Аймақтар • 29 Қаңтар, 2018

Ақтөбеде мүмкіндіктер сараланған жиын өтті

344 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Н.Назарбаев биылғы Қазақстан халқына Жол­дауын­да қойған он міндетке байланысты Ақтөбе облысын­да қандай істер тындырылмақ? Бұл сауалға осыған орай өткізілген актив жиналысында жан-жақты әрі егжей-тег­жейлі жауаптар қайтарылды. Басты мәселенің түйінін Ақ­төбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев тарқатып берді. 

Ақтөбеде мүмкіндіктер сараланған жиын өтті

Ақтөбе – көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға өте ыңғайлы өңір. Ең бастысы, мұн­да оны өрге бастырудың жаңа мүмкіндіктері мен пайдала­нылмаған резервтері бар. Актив жиналысы кезінде бұл үшін бірінші кезекте жергілікті және республикалық маңызы бар автокөлік жолдарына күр­делі жөн­деулер жүргізу қажет­тігі атап өтілді. Биыл облыс аума­ғын­­да Ақтөбе – Атырау – Астра­хань ха­лықаралық автомобиль жолы­ның құрылысы қызу қарқын ал­мақ. Сондай-ақ Шал­қар – Ырғыз авто­жолын күр­делі жөндеуден өткізуге, әрі об­лыс орта­лығын­дағы айналмалы ас­палы көпір­лер құрылысына байланысты жаңа шешімдер белгіленбек.

Жолдауда қойылған бе­сінші міндетке байланысты облыста құрылыс саласын­да және тұрғын үй-коммунал­дық шаруа­шылық секторын­да да жаңа өзгерістердің түнді­гі түрілмек. Соның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыруға орай 870 мың шаршы метр баспана пайда­лануға берілмек.

Ақтөбе инновация мен өн­ді­рісті дамыту ісінде және инно­вациялық қаражаттар тарту тұр­ғысында республика өңір­лері арасында көш бастаушы өңір­­лердің қатарынан орын ала­ды. Бұған мысал ретінде өт­кен жылы өңірге 437 миллиард теңге инвестициялық қара­жат тар­тыл­ғанын айтсақ та жет­кілікті. Ал биылғы меже – жарты триллион тенге көлемінде болмақ.

Мемлекет басшысы Жол­дауы­ның биылғы басты өзегі адами капиталды дамыту екені белгілі. Осы орайда облыста білім, денсаулық сақтау, мәде­ниет, спорт, саламатты өмір салтын орнықтыру мәселелері бойынша жаңа көкжиектер ашылмақ. Соның ішінде 2020 жылға дейін бүлдіршіндерді балабақшамен 100 пайыздық деңгейде қамту жөнінде нақ­ты іс-шаралар кешені жасал­ған. Сондай-ақ өт­кен жылы облыста 15 орта мектеп үйінің құр­ылысы аяқталып, пай­дала­нуға берілсе, биыл 26 мектеп ғимараты тұрғызылуда. Жол­дауда қойылған цифрлан­­ды­ру мен ақпараттық-анықта­м­а­­­лық жүйені бір ізге келтіру үшін өңі­р­­де арнайы жұмыс тобы құрылған.

Әрине, аймақта барлық қо­ғамдық-тұрмыстық мәселе­­­лердің шешімі табылған десек, шындыққа көлеңке түсіріп алармыз. Айталық, облыс аумағы интернет жүйесімен 100 пайызға жуық қамтылғанымен, Ойыл, Ырғыз, Шалқар, Темір секілді шалғай аудандарда оның жылдамдығы төмен екені де рас. Кәсіптік-техникалық білім беру орындарының тиімділігін көтеру мен информатика саласына қажетті мамандар әзір­леу және дуалды оқыту әдісін жетілдіру ісінде өз кезегін күтіп тұрған істер де жеткілікті.

Еркін елдің ертеңі – бүгінгі бүлдіршіндер мен жеткін­шек­тер. Кез келген қоғам мен мем­лекет­тің ізгілігі оған қанша­лық­ты деңгейле қамқорлық жа­сал­­ғанымен көрінбек. Осы тұр­ғы­да адами капиталдың жаңа сапасын айқындап бер­ген Пре­зиденттің биылғы Жол­дауының орны айырықша. Мұн­да елдің болашағы жастарға қатыс­ты мерейлі міндеттерді дәс­түр сабақтастығына қоса, бү­гін­гі жаңаша көзқарас жағ­да­йын­да жүзеге асыру жолдары айтылған. Қалай дегенде де, бүгінгі жастар тәрбиесінің бас­ты өзегі патриоттық тәрбие, отаншылдыққа үндеу, өнегелік салт-дәстүрімізді одан әрі да­мы­ту болып қала бермек. Бұл ретте активте сөйлеген сөзін­де Ақтөбе облысының әкімі Б.Сапар­баев биылғы жыл облыста балалар жылы болып жария­ланғанын жеткізді.

Түйіп айтқанда,  актив жиналысында Жолдауда қоз­ғал­­ған міндеттерге сәйкес өңірі әлеу­меттік-экономикалық тұр­ғы­дан дамытудың барлық мүм­кін­діктері жан-жақты сараланды.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе