Қазақстан • 29 Қаңтар, 2018

Бас қала баспана салудан көш бастап тұр

444 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Былтыр еліміз бойынша жалпы аумағы 11,2 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліпті. Бұл – 100,8 мың баспана. Ал сол 11,2 млн шаршы метрдің 2,4 млн шаршы метрі биыл 20 жылдығын кеңінен атап өтуге дайындалып жатқан Астанаға тиесілі. Бұл басқа өңірлермен салыстырғанда ең жоғары көрсеткіш.

Бас қала баспана салудан көш бастап тұр

Жалпы, елімізде тұрғын үй салу жұмысы жыл санап жанданып келеді. Былтырдың өзінде пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 2016 жыл­ғымен салыстырғанда 6,2 пайызға арт­қан. Осылайша тұрғын үйді іске қосудың жыл­­дық жоспары 111 пайызға орын­далып­­ты. Мұның бәрі елімізде «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құры­лысы бағ­дар­ламасының арқасы дейді мамандар.

Үкімет «Нұрлы жер» бірыңғай тұрғын үй құрылысы бағдарламасын 2016 жылдың соңында Президент тап­сыр­масымен әзірлеген болатын. «Нұрлы жер» бойынша 15 жылда 1,5 мил­­­лионға жуық қолжетімді тұрғын үй салу жоспарланған. Бағдарламаның не­гіз­­­гі мақсаты да сол – халыққа тұрғын үй­­­дің қолжетімділігін одан әрі арттыруды қам­тамасыз ететін тұрғын үй құры­лы­­­­сын дамыту мәселелерін кешенді шешу.

Атап айтсақ, былтыр тұрғын үй құры­­лысына 979,8 млрд теңге инвестиция тартылған, бұл оның алдындағы жыл­ғы деңгейден 18 пайызға жоғары.

Өткен жылы салынған 100,8 мың бас­пананың 75,8 мыңы жеке сектор есебінен, 25 мыңы мемлекеттік инвестиция есебінен жүзеге асып отыр. Олардың 27,9 мыңы жеке үйлер, ал 72,9 мыңы көп қабатты үйлердегі пәтерлер. Ал өңірлерде тұрғын үй құрылысына қажетті инфрақұрылымды жүргізу үшін 77,3 млрд теңге бөлінген, өткен жылы оның 99,5 пайызы немесе 76,9 млрд теңгесі игеріліпті.

Республика бойынша тұрғын үйді пайдалануға беруден 2,4 млн шаршы метрмен Астана қаласы көш бастап тұр. Одан кейінгі орындарды Алматы қаласы (1,9 млн м2), Маңғыстау (833 мың м2) және Ақтөбе (792,3 мың м2) облыстары иеленген.

Жалпы, тұрғын үй салудан Астана­ның көш бастап тұруы қатты таңға­ларлық құбылыс емес. Себебі жыл санап өсіп, кеңейіп-қанат жайып келе жатқан бас қаланың тұрғындар саны да күн санап артып келеді. Соған сай баспанаға қа­жет­тілік те күшейе түсетіні анық. Мәсе­лен, өткен жылдың басында-ақ үй алуға 44 мың адам кезекте тұрыпты, соның 6 мыңнан астамы 2016 жылы ғана кезек­ке тұрғандар. 2016 жылы кезек­тілік тәр­­ті­бімен және тұрғын үй бағдар­лама­лары шеңберінде азаматтарға 603 пәтер берілген.

«Нұрлы жер» бағдарламасы шең­берінде 2017-2021 жылдары елорда бо­йынша шаршы метрі 1000 АҚШ долларына дейінгі бағаға 40 мың пәтер тапсырылады деп жоспарланған. Соның ішінде бюджет қаржысы есебінен қалалық құрылыс басқармасы арқылы 8247 пәтер, яғни 5940 несиелік, 2307 арендалық бас­пана берілмек.

Тоқтала кететін тағы бір жайт, өт­кен жылдың тамызында Мемлекет бас­шы­сының өңірлерді әлеуметтік-эко­н­о­микалық дамыту жөніндегі кеңес­­те берген тапсырмасы бойынша бағ­­дар­ла­ма­ға екінші деңгейлі банк­тер­ді белсенді тарту және оны іске асы­ру­дың тиімділігін арттыру туралы өз­герістер мен толықтыру­лар әзір­ле­ніп, қабылданды. Енгізілген алғашқы өз­гер­істер бағдарлама тетіктерін өзек­тен­діруді көздеді. Айталық, құжат­қа Астана қаласында тұрғын үй құры­лысы­­ның проблемалы нысандарын қар­жыландыру тетігін іске асырудың нор­­маларын регламенттейтін бөлім қосыл­­ды. Аяқталуы тиіс нысандар тізі­мін қала әкімдігінің ведомствоаралық ко­­мис­­сиясы анықтайды. Мұның өзі елор­да­дағы ең өзекті баспана мәселесінің бір­шама шешілуіне септігін тигізер деген сенімдеміз. Сондай-ақ көпшілік көке­­йінде жүрген тағы бір мәселе – «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы Аста­надан жер алу жайы. Алайда жа­қында Үкімет үйінің баспасөз орта­лы­ғында айтылған мәлімет­ке сүйенсек, жеке тұрғын үй құрылысына жер телім­дерін бөлу тәртібі бойынша Астана мен Алматыдан жеке тұрғын үй құ­рылысына жер телімдерін бөлу қарас­тырылмаған. Бірақ жерге болмаса да үйге қол жеткізуіңіз әбден мүмкін. Енде­ше өз мерейтойы қарсаңында «Нұрлы жер» бағдарламасымен елор­дада салынған және салынатын бас­п­а­наның көп болуын ғана тілейміз.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»