Қазақстан • 26 Қаңтар, 2018

Туризмге жаңа көзқарас қажет

665 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елбасы Жолдауында жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға қатысты кеше Үкімет үйінде баспасөз мәс­ли­хаты өтіп, онда Мәдениет және спорт министрі Арыс­­танбек Мұхамедиұлы туризмді дамыту мәселе­лері­не байланысты қолға алынған жұмыстарға тоқталды. 

Туризмге жаңа көзқарас қажет

Министрдің айтуынша, былтыр Қазақстан туризмді өркендету тұрғысынан жаңа кезеңге қадам басқан. Әсі­ресе, халықаралық маман­дан­дырылған ЭКСПО көрмесі осы саланы дамытуға үлкен мүм­кіндіктер жасаған. «Көр­мені сәтті өткізудің арқасында еліміз Батыс және Шығыс мәдениетінің қиылысқан тұсындағы жаңа туристік дестинация ретінде танылды. Осылайша, тәуелсіздік алғалы алғаш рет Қазақстан әлемдік туризм картасында айқын кескінге ие болды», деді министр.

Туризм саласын өркендету бағытында атқарылып жат­қан жұмыстарға тоқтал­ған А.Мұхамедиұлы осы са­ла­ның ішкі жалпы өнімдегі үлесін 2016 жылғы 1 пайыз­дан 2025 жылы 8 пайыз­ға жеткізу жоспарланып отыр­ғанын жеткізді. Осыған бай­ла­нысты былтыр біраз істер тын­дырылған. Айталық, туристік саланы дамытудың 2023 жыл­ға дейінгі жаңартылған тұжы­рымдамасы қабылданған. Саланы дамыту тарихында алғаш рет Мәдениет және спорт министрлігі мен елі­міздің өңірлері арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қо­йыл­ған. Сондай-ақ туризмі қар­қынды дамыған алдыңғы қатарлы мемлекеттердің үздік тәжірибелері бойынша мемлекеттік деңгейде ту­ризмді басқару жөніндегі кеңсе құрылыпты. 

Министрлік елімізге ке­ле­тін туристер ағымын көбей­ту үшін визалық-көші-қон ре­жімін де оңтайландыру жұ­мыстарын бастаған. Мәселен, қазірдің өзінде бірегей визасыз режім енгізіліп, ол 2018 жылдың соңына дейін ұзартылған. Мысалы, Ал­маты мен Астана қалалары арқылы өтетін Қытай Халық Республикасы азаматтары үшін 72 сағаттық транзит енгізіліп, соның нәтижесінде тек ЭКСПО көрмесіне осы елден 4,5 мың турист келген екен. Енді осындай режімді Үндістан азаматтары үшін де енгізу жоспарланып отыр.

Еліміздің сыртқы туризмі ғана емес, ішкі туризмді дамытуға да күш салынуда. Былтырғы тоғыз айдың көрсеткіші бойынша ішкі туризмдегі ағым бұрынғыдан 25 пайызға артып, 3,5 млн адамды құраған.

Министр Қазақстандағы көрікті орындарды әлемге дәріптеп, туризмнің қай­на­ған ортасына айналдыру ба­ғы­тында да бірқатар жұмыстар қолға алынғанын айтты. Мә­селен, Астана мен Щучье-Бурабай курорттық ай­мағының инфрақұрылымын дамытудың бағдарламалық құжаттары қабылданған. 

Алайда өз елімізде де мақтан етерлік көрікті мекендер көп болғанымен, ондағы қызмет көрсету сапасы мен бағасы көңіл көншіте бермейді. Бурабайда демалғаннан гөрі Түркияда тыныққан арзанырақ деп халық бекерден-бекер айтпаса керек. Осы мәселені көтеріп, сауал қойған журналистің сұрағына министр халықаралық стандарттарды енгізу арқылы барлық демалыс орнындағы қызмет көрсету сапасын көтеруді мақсат етіп отырғанын айтты. «Бұл ахуалды түзеп, туристер легін арттыру үшін Щучье-Бурабай курорттық аймағын дамытудың түбегейлі әдісі қабылданды. Бірінші кезекте жол инфрақұрылымы жақсарып, қызмет сапасы түзетілетін болады», деді ол. Оның айтуынша, Бурабайда туристерге қолайлы жағдай жасау үшін жаңа нысандар салынады. Бурабай көлінен басқа, Үлкен және Кіші Шабақты көлдерін абаттандыру да жоспарланып отыр. Министрдің сөзіне сенсек, 2018-2019 жылдары Щучье-Бурабай курортты аймағындағы ахуал мүлдем басқаша түрленіп, адам танымастай өзгермек. «Жалпы туризмді дамытуға қатысты жоспар көп. Әсіресе, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру арқылы ішкі туризмді дамытуды ынталандыруды жалғастырмақпыз. Ішкі және сыртқы туризмді дамыту үшін ауқымды ақпараттық науқанды іске қосу жоспарланып отыр. Бұдан өзге, электронды визаны енгізу де турис­тер ағымын көбейтеді деген сенімдеміз. Ең бастысы, туризмге деген жаңа көзқарас қалыптасып, әлемдегі ең үздік туристік климат қалыптастыра алуымыз керек», деді ол.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше