Қысқы спорт • 25 Қаңтар, 2018

Үш конькиші, бір шаңғышы

711 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қыр астында құлағы қылтиып қысқы Олимпиада тұр. Ақпан айының 9-ы күні Оңтүстік Кореяның Пхенчхан қаласында XXIII қысқы Олимпия ойындарының алауы тұтанып, төрткүл дүниенің тарлан спортшылары әлем назарын өздеріне аудармақ. 

Үш конькиші, бір шаңғышы

Қазіргі таңда Қазақстанның олимпиялық құрама коман­дасының сапында Қарағанды облысының төрт спортшысы бар. Олар – конькимен жүгірушілер Ека­терина Айдова, Станислав Палкин және Артем Крикунов, сондай-ақ шаңғышы Сергей Малышев.

Төртжылдықтың басты жарысына дайындық баяғыда бас­талып кеткенімен, біздің спорт­тық федерациялар Оңтүстік Кореяда ел намысын қорғайтын спортшылардың есімдерін енді атай бастады. Мысалы, конькимен жүгіру спорты бойынша Ұлттық құраманың жаттықтырушылар штабы олимпиялық квотаны былайша бөліске салды. Құрамада бір ғана спортшы қыз болады. Ол – қарағандылық желаяқ конькиші Екатерина Айдова. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жас­өспірімдер арасындағы Әлем кубогының екі дүркін жеңімпазы, Азия чемпионы үш бірдей қа­шықтықта – 500, 1000 және 1500 метр аралығында бақ сынайды. Айта кету керек, Айдова үшін бұл үшінші сынақ: бұдан бұрын ол Ванкувер және Сочи олимпиадаларында өнер көрсетіп, өкінішке қарай  жүлдесіз қайтқан болатын.

Ерлер арасында Олимпиада лицензиясын құрама команданың ең жас конькишілері – қа­рағандылықтар Артем Кри­кунов пен Станислав Палкин жеңіп алған. Алдыңғысы 500 метр­де сынға түссе, соңғысы 1000 және 1500 метр қашықтықтарда жүлдеге таласатын болады. Бұл екеуі де халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Универсиада мен Азия ойындары додасына қатысқан тәжірибелі спортшылар. Бір өкініштісі, бапкерлер Станислав Палкинді әзірге қосымша құрамда ұстап отыр. 

Сонымен қатар Олимпиада додасына тағы бір қарағандылық спортшы – шаңғыдан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сергей Малышев түспек. Жастығына қарамастан Малышев әжептәуір тәжірибе жинақтаған спортшы. Ол – жасөспірімдер арасындағы бес, жастар арасындағы екі және ересектер арасындағы бір әлем чемпионатына қатысқан. Әмбебап шаңғышы эстафета, спринт, жаппай старт және командалық жарыс сияқты бірнеше сын бойынша өнер көрсетеді.

Таяу арада қарағандылық тағы бір шаңғышы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Анна Стоянның Олимпиадаға қатысу мәселесі шешілуге тиіс. Жас спортшы үш бірдей қысқы Универ­сиадаға қатысқан, жасөс­пірімдер арасындағы төрт, жастар арасындағы үш әлем чемпиона­тында өнер көрсеткен. Егер де Стоян алдағы сынақтан сәтті өтер болса, онда бес бірдей қара­ған­дылық қысқы Олимпиадада ел на­мысын қорғайтын болады.

Қайрат ӘБІЛДА,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар