік қолдауға арқа сүйеушілік, теа­тр­ға үй берсе деген үмітке иек ар­ту да жоқ емес. Баспаналы болу үшін түрлі мемлекеттік бағдарламалар барын бәрі біледі. Бірақ отбасылы жастар­ға несие төлеу қиындық туғыза­ды. Сондықтан актерлер тойдан табыс табуға уақытының біразын жіберетіні рас. Күн көрудің қамы болғандықтан бұл жұртқа ерсі көрінуден де қалды.

– 2000 жылдары театрға бе­рілген үш бөлмелі екі үй жа­тақ­хана ретінде пайдаланылады. Оған шама келгенше биыл жөндеу жұмысын жүр­­гіздік. Енді бюджеттен үй берілмейтіні жалпыға бел­гілі ғой. Мемлекеттік бағдар­ла­маларды пайдаланып, әркім бас­­пана мәселесін өзі шешуі тиіс, – дейді Ерлан Қалмақов.

Қостанай қазақ драма теа­тры ашылғалы істен гөрі сөз көп. Пікірлер қақтығысы бір тоқтамайды. І.Омаров атын­дағы облыстық қазақ драма театрының директорсыз отыр­ғанына жарты жыл болды. Сотталған директордан кейін­гі директор бір жылға толмай өз өтінішімен жұмыстан ке­тіп қалды. Театр ардагері Қайып­берген Есенғұловтың «Қазір барлығы да тек ақшаға құрылады. Ақша театр өнері насихаттайтын адалдықтың, жан тазалығының алдына түсіп кетті. Заман өзге демеңіз, адам өзге», деген сөзі ойға қал­ды­рады.

Әдетте, өнер біткеннің бар­лы­ғы да құдірет, ал құдірет таза­лықты сүйсе керек-ті. Соның ішінде сұлулық пен адам­гер­шілікті, қысқасы, бекзат­тықты, ішкі рухани байлықты қалып­­тастыратын театрға кір­­­­пияз­­дықпен қарамаса, кө­рерменге де обал. Қолына өнер отауындағы істің божы­сы тигендерді өнер­дің емес, құлқынның таразысы ба­сып кеткенде рухани тоқы­рау бас­талса керек, сірә. Оған осы ма­қалада айтылған сыбай­лас­тық, қазына ақшасын ұр­лау, репертуар таңдаудағы әділет­сіз­дік, өнерді руханияттан бұрын табыс көзі деп қарау мәселелері кіреді. Қазақ театр өнері пайғамбарларының ізі қал­ған Қостанайдағы театрдың да қазір осындай ағынсыз судың кейпінде тұрған жайы бар.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ