Тарих • 26 Қаңтар, 2018

Қажының фотосы қалай табылды?

750 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халқымыздың көрнекті ой­шыл-ақыны Шәкәрім Құдай­бердіұлын көзі тірісінде ел-жұрты атын атамай «қажы» дейтін болған. Осы қажы атамыздың бәрімізге белгілі үш фотосы бар. Соның бірі 1924 жылы түскен суреті: Шыңғыстаудың жатаған жота-қырқаларының бірінде Шәкәрім Құдайбердіұлы тұр.

Қажының фотосы қалай табылды?

Қажы жалаңбас, бас киімін шешіп қолына ұстаған. Фотосының астында орысша «т.№ 37. Хребет Чингиз. Верховья речек. На пе­ред­­ным плане каз. поэт и писатель Шакерим Қудайбердин» деп жазылған. Аталмыш жәдігерді тапқан адам Лаура Қадырова атты қарындасымыз дегенді көп естуші едік. 

Өткен айда Семейге барған сапарымызда қалалық қазіргі заман тарихын құжаттандыру орталығы ғылыми-анықтама­лық және құжаттарды пайдалану бөлімінің басшысы Лаура Қаб­дыл­ғазықызына жолы­ғып «Қажы­ның фотосын қалай тап­ты­ңыз?» деген сұрақ қойып, мәсе­ленің мән-жайына қаныққан едік.

Қарындасымыздың жауа­бынан ұққанымыз, ол 2009 жылы Семей қаласындағы Қазіргі заман тарихи құжаттама орталығы­ның оқу залында археограф қызметін атқарып жүріпті. Міндеті – архив құжаттарымен танысуға кел­ген ізденушілерге қажетті ақпар тауып беру. Сол тұста ұлт тарихына қатысты архивтік құжаттар­ды іздеушілер де көп болыпты. Дені ғылым жолын қуған жас­тар мен байырғы зерттеушілер екен. Бірде Семей-Ертіс аумағын суландыру мәселесі бойынша материал қарастырып жүрген зерттеуші-ізденуші Кенже­ғазы Шүленбаев дейтін азамат келіп, өлкені суландыру тарихына қа­тыс­­ты құжаттарға тапсырыс беріпті. 

 Бұл кісіге қажет папка­лар­­ды өз қолыммен әкеліп беріп едім, дейді Лаура қарындасымыз, аздан соң ағай «қызым, мына құжаттар маған қажет емес екен» деп екі папканы қайтарып бер­ді. Әлгілерді алдым да іс-құжат ретінде қорда тіркелген мекен-жайы бойынша өткізуге алып бара жатып, кенет түйсігіме «осы­лардың ішінде не бар екен қарап шығайыншы» деген ой ұя­лай қалғаны. Сөйтіп қо­лым­дағы папкаларды айналдырып әкеліп, үстелдің тартпасына салып қойып, жұмыстың соңына таман қарап шығуға бекіндім. Соның ішінде назарымды айырықша аударған дүние 1925 жылы түсірілген фото, құжаттар топтамасы болды. Жұмыстың аяғында папканы қолыма алдым да, ондағы әрбір фотоға мұқият зер салып үңілдім. Кенет қыратты-адырдың ортасында тұрған ақсақалдың бейнесі көзіме оттай басылды. Бірден таныдым. «Мәссаған, мынау Шәкәрім ата ғой» деп фотоны көкірегіме басып ұзақ отыр­дым. Осылай қажы атамыздың үшін­ші фотосын тауып алу бақыты бұйырды...

Ал фото табылған архив­тік құжаттың сипатына келер болсақ, Қазақ автономиялық социалистік кеңестік респуб­ликасы Жер халық комиссариа­ты Семей губерниялық жер басқармасының тапсырмасымен 1924-1925 жылдары Шыңғыстау уезіне қарасты Бақанас пен Байқошқар өзендерінің бойын және Шыңғыстаудың күнгей жағын суландыру жұмысын зерттеген экспедицияның атқарған жұмысы жөнінде қорытынды есеп екен. 

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, 
«Егемен Қазақстан»

Астана – Семей – Астана