Қазақстан • 26 Қаңтар, 2018

Кастамону – түркілердің бас кенті

295 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Түркияның Кастамону қаласы Түркі дүниесінің 2018 жылғы астанасы болып жарияланғаны көзіқарақты көпшілікке белгілі болса керек. Міне, осы айшықты оқиғаға орай аталмыш шаһарда салтанатты шара өтті.  

 

Кастамону – түркілердің бас кенті

Мерекелік жиында алғашқы болып сөз алған ТҮРКСОЙ ұйымының Бас хатшысы Дүйсен Қасейінов асығы алшысынан түсіп, айдарынан жел ескен кастамонулық ағайынды арқа-жарқа қуанышымен құттықтады. Енді мұнда әлемнің әр қиырынан қонақтар ағылатынын, олар отандарына әдемі әсерлермен оралса құба-құп болатынын айтып, өзінің өзге де игі тілектерін білдірді. Ол сондай-ақ құрылғанына ширек ғасыр толған ТҮРКСОЙ-дың бүгінде беделді халықаралық ұйымға айналғанын үлкен тебіреніс үстінде жеткізді. Оның шартарапқа шашырағандықтан бір-бірінен тым алшақтап кеткен туысқандар арасын жақындатуда айрықша рөл атқарып келе жатқанына тоқталды. Мәселен былтыр дәл осындай мәртебені иеленген біздің Түркістанда қырықтан астам халықаралық деңгейдегі мәнді мәдени шаралар ұйымдастырылыпты. Татулық тойына қатысушылар қарасы едәуір көбейген. Ұзын саны 12 елдің өкілдері төлтума өнерлерін ортаға салған. Бауырластардың барыс-келісі артып, рухани алыс-берістері молайған. Бұйырса  бұл дәстүр алдағы уақытта да жарасымды жалғасын таппақ. Соның айғағы ретінде биыл ТҮРКСОЙ аясында Алаштың ақтаңгер ақыны Мағжан Жұмабаевтың, әзербайжанның әйгілі композиторы Кара Караевтың, қырғыздың шоң жазушысы Шыңғыс Айтматовтың мерейтойлары аталып өтетініне ерекше екпін түсіргіміз келеді. Қазақтың қамын жегені үшін сталиндік солақай саясаттың қаһарына ұшыраған ұлы тұлғаның өлеңдері бір- қатар түркі халықтарының тіліне аударылатынын естігенде жанымыздың жаз күніндей жайнағанын жасыра алмаймыз.

Мәртебелі жиынның мінберіне көтерілген Түркияның Мәдениет және туризм министрі Нуман Куртулмыш кәнігі саясаткер екенін көрсетіп, көсіле сөйледі.

– Алла жазса, Кастамонудың алдынан ақ күн туғалы тұр. Басына бақ орнап, көкжиегі кеңеймек. Жаңа жетістіктерге жол ашылмақ. Қаланың тір­лігі қазандай қайнамақ. Ұлыстарымызды ұйыс­тыра түсетін әртүрлі бағдарламалар әзірленуде, Кастамону бұл құрметке бұрыннан лайық еді. Жақ­сы атақ оған жарасады. Өйткені киелі өңір­дің тағылымды тарихы тым тереңде жатыр. Орталық Азияда оянған Қожа Ахмет Ясауи идеялары­мен сусындаған әулие-әмбиелеріміз аяулы атаме­кеніміздің өркендеуіне өлшеусіз еңбек сіңірді. Солар­­дың бірі Шейх Шабаны Вели дәл осы жерде өмір сүрді. Кастамону топырағында ілім таратушы небір ғұламалардың ізі қалды. Ай-жұлдызды бай­рағы бар Анадолы жұртының абырой-даңқы асқақ­тай беретініне сенімім нық, – деді министр мырза.

Салмақты ой сабақтаған мәдениет саласының басшысы одан әрі өзіміздің ЮНЕСКО-мыз іспетті ТҮРКСОЙ-дың түбі бір түркілердің мәдениетін, әдет-ғұрпын әлемге танытуда талмай жұмыстанып жүргенін алғыс сезімімен алға тартты.

Сонымен тағы бір дүйім түркілік думанның дүбірі естілді. Амандық болса, Қара теңіз жағасындағы қасиетті қалада бағзыдан біте қайнасқан қардаштар бас қосып, әрқайсысы өзінде барын базарламақ. Тотынаманың тоқсан толғауындай той қызықтары алқалаған алыс-жақынды тегіс сүйіндірмек. Оның шет жағасын осы жолы-ақ байқап үлгердік. Салтанатты сарай ішін саз кернеп, шаттық әуендері шалқыды. Түркияның мәдениет министрлігі жанындағы «Түрік дүниясы» оркестрі орындаған Құрманғазының «Көрғұлы» күйі көңілімізді көк теңіздей толқытты. Қырғызша, татарша, әзербайжанша әуелеген әндер көрермен қошеметіне бөленді. Мың бұралған қазақ қыздарының биі де ешкімді бейжай қалдырған жоқ.

Дүние-ай десеңші... Обалымыз отаршылдыққа болсын. Баяғы замандарда бір-бірімен етене араласып, еркін түсініскен ата-бабаларымыз неткен бақытты еді. Ұғынысарға ортақ тіл таппай амалсыз орыстілді аудармашының аузына қараған бүгінгі ұрпақтарының пұшайман халін көрсе, жылар ма еді әлде күлер ме еді? 

Кешегі Кеңес Одағының құрамында болған республикалардың, қазіргі тәуелсіз мемлекеттердің журналистері түрікше өткен жиыннан түк түсінбей, Анталиядан арнайы алдырған тілмашқа жан-жақтан жамырай жармасқанын көрсеңіз ғой... Тек әзербайжандық әріптестеріміз ғана түріктерге бір табан жақындықтарын танытып, тәржімәшіге тәуелді бола қоймады.

«Бармасаң, келмесең – жат боларсың» деген дана халқымыз. Ендеше ежелден еркіндік аңсаған ер Түрік ұрпақтарының емен-жарқын жүздесулері азаймасын, ағайын!

Талғат БАТЫРХАН, 
«Егемен Қазақстан» – Кастамонудан (Түркия)