Өнер • 28 Қаңтар, 2018

Аулыңа барушы едім...

775 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ халық әндерінеде көбінесе алдыңғы екі жолы соңғы екі жолына қызмет ету үшін, яғни ұйқас үшін тұрғандай сезіледі. Алайда, олай емес, қайта бұл оның негізгі ерекшелігі деуге болады. Керек десеңіз, ол қазақтың ойлау жүйесі десек те болады.

Аулыңа барушы едім...

Әдебиеттегі, кинодағы белгілі оқиғаны баяндау үшін ортаны таныстырып алу заңдылығы қазақ әндерінде, қара өлеңдерінде ежелден бар үлгі.
«Баянауыл басынан бұлт кетпес,
Қиядағы түлкіге құсым жетпес» деп басталған әнде Баянауылдың басындағы бұлттың жігіт мұңы екенін бірден түсінесіз. Қиядағы түлкі – қыз, жете алмаған құсы – арманы, яғни өзі емес пе?! Халық әндерінде мұндай тұспал жетіп артылады. Бірақ, бір қарағанда бөлек тұрғандай сезіледі.
«Жем түссе аяғына ат сүріншек,
Келгенде жиырма беске қыз – еріншек» деп, мүмкін отырған қызды аяғына жем түскен атқа теңеп, оның жас күніндегідей қыдырысты жүрісінің азаюын меңзеп, соны аяғына жем түскен атпен байланыстыра айтып тұрған жоқ па?! Аяғына жем түсуді тарқатып жатпай-ақ қойсақ та болатын шығар, қысқаша айтқанда қатты шауып келген мініс ат немесе жүйріктің қанын таратып аяңдатпағаннан буынға қанды сарысу жиналуын айтады. Оны елемесе ат сылтып ақсап немесе сүріншек болып, ұзақ жүріске жарамай қалады. Мәтін жалғасындағы:
Осы әнге шаттандырып салады екен,
Түбінде зәймкенің бір келіншек. - деген жолға қарасаңыз, ұзатылып кеткен қыздың аяғы ауыр болған жағдайынан хабар беріп тұрғандай да әсер беретіндей ме, қалай? Ал, ән шығарушы ер азамат десек тіпті басқаша түсінуге болатын секілді... Көнеден жеткен бұл әнді әркім әр қалай түсініп, әр қалай тыңдар, айтпағымыз, қалай десек те, ән мәтініндегі алдыңғы ойдың шарпуы кейінгі жолда айтылған сөздің мағынасын кеңейтіп тұрғаны анық. Біз бұл жерде әннің тарихын немесе қалай шыққаны жайын емес, әнді тыңдаушының қабылдауы туралы сөз етіп отырғанымыз түсінікті болар.

Осы секілді «Ғазизагүл» әніндегі:
«Айналайын қарағым, келдің қайдан,
Алма мойын ақ үйрек ұшар сайдан.
Мекеніңді ей, қалқа, айтып қойшы,
Жат болмағы адамның осындайдан» дейтін бір шумақ өлең ұшқан құстың да дерегі болады, сенің де ел-жеріңді біле отырайық, бір отырып кездескенде танысып, ұғыспай кете берсек жат болатындығымыздың себебі сол деген ыңғайдағы бастан аяқ байланысып тұрған тұтастай сөйлем емес пе? Бүгінде өзгешелеу қалыптасып қалалық салтымызға қарап отырып, шынымен де жат болмағы адамның осындайдан екен-ау дейсің... Бұл классикалық ән мәтіндеріндегі ең қарапайымы.

«Мінгенім дәйім менің алқарагер,
Шайнайды ауыздығын сол қарагер.
Барында тіршіліктің ойна да күл,
Жалмайды бәрімізді сұм қара жер» дегендегі алқарагері ат емес тіршілік екені туралы анықтап айтып беруге болады.

Кейде халық әндерінің мәтіндерінің кеңестік цензураға аса қатты ұшырамай қалпын сақтап қалуының өзінде оның бір қарағанда байқала бермейтін осындай ішті, сырлы табиғатының да септігі тигендей болады да тұрады...

Сондықтан халық әндеріндегі сөздерді өз түсінігімізге салып бұрмалай беруге болмайды. Ал, айтушылар сөздің астарына барынша бойлауым ләзім. Мысалы қазақтың «Екі жирен» дейтін ғажайып әні:

«Көшкенде жылқы айдаймын аламенен,
Аулыңа барушы едім даламенен» болып шырқалып жүргеніне тыңдарман куә. Көп әншілеріміз осылай орындапты. Қисынсыз-ақ. Ауылына даламен бармағанда жердің астымен бара ма? Әлде аспанмен бе? Ол онсызда түсінікті. Ал, далада туған ән далалық мінез, далалық болмыс, далалық сырымен ерекше. Мәтіннің дұрысы: «Аулыңа барушы едім саламенен». Бұл нұсқа «Сыр сандық» атты қазақ әндерінің антологиясында да (құраст.: Қ.Ә.Қайрат Байбосынов, А.Ж.Нығызбаев, Қ.Х.Айтбаев) осылай жазылған. Кәдімгі Дулат Бабатайдың «Аққанда бұлақ сай-салаң, Шытырман тоғай айналаң...» дегеніндегі сала. Ауылыңа көлденең көзден тасаланып барушы едім дегенді айтып тұрғандай. Ал, бірінші тармақта баран, торы емес алабайрақ ат мініп жылқы айдаған азаматтың көштегі қыз көзіне айшықталып түскісі келген аңсарлы ойын аңғарамыз десек, көшпелі дәуірдің өзгеше махаббат тілінің нәзік құпия қалтарысына бір сүңгіп шыққандай күй кешуге болады.

Біз сезіністі айтамыз, қазір Абай атамыз айтқан «Адам аз мұны біліп ән саларлық, Тыңдаушы да аз сол әннен баһра аларлық» дегеннің көкесі болып-ақ тұрған шақ. Сөздері бұрмаланып айтылатын әндердің де қатары молаймаса азаймай тұр...

Ұларбек НҰРҒАЛЫМҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар