Аймақтар • 24 Қаңтар, 2018

Жазылған жайдың жалғасы: Ольгинкадағы ағайындардың алаңдауына негіз жоқ

249 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Былтыр өңіріміздің Успен ауданындағы Ольгинка ауылына 21 шілдеде Қытайдан 5 қазақ отбасы көшіп келгені туралы мақала жариялағанымыз («Ольгинкада орта толып жатыр», («ЕҚ», №171, 7 қыркүйек, 2017 жыл) көңіл көзі сергек оқырманның есінде болар. Облыс орталығынан 120 шақырым қашықтықта орналасқан ауданнан қоныс тапқан қандастарымыздың әлеуметтік ахуалы туралы мақаламызда жан-жақты мәселе қозғаған едік. 

Жазылған жайдың жалғасы: Ольгинкадағы ағайындардың алаңдауына негіз жоқ

Таяуда облыс әкімі Болат Бақауов Ольгинка ауылындағы Қытайдан келген ағайындарға жолығып, олардың өтініш-тілектерін өз ауыздарынан тыңдап қайтты. Өңір басшысымен кездесуден көңілдерінде бір қуаныш ескеннің әсері болар, ондағы қандастарымыз бізге хабарласып, алғыс айтты. Жалпы, облыс басшылығы теріскейдің төсін толтыруға бағыт алған бауырлардың барлығының жағдайымен танысуға құлықты екенін жеткізген болатын келелі жиында. Ал Ольгинкаға барған өңір басшысы біздің кейіпкеріміз Адал Хамитхан ағамызбен де кездескен екен. Ол Қытайдан Ольгинкаға дейінгі 1,5 мың шақырым жерді өзінің тракторымен жүріп келген болатын. Ауылдан 2 миллион теңгеге үй сатып алып, 7 миллион теңгеге жеке шаруашылығын ашыпты. Қазір басқа да қоныс аударушылар квота алу мақсатында құжаттарын ресімдеуде.

Мемлекет басшысы да жуырда БАҚ өкілдерімен кездесуде «Ұлы көшті бастадық. Содан бері бір миллион қандасымыз келді. Олардан өсіп жатқан ұрпақтар одан да көп. Ұлы көш тоқтаған жоқ. Ешқашан да тоқтатпаймыз, ешкімге қарсылығымыз жоқ. Келем дегендерге есік ашық», деді. Шетелде әлі 4 миллионнан астам қандасымыз бар екенін айтқан Елбасы оларды да жылы көңілмен қабылдауымыз керектігін айтып өтті. «Ол жақта жағдайлары жақсы, қиыншылық көрмесе, тұра берсін. Келем дегендерге кел дейміз. Біздің қалталы азаматтарға айтарым, қандастырымызды қабылдауға жақын болуымыз қажет. Қазір арнайы қор құрылды. Сол қорға қол ұшын беруіміз керек.

Жұмысқа орналасуға, баспана салуға аз да болса көмек беруіміз керек. Квотаны көбейтіп жатырмыз. Сондықтан журналистер де осы мәселені айтып отырса, қиыншылық болса, бәріміз көмектесіп отырсақ, барлық қандастарымызға жақсылық жасағанымыз болып саналады», деп атап көрсеткен еді Елбасы. «Елге ел қосылса – құт». Ольгинка іспетті бар ауылымызда орта толсын, ел қонсын!

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы,
Успен ауданы