Аймақтар • 24 Қаңтар, 2018

Жол мәселесіне байланысты Жуалы жұртының жанайқайы

1077 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Бұл күнде Жуалы жерінде елуге тарта елді мекенде елу бір мыңға жуық халық тұрады. 

Жол мәселесіне байланысты Жуалы жұртының жанайқайы

Жамбыл облысының Жуалы ауданы – кенен көркемдігімен, тылсым табиғатымен ерекшеленген жердің бірі. Әйгілі Асанқайғы бабамыздың «Өңгеріп алып кетер ем, ат сауырына сыймайсың» деп Жуалы өлкесіне тамсануы да бекер емес сияқты. Бауыржан Момышұлының Көлбастауы, Шерхан Мұртазаның Мыңбұлағы да осы жерде. Бұл күнде Жуалы жерінде елуге тарта елді мекенде елу бір мыңға жуық халық тұрады. 

Жуалы ауданы «Алматы- Ташкент» халықаралық көлік дәлі­зінің бойында орналасқан. Осыдан оншақты жыл бұрын, нақ­ты айтсақ 2009-2010 жылдары аудан аумағы арқылы өтетін «Батыс Еуропа- Батыс Қытай» халықаралық жолы салынған болатын. Аталған жол аудан аумағының 36 шақырымын кесіп өтіп, Оңтүстік Қазақстан облы­сы­ның Түлкібас ауданымен жал­ғасады.

Алайда осы қашық­тық­тағы үлкен даңғыл жол­дың не асты, не үстінен өтетін көпір салынбаған екен. Бүгінде аудан­да 14 ауылдық округ бар болса, 6 округ жолдың оңтүстік бетінде, ал 8 округ жолдың солтүстік бетінде орналасқан. Жуалылық жұрттың жанайқайы осы жол мәселесіне байланысты болып тұр. Тіпті ауыл ақсақалдары Елба­сына, Премьер-Министрге, Кө­лік және коммуникациялар минис­трлігіне және депутаттарға хат та жолдаған екен. Алайда Кө­лік және комму­никация минис­тр­лігінен келген жауап хат­та бұл аймақта мал өтетін қо­сымша жол салу мүмкін еместігі айтылыпты. 

«Ауыл тұр­ғын­дары аудан орта­лы­ғына, одан кейін жаяу болса да, көлікпен болса да егістік жерге өтуі керек. Мұнда бар болғаны 3 мал өтетін жоласты өткелі ғана бар. Оның өзі тар, ірі қара мал кейде үркіп өтпей, елді әбігерге салады. Ал ауданның қысы қатал, тіпті қар, жаңбыр жауған кездерде бұл көпірдің асты­мен мал өткізу мүмкін емес. Жам­б­ыл облысының Т.Рысқұлов, Меркі аудандарында жол астынан және үстінен өтетін көпірлер са­лын­ған. Бізде де осындай болса екен дейміз. Мысалы, ауданның Нұрлыкент, Теріс, Бақалы, Көк­төбе және Қосбөлтек ауылдарында 1230 тұрғын бар. Осы ауылдардың Сарықайқаң деген мал жайылымы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік жолының солтүстік бетінде қалып қойған. Бұдан өзге жайылым жоқ. Тіпті Теріс өзенін бөгеп, мұндағы бар 158 миллион текше метр су жайы­лымды басып қалған», дей­ді Бақалы ауылының тұрғыны Болат­бек Қайыпбеков.

Сонымен қатар Теріс өзені­нен Нұрлыкент ауылына дейін үл­кен тоған тартылыпты. Енді тұр­ғын­дар бұл жерде мүл­дем кө­пір­дің жоқтығын айтып отыр. Тіп­т­і көк­тем мен күз мезгіл­де­рінде бұл жер­де су арнасынан асып, ел тұр­ғын­да­рын әбігерге са­лады екен. Мұн­дай жағдайда қо­зы-лақ сияқты уақ малдарды су ағызып әкетеді дейді олар. Үл­кен даңғылдың терістік бетінде егіс­тігі мен жайылымы бар 30 мың гектар жер бар. Бұл күнде ауыл тұрғындары сол жерге өту үшін 20-30 шақырымды ай­налып, су бөгесіні арқылы, мұ­ны­­мен қоймай ұзақ уақыт темір жол жағалап жүріп Қаратау жотасы бойындағы Күйік асуының тұсынан қалдырылған жапсар жолмен жүру керектігін, алайда мұның қиындық тудырып отырғанын айтады. 

Ауданды кезінде Ермек Үсен­­­баев, Бағлан Қарашолақов, Айт­­­қазы Қарабалаев, Батырбек Құле­кеев және өзге де азаматтар басқарды. Бірақ жергілікті ха­лықтың айтуынша, бұл мәселе әлі шешілмей келеді екен. «Көк­теуде Алатауға, күзеуде Қара­таз мал жайылымына мал ай­­дап өтудегі әбігерлікті тілмен айт­ып жеткізу мүмкін емес. Ал даң­ғыл жолмен арындап келе жат­қан көліктің көптігінен жолды кесіп өте алмай, үркіп сүрініп-жығылған құлын-тай, тана-торпақтар да аласапыран күй ке­шуде. Ал малшылар амалының жоқ­тығынан күнұзақ әрі-бері өткен көліктерге көйлек-шапа­нын, қалпағын сермеп, өтіп алуға мұрсат сұрап тұрады», дей­ді Бақалы ауылының тұрғыны Рахым­­жан Мырзахметов. 

Соны­мен қатар Бақатей өзені­нің арғы-бергі тұсынан да көпір қажет екен. Ал аудандық тұрғынүй-ша­руашылық, жолау­шылар кө­лігі және автомобиль жолдары бө­лімінің басшысы Ерболат Сейіт­бе­ковпен сөйлескенімізде бұл мәсе­ле республикалық мәндегі жолға қатысты болғандықтан ештеңе істей алмайтынын, ал ауданға қатысты болса қолдан келгенін жасап жатқанын айтты. 

Жуалылық жұрттың жа­най­қа­йы бір бұл ғана емес. Тұр­ғын­­дардың айтуынша, «Аман­баев» жанасу жолының 3,1 ша­қы­рымының тұсы күнбатысқа қарай мүлдем бекітіліпті. Енді мұндағы халық Нұрлыкент ауылына бару үшін артқа қарай жүріп, 4-5 шақырым айналма жасауға мәжбүр екен. Тіпті кейде асығыс адамдар көлігімен жол айрығынан қарсы бетке жүріп, өзіне де, өзгеге де қауіп тудыратын көрінеді. «Аудан орталығындағы ауруханаға, не болмаса өзге де жерге бару үшін ел қазір 3 шақырым жерді көлік ағынына қарсы жүреді. Сондықтан да көлік апатын тудыратын жағдайлар болып тұрады. Осы күрежол салына бастағанда жол салушылар Теріс ауылына бұрылар тұстан мыңдаған тонна топырақ алған. Сондықтан сол қанатындағы 1 шақырым жол мүлдем үгітіліп құрыған. Ал «Жол біткен соң бүлінген жерді жөн­деп береміз» деген уәде сол күйі орындалмады», дейді Теріс ауылы­ның тұрғыны Аташбек Айтқұлов.

Тұрғындардың бұл уәжіне «Қазавтожол» ҰК» АҚ Жамбыл облыстық филиалының басшысы Дәурен Тоқтаров жауапты ма­мандардың мал өтетін жоласты өт­келдерін тазалап тұратынын жет­кізді. Ал көпір мен айналма жол салу мәселесінде әзірге мүм­кіндік жоқ екенін айтты. 

Ел тұрғындары Нұрлыкент елді мекеніне бұрылар тұстан және Теріс ауылына қарай көлік тосатын аялдама, сондай-ақ Нұрлыкент ауылына бұрылатын жерге 3 шақырым жанама жол салып бе­ру­ін сұрап отыр. Ен­ді Алматы, Шым­кент, Тараз қала­ла­рынан ау­дан орталығына бір ша­руамен кел­­ген адамдар бол­сын, жергілікті тұр­­ғындар са­пар­лап шыққанда бол­сын, жол бойы­нан көлік тосу үшін ортадағы те­мір қоршаудан өте алмайды екен. Әсіресе бұл қарт кісілер, әйел­дер мен балалар үшін қиын. Тағы да Теріс пен Бақалы ауылынан аудан орталығы Бауыржан Момышұлы ауылына бару үшін тұрғындар қазір 6-7 шақы­рым жолды айналма жасауға мәжбүр. Мұндай жағдайлар аудан­ның Диқан, Шақпақ ата, генерал Тәттібай ауыл­дарына да қатысты болып отыр.

Дегенмен, жуалылық жұрт жақ­сылықтан үмітті. Күн сайын еліміздің дамып, өңірлердің өркен­деп, аудандар мен ауыл­дар­дың жаңаша түлеуге бет ал­ғанына куә болып отырған тұрғындар мә­селенің оң шешім табатынына се­німді. Бұл – аудандағы екі-үш азаматтың ғана емес, сол жердегі мыңдаған халық­тың жанайқайы. Жуалы ауданы «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында тұрғандықтан, шынында да жаяу жүргіншілердің, мал бағушылардың әрі-бері өтуі қиындық тудырмай қоймайды. Егер жоласты өткелдері мен көпірлер, айналма жолдар салынса қарапайым халық үшін қауіпсіз болар еді...

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы