Әдебиет • 24 Қаңтар, 2018

Қаздауысты Қазыбек бидің үкімі

844 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бар қазаққа аты мәшһүр Қаздауысты Қазыбек би толысқан кемел шағында жолаушылап келе жатып, жол-жөнекей Қоңырат елінің ше­тін ала отауын тіккен жігіттің үйіне түседі. 

Қаздауысты Қазыбек бидің үкімі

Қазақтың қонақжай дәстүрін сақтаған жігіт би ағасына қой сойып, қол қусырып қызмет етеді. Жас бағыланның еті балбырап пісіп, үл­кен астаумен қадірлі қонақтың алдына тартылады.

Меймандар бата жасап, ет жеуге кіріседі. Үй иесі бөлек табаққа салынған бір тартым етті майдалап турап, әбден суыған соң, босаға жақтағы құрулы шымылдықты түріп, арғы жағында ағаш төсектің үстінде жабағы жүні жалбырап, кіртиген көзін әрең ашып жатқан кәрі төбеттің алдына тартады. Қонақтар аң-таң. Үнсіз отырып, сыбағаларын жейді. 

Манағы жігіт қонақтар шала мүжіген сүйек-саяқты іріктеп алып, итаяққа салады да, үй­дің қасындағы үйшіктен, алба-жұлба, шашы ұйысқан, бет-ауызы тырысқан, көзі кіртиген әйел адамды шығарып әкеліп, итаяқтағы сүйек­ті оның алдына ысыра салады.

Бұл оқиғаны бастан-аяқ бақылап отырған Қазыбек би тіксініп, үй иесіне шаншыла қа­райды. Жігіт те түйсіксіз болмаса керек, өзіне тіксіне қараған бидің жанарынан жасқанып, екі қолын кеудесіне қойып, басын иіп, би таң­дан­ған оқиғаны баяндайды.

Манағы алба-жұлба әйел жігіттің қыздай алған қалыңдығы екен. Осыдан біршама жыл бұ­рын ауылын ойрат шауып, әйелін алып ке­теді. Арада бір жыл өткен соң қазақ-ойрат келісімге келіп, тұтқындарын алмастырады. жігіт әйелін іздеп барса, қатыны қалмақтың бір азаматына бауыр басып қалған, кеткісі кел­мейді.

Ана қалмақ айтады: «Әйел сенікі, көнсе алып жүре бер!». Жігіт әйелін көндіре алмай әбден мысы құриды. Содан айлаға көшіп, «болмаса сен мені әудем жерге дейін шығарып сал да қала бер», дейді. Әйел амалсыз келісіп еріп жүреді. Ауылдан былай шыққан соң жігіт әйелдің мойнына шылбырды салып жіберіп, өңгеріп ала жөнеледі. Түнімен шабады, ел шетіне іліндім-ау дегенде аты болдырып тұрып қалады. Осы сәтте әйелді күшпен алып кеткенін сез­ген қалмақ жігітті қуып жетеді. «Кел, қазақ, со­ғы­самыз, бұл әйелді кім жеңеді сол алсын, же­ңіл­ген өледі», дейді.

Ашуланған қазақ жігіті қанжарын суырып алып, қалмаққа қарсы ұмтылады. Сол сәтті бағып жатқан әйел бұрынғы күйеуінің аяғына орала кетіп омақастырады. Оңбай жығылған жігіт есінен тана құлайды. Сол тұста беліндегі қанжарын суырып, тұра ұмтылған қалмақты жігіттің қасында бірге еріп келе жат­қан, күшігінен асыраған иті секіріп барып, бүйірден ала кетіп жарып тастайды.

Сол оқиғадан кейін жігіт өмірін сақтап қалған итіне астаумен ас беріп, сатқындық жаса­ған әйелге итаяқпен ас ішкізеді екен. Істің байыбын естіген Қазыбек үнсіз ойға шомады. Бір заманда еңсесін тіктеп, қаңқылдаған қаз дауысына салып, жігітке:

 – Ей, шырағым, сен жүрекке әмір жүр­мейтінін білмей, құштарлық деген дүниені қызыл тіл күрмейтінін білмей, жүректі білекпен жеңбек болыпсың, құшағына күшпен енбек бопсың, сенің өктемдігіңе көнбеген бұл айыпты емес, жүрекке ерік бермеген сен айыптысың. Ал бұл әйел басқаны ұнатқаны үшін емес, жауыңа болысып сені құлатқаны үшін айыпты. Қарағым, айыпты айып жусын, ашуды ақыл қусын, адам баласын ит сияқты қорлауға болмайды, әйелді босат, төркінін тапсын, сен өзіңді өшпенділіктен босат, еркіндігіңді тапсын! – деп  үкім шығарыпты.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 
«Егемен Қазақстан»