Өнер • 29 Қаңтар, 2018

Сұңқары еді елімнің

934 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ауыздан шыққан сөз – атылған оқ. Пленумға қатысқандардың ішінде «троцкийшілсің» деп айып­талған жалғыз Сәкен еді. Мора­ль­дық тұрғыдан езіп-жан­шылған, жүрегі қан жылаған Сәкен енді қалай ақталамын деп қағаз-қала­мын алып болғанша сталиндік террордың от-жалыны ел шетіне жетіп қалған болатын.

Сұңқары еді елімнің

Жырының оққа ұшса да  бұлбұл құсы,

Ажалды жеңген жанның  бұл мықтысы!

Бір туып, екі өліп, мың тіріліп,

Бізбен бір отырғаны –  шындық күші.

Тайыр Жароков

Ресей халықтарының ұлт­тық мүдделерін қорғап, оны ны­ғайта беруге бағытталған іс-ша­раларының қандайы болсын Сталин бұған қолма-қол қар­сы шығып, «ұлтшылдық уклон»­ деп бағалайды. Солай бола тұр­са да, ол Лениннің көзі тірі ке­зінде көпшілік тарапынан қызу қолдау таба қоймады. Сондықтан болар, партияның ХII съезінің (1923) ұлттық мәселе жөніндегі шешімінде жергілікті емес, «ұлы­державалық уклонның» аса қауіп­тілігі баса көрсетілді. Бірақ ештеңеден шегінбейтін Сталин съезден кейін бұл шешімді жоққа шығару үшін қолдан келгеннің бәрін істеді. Мәселен, «көріңдер, байқап жүріңдер!» деп белгі бергендей, түркі тектес халықтардың аса көрнекті өкілінің бірі, Наркомнацтың коллегия мүшесі, белгілі татар большевигі қазақ зиялыларымен (Т.Рысқұлов, С.Қожанов, т.б.) пікірлес жүрген М.Сұлтанғалиевке террор жүргізу үшін ұлтшыл-уклонды әдейі өріс­тетті деген жалған істі ОГПУ ар­қы­лы сотқа дейін жеткізіп, қуғын-сүргінге түсірген, кейін атылып кеткен.

Ұлтшылдармен күрес науқаны біртіндеп Қазақстанға да жетті. III партия конференциясында (Орынбор, 1923) РКП(б) Орталық Комитетінің өкілі Е.Ярославский Қазақстанда тап күресі бар екен­ді­гін мұндағы коммунистер көр­мейді, көрсе де білмеген болады. Бұларда ұлтшылдық пиғыл басым, сол себепті тап күресін тиісті дәрежеде жүргізе алмай отыр деген ой өрбітіп, Сәкеннің «Азия (Еуропаға)» деген өлеңін мысалға келтіреді. Мұнда белгілі бір жат идео­логияның салқыны бар. Бұл тап­тық күрес емес, ұлттар күресі дейді».

 Елдің бір топ белгілі азаматтары мұндай пікірмен келіс­пейді. Үкімет басшысы Сәкен Сейфуллиннің өзі бас болып, Меңдешев, Сәдуақасов, Нұрмақов, Мұстанбаев қостап, барлығы 14 адам Орталық Комитетке нара­зылық білдірген хат жолдайды. Жауап хатта «қазақ жолдастарға ұлтшылдар деген беталды айыптау жасалған жоқ, ал ұлтшыл-укло­нистік көзқарастарды сынға алу әбден орынды және бұл пар­тияның әрбір мүшесінің ажы­рағысыз правосы ғана емес, соны­мен бірге міндеті де болып та­бы­лады» деп жауап берілді. Яғни жергілікті ерекшеліктерді елеусіз қалдырмайық деген қазақ зия­лыларын орталық «ұлтшыл укло­нистер» деп айыптады деп түсінуіміз керек. Сөйтіп бұл партия конференциясы қазақ елінің түбегейлі мәселелерін шешудің орнына кейін үлкен саяси науқанға айналған 37-нің ойранына негіз қалап кетті.

 * * *

1936 жылдың 10 қаңтарында Минск қаласында КСРО Жазу­шылар одағының кезекті пленумы өз жұмысын бастады. Белгілі қаламгер Новиков-Прибойдың ұсынысы бойынша құрметті президиумдағы жиырма адамның ішінде төрде сол кезде БК(б)П Орталық Комитетінің секретары Н.И.Ежов (сол жылдың қыр­күйегінен бастап тікелей НКВД-ні қоса басқарған) та отырған.

Пленумда Бейімбет Майлин башқұрт әдебиеті жайлы пікір айтқысы келіп еді, бірақ оған сөз берілмеді. 12 қаңтарда өткен пленумның бесінші мәжілісінде жарыссөзге Ф.Березовский қа­тысты. Қазақ әдебиеті туралы ой бөлісті. Оның көрнекті өкіл­дерінің шығармашылығына баға берді. Алайда байқаусызда жаңылып айтқан сөз үшін оның авторы ғана емес, кімге бағытталса сол адам да зиян шегуі мүмкін ғой. Мәселен, Березовский былай дейді: «...Алайда ол өзінің «Қызыл ат» поэмасында және басқа да кейбір шығармаларында троцкийшілдікке тән саяси қате­ліктер жіберді. Қазір ондай кем­шіліктерден Сейфуллин арылған».

Ауыздан шыққан сөз – атылған оқ. Пленумға қатысқандардың ішінде «троцкийшілсің» деп айыпталған жалғыз Сәкен еді. Моральдық тұрғыдан езіп-жан­­шылған, жүрегі қан жылаған Сәкен енді қалай ақталамын деп қағаз-қаламын алып болғанша сталиндік террордың от-жалыны ел шетіне жетіп қалған болатын.

Негізінде Березовский бөтен адам емес. Сәкен шәкірт кезін­де жақындасып, кейін кеңес дәуірінде онымен шығармашылық достық қарым-қатынасын үзбе­ген. Бұл жөнінде орыс ақыны К.Алтайский былай дейді: «Фео­ктист Березовский өзінің қазақ достарын ешуақытта есінен екі елі шығармайтын. Әсіресе қа­дірлі досы Сәкен Сейфуллинді әкелік көңілмен еске алып, аузы­нан тастамайтын». Қалай десек те, Березовскийдің Минскіде өткен пленумдағы сөзі Ежовтың көзінше айтылып, ресми қатталуы жақсылықтың нышаны емес еді.

Бірақ солай болса да, 1936 жыл Сәкен үшін жемісті күндер сияқты көрінгені рас. Мамыр айын­да Мәскеуде қазақ өнері мен әдебиетінің бірінші онкүндігіне қатысты. 26 мамырда екі ақын – Сәкен Сейфуллин мен Жамбыл Жабаев қазақ жазушылары арасынан тұңғыш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталды. Ал Қазақстан жұртшылығы бір айдан соң ақиық ақынның әдеби қыз­метіне 20 жыл толуын атап өтуіне орай осы мереке туралы Қа­зақстан Орталық Атқару Коми­тетінің Төралқасы арнайы қаулы қабылдады.

 * * *

Бұл уақытта Мәскеуде «халық жауларымен», ұлтшылдармен, троцкийшілермен күрес күшейе түскенін көпшілік сезіне бастаған. Тап сол кезде, 1936 жылдың 26 шілдесінде, КСРО Орман шаруашылығы комиссариатының бірінші орынбасары қызметін атқарып жүрген Сокольников (шын аты-жөні Гирш Янкелевич Бриллиант) Григорий Яковлевич партия қатарынан шығарылып, келесі күні қамауға алынды. Бұл кеңестер елінің көрнекті мемлекет қайраткері болатын. Ол тікелей Ленин мен Сталиннің қарамағында істеп, КСРО-ның алғашқы қаржы халкомы (1923) болып істеген, Гаага конференциясына (1922) қатысқан, БК(б)П ОК-ге кандидат (1922), мүше (1930) болған. 1925-1926 ж. Г.Е.Зиновьев, Л.Б.Каменев араласқан «жаңа оппозиция» деген ұйымның жұмысына қатысқан. «Антисоветтік троцкийшіл параллель орталық» деген ұйымның мүшесі және С.М.Кировтың қа­засына қатысы бар деген қол­дан жасалған жалған құжатпен айып­талған. НКВД-нің пайымдауынша, Сокольниковке тағылған ауыр қылмыстың бірі оның Германия мен Жапония елдерінің барлау органдарымен байланысы бо­­лып­­ты-мыс. Сот барысында со­­нымен бірге ол қатысқан ұйым­­­ның бағдарламасында пар­­­тияның «индустра­­­лиза­­ция, ұжымдастыру сая­са­ты­­­­нан­ бас тартып, жергілікті жерде ка­­питализмнің дамуы көзделді», – деп атап көрсетілді. 1937 жылдың 30 қаң­тарында он жылға бас бостандығынан айырылған. Ресми дерек бойынша камерада бірге отырған серіктесі өлтіріп кеткен. Г.Я.Сокольников (марқұм) 1988 жылдың 12 маусымында ақталып, сол жылдың аяғында партиялық құқығы қалпына келтірілген.

Бұл жерде біз неге оны осын­ша сөз қылып отырмыз? Се­бебі бұл кісінің аты-жөні Сәкен Сейфуллиннің негізгі айып­таушысының бірі есебінде қыл­мыстық істің бел ортасында жүр. Айыптау қорытындысында ол «1936 жылы антисоветтік жұ­мысты жүргізу мақсатымен халық жауы Сокольниковпен байланыс жасаған» делінген. Оның отбасын тілге тиек етсек, үш рет үйленген (ресми түрде соңғысымен ғана некелескен). Бірінші әйелі – Фаина Матвеевна Зархи. Екінші әйелі – Мария Васильевна Щекотихина. Екеуі де қарапайым шенеуніктер, бұлардың қылмыстық іске қа­тысы жоқ. Ал үшінші үйленген әйелі (1926) жазушы – Галина Иосифовна Серебрякованың (7.12.1905 – 30.06.1980) тағдыры мүлдем басқаша. Ол қандай отбасынан шықты десек, әкесі көрнекті большевик, ғалым-дәрігер Иосиф Моисеевич Бык-Бек (18.10.1882 – 5.1.1937, еврей, репрессияға ұшырап, содан марқұм 1958 жылы ғана ақталған). Анасы – Бронислава Сигизмундовна Красутская, поляк, ВЧК қызметкері, Дзержинскийдің аппаратында істеген. Әке-шешесі революционер болған Галина ерте есейеді.

1919 жылы Галина Иосифовна РК(б)П мүшелігіне өткен. 1923-1924 жылдары Л.П.Серебряковтің әйелі, одан ажырасып екінші рет басқа кісімен тұрмыс құрғанда өзара келісіп, бұрынғы фамилиясын сақтап қалған. 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде Фадеевтің кабинетінде С.Сейфуллинмен танысады. Кейін Мәскеу жанындағы саяжайында Сәкенмен бірге арнайы Сәбит Мұқановты да қонаққа шақырады. Осы жағдай кейін Галина Серебрякованың істі болып, он жыл сотталуына негіз болған. Сәкен бұл туралы өзі былай дейді: «...Тергеу кезінде маған зорлық-зомбылықпен қол қойдырған куәлік бар. Онда «ұлтшылдар мен буржуазияшыл троцкийшілермен байланыс орнату үшін Серебрякова арада жүрді» деп жазылса керек. Ондай оқиға өмірде болған емес. Мен ол куәлігімнен бас тартамын. Зорлық-зомбылықпен қол қойғызған ақпардың жалған екенін ашып және анықтап айтамын. Тағы да қайталаймын: мен мына дүниеден өтер шағымда өзімнің де арыма, атақты орыс жазушысы Галина Серебрякованың арына да дақ салмай, адал өлуді қалаймын. Жалған куәліктен бас тартамын» (Сәкен Сейфуллин. Энциклопедия. – Алматы. «Темірқазық» баспасы, 2010, 460-б.).

 * * *

Алматы. 1938 жылдың 25 қаңтары. 16 сағат 40 минут. КСРО Жоғарғы соты көшпелі әскери коллегиясы сессиясының жабық мәжілісі. Күн тәртібінде – Сәкен Сейфуллиннің қылмыстық ісі. Мәселені шешетін Мәскеуден келген адамдар – А.Д.Горячев, Г.А.Алексеев, А.И.Микляев, Н.И.Шапошников. Осы әскери соттың ұйғарымы бойынша сол күні 39 азаматпен бірге ақын бабамыздың да ісі қаралмақ.

Мәжіліс хатшысы Н.И.Шапош­ни­ков айыпталушы Сәкен Сей­фул­линнің күзетпен залда отыр­ғандығын мәлімдеп, айыптау қо­рытындысын оқиды. Сонда, ол қандай қылмыс жасапты? Енді соған назар аударып көрейік. Сөйтсек, ол 1922 жылдан бас­тап Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасында оңшыл троц­кийшіл және терроршіл ұйымның іс-шараларына қа­тысыпты-мыс. Кеңес өкіметін құлатуды мақ­сат еткен. Қарулы көтеріліс ұйым­дастырып, Кеңес Одағынан Қа­зақстанды бөліп әкетуге әрекет жасаған. Жапонияға арқа сүйей­ді. Қазақ буржуазиялық мем­лекетін құруды көздеген контр­ре­волюциялық буржуазия­шыл, ұлтшылдық, көтерілісші-тер­рористік және бүлдіруші-зиян­кес­тік ұйымға мүше болады. Оған жаңа адамдарды тартып, әдебиет саласында зиянкестікпен шұғылданады.

Төрағалық етуші айыпталушыға оның жасаған қылмысының мән-жайын түсіндіреді де:

– Сіз өзіңізді кінәлімін деп есетейсіз бе? – деп сұрайды.

– Жоқ. Ешқандай қылмыс жаса-
ған емеспін. Алдын ала жүргізілген тергеуде айтылған деректерді растамаймын.

Осы кезде Сәкенге Асылбеков­тің, Кенжиннің, Жаманмұрынов­тың, Ғатаулиннің, Қадырбековтің және басқалардың тергеуге берген жауаптарының көшірмелерінен үзінділер оқылады (Куәләрдің өзі емес, олардың басқа іс бойынша хаттамаға тіркелген жауаптары­ның­ көшірмелерінен үзінді – А.К.).

– Мұның бәрі жала. Мен еш­қандай контрреволюциялық ұйымда болған жоқпын және оған ме­нің тарапымнан ешкім тартылмады. Сокольников менің өмірі көрмеген адамым.

Сәкен жар жағасында тұр еді. Соған қарамастан алдында тұрған жендеттерден қаймықпады, шындықты айтты. Ешқандай қыл­мысты мойындамады, «жоқ, мен емес – анау» деп ешкімді көр­сетпеді, біреуге пәле жаппады. Жарық дүниемен қоштасар сә­тінің жақын екенін сезсе де, басын жоғары ұстады. Неше түрлі зорлық-зомбылықты бас­тан кешірсе де жан дүниесінің жарқын, адамгершілігінің биік екендігін көрсете білді.

Сәкен Сейфуллин РСФСР қыл­мыс­тық кодексінің 58 статьясы­ның 2, 7, 8, 11 баптарымен айыпталады және ең жоғары қылмыстық шара – ату жазасына кесіледі. Сә­кеннің ісі 20 минутта қаралып бітті.

Әділетсіз заманның зұлмат зұлымдығы ақиық ақынды қанды шеңгеліне алып, ақыры небәрі 43 жа­сында мерт қылды. Үлкен жүрек соғуын тоқтатты. Дауылпаз жыл­дар жалғаспай қалды. Бұл 1938 жылдың 25 ақпаны еді. Келесі күні тап осындай үкім­мен­ ақынның қаламдас достары,­ қазақ әдебиетінің алыптары,­ жазықсыз жала жабылған Ілияс Жансүгіров пен Бейімбет Май­лин де атылып кете барды. Мұң­дас, сырлас, пікірлес болған үш бәйтерек, әдебиетіміз бен мәде­ние­тіміздің әрдайым төрінде тұрған – Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің жатқан жері бір, зираты ортақ болды. Олар асуы болса да шатқалы көп, өзендері болса да өткелі жоқ, наласы мол заманда өмір сүріп, ұлылығын таныта білді.

Амантай КӘКЕН,

сәкентанушы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі