Қысқы спорт • 29 Қаңтар, 2018

Норвегия: Қысқы спорттың қаһармандары

596 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Таяуда Оңтүстік Кореяда XXIII қысқы Олимпия ойындары басталады. Дүбірлі дода жақындаған сайын шартараптың сайыпқырандары асай-мүсейін сайлап, «бес қаруын» асынып, соңғы дайындығын пысықтап жатыр. Норвегия спортшылары алдағы байрақты бәсекеден мол олжамен оралатынын айтып, алақанын ысқылап отыр. 

Норвегия: Қысқы спорттың қаһармандары

Жалпы, Норвегия – әлемдегі ауқатты елдің бірі ғана емес, спорттан ешкімге дес бермейтін алпауыт держава. Мұндай тұжырымға көз жеткізу үшін халқының саны 5 миллионнан сәл асатын сканди­на­виялық мемлекеттің Олимпиадада алған медальдарын санап шығу жет­кілікті. Қазіргі таңда қысқы спорт­тағы медаль саны бойынша Нор­вегия өзгелерден оқ бойы озып тұр. Олардың қоржынында 118 ал­тын, 111 күміс, 100 қола медаль бар.

Викингтер елінің жеңіс жылнамасы ертеден бастау алады. Қысқы Олимпия ойындары 1924 жылы тұңғыш рет Францияның Ша­мони қаласында өткізілді. Әлем­нің 16 елі қатысқан сол додада Нор­вегия жалпы саны 17 медаль жеңіп алды. Оның 4-еуі алтын, 7-еуі күміс, 6-ауы қола жүлде. Ал Олимп шыңын бағындыруға аттан­ған спортшылар саны небәрі 14 ғана болатын. Содан бері сканди­на­виялық спортшылар медальды қос-қостап алып келеді. Әлі күнге дейін бірде-бір мемлекет Норвегия секілді көп жүлдеге ие болмаған. Оның үстіне, Норвегия – жүлде саны 300-ден асқан тұңғыш әрі жалғыз мемлекет.

Шамонидегі (Франция, 1924 жыл) додадан кейінгі алты олимпиадада Норвегия алдыңғы қа­тар­да болды. АҚШ-тың Лейк-Плэ­сид (1932 жыл) қаласында өткен ойын­да командалық есепте екінші орын алып қалды демесең, қалған­дарында ешкімге дес берген жоқ. Нор­вегияда қысқы Олимпия ойын­дары тұңғыш рет 1952 жылы өткі­зілді. Байрақты бәсекеде викингтер барын салып, жалпы есеп бойынша 7 алтын, 3 күміс, 6 қола медальмен бірінші сатыға жайғасты.

Отыз жылға жуық мерзім ара­лы­ғында норвегиялықтар қарсылас­тарын қалпақпен ұрып алып жүр­ген. Қысқы Олимпиадаға КСРО-ның қатысуы және Германия­ның қайта түлеуі, спортқа кәсіби тұр­ғыда көңіл бөлініп, жаттығу сапа­сының өзгеруі скандина­вия­лық­тарға қиын тиді. Бұрын қарсылас шақ келтірмейтін ел сайыпқы­ран­дарының алтын тәжін қайтару үшін 12 жыл аянбай тер төгуіне тура келді. Нәтижесінде Гренобльдегі (Франция, 1968 жыл) додада 6 алтын жүлдені қанжығасына байлап, командалық есепте бірінші орынға шықты. Дегенмен, викингтердің бұл қуанышы ұзаққа созылған жоқ. Гренобльдегі Олимпиададан кейін 20 жыл бойы Норвегия спортшылары ауыз толтырып айтарлық жетістікке қол жеткізе алмады (Әрбір қатысқан Олимпиадасынан екі-үш алтын бұйырды). Әсіресе, Калгаридегі (Канада, 1988 жыл) додада викингтер тұңғыш рет бас жүлдесіз қайтқан-тұғын.

Әйтсе де, сол байрақты бәсеке Норвегия қысқы спортының қайта түлеуіне мүмкіндік берді. Канадағы сәтсіздіктен кейін ел басшылығы, спорт мамандары жиналып, қысқы спортты қайта жаңғырту жоспарына кірісіп, OlympiaToppen жобасын жасап шықты. Аталған мекеме елдегі талантты споршыларды жинап, кәсіби спортқа жатпай-тұрмай баулыды.

Төккен тер текке кеткен жоқ. Екін­ші рет Олимпия ойындарын өткізген Норвегия сайыпқыран­да­ры Лиллехаммердегі додада (1994 жыл) алтыннан тау тұрғызды. Сол бәсекеде олар жалпы есепте 10 алтын, 11 күміс, 5 қола жүл­де жеңіп алды. Содан бері викинг­тердің қоржыны бос қайтқан емес. Скандинавтар сол жетісті­гін Наганода (Жапония, 1998 жыл) тағы бір рет қайталаса, Солт-Лейк-Ситиде (АҚШ, 2002 жыл) одан асып түсіп, 13 алтын жүл­де олжалады.

Норвегтердің Туринде (Италия, 2006 жыл) жолы болған жоқ. Не­бәрі 2 алтын, 8 күміс, 9 қола медаль жеңіп алған олар командалық есепте 13 орынға жайғасты. Екі алтынды місе тұтпаған ел үкіметі бұқаралық спортты басқа қырынан дамытуға кірісті. Сәтсіздіктен сабақ ала білген Норвегия Ванкуверде (Канада, 2010 жыл) тоғыз мәрте Олимп шыңын бағындырды. Ал Со­чиде (Ресей, 2014 жыл) жалпы саны 26 медаль жеңіп алып, коман­далық есепте бірінші сатыға жайғасты.

Норвегия спортшылары ту­ра­лы сөз қозғағанда Уле-Эйнар Бьёрн­дален еске түседі. Биатлон шебері жалғыз өзі-ақ Олимпиаданың 13 жүлдесін (8 алтын, 4 күміс, 1 қола) қанжығасына байлады. Бьёрн­даленнің жетістігін әлі күнге әлем халқы аузының суы құрып әң­гі­ме­лейді. Отызында орда бұзып, Солт-лейк-Ситиде бес дүркін Олимпиада чемпионы атанған Уле-Эйнар қыр­қында қамал алып, Сочидегі байрақты бәсекеде жетінші және сегізінші алтынын қоржынға салды. Бұдан бөлек Бьёрндален әлем чемпионатының 20 алтын медалін иеленген. Оның әлем кубогы кезеңдерінде жеңген медальдарын санап тауысу қиын. Алтыннан тау тұрғызатын «Биатлон патшасы» 133 рет әлем кубогы тұғырының ең биігіне шығыпты.

«Биатлон королі» Уле-Эйнар Бьёрндален Оңтүстік Кореяда өте­тін ақ Олимпиадаға бара алмайды. Өйткені Норвегияда жолдамаға талас барысында бұрынғы еңбегіңді емес, қазіргі әлеуетіңді бағалайды. Яғ­ни Йоханнес Бё мен Тарьей Бё бас­таған сайдың тасындай іріктел­ген жігіттер қазіргі таңда «биатлон королінен» мықты болып тұр.

Әлемде ақ Олимпиадада 10-нан аса медаль алған бес спортшы бар. Соның үшеуі – норвегиялық. Жо­ғарыда Бьёрндален туралы айттық. Аты аңызға айналған келе­сі сайыпқыран ‒ шаңғышы Бьорн Дэли. Ол 8 мәрте Олимп шыңын бағындырды. Бьорнның қоржынында бұдан бөлек айтулы доданың 4 күміс медалі бар. Оның әлем біріншілігіндегі жетістігі бір төбе. Тоғыз мәрте әлемнің ең үздігі атанып, 5 күміс, 3 қола жүлдеге қол жеткізді. Әлем кубогында 82 мәрте тұғырға көтерілсе, соның 46-сында теңдессіз үздік екенін дәлелдеді. Шаңғы спортымен бұрыннан таныс қазақстандық жанкүйерлер Бьорн Дэлиді «жақтыра» қоюы неғайбыл. Өйткені осы Дэли дүбірлі додаларда жерлесіміз Владимир Смирновтың басты қарсыласы болатын. Жалпы, 1990 жылдардағы Смирнов пен Дэлидің бәсекесін спорт сүйер қауым әлі күнге дейін тамсана айтады.

Алтын көрсе, жеңіске талпынатын скандинавиялық тағы бір спортшы – Четиль Андре Омодт. Ол – тау шаңғысынан төрт дүркін Олимпиада жеңімпазы атанған тұңғыш әрі жалғыз сайыпқыран. Бұдан бөлек дүбірлі бәсекенің 2 күміс, 2 қола медалін жеңіп алды. Әлем чемпионатында 4 алтын, 4 күміс, 3 қола жүлдеге қол жеткізді. Андре Омодт жеке медаль саны бойынша үздіктердің қатарына кіреді.

Ел спортшыларының ақ Олим­пиа­дадағы жүлделерінің басым бөлігін 6 спорт түрінен: шаңғы, коньки, трамплиннен секіру, тау шаңғысы, биатлон, шаңғы қос­сайы­сынан жеңіп алған. Аталған спорт түрлерінен норвегтер 101 алтын олжалапты. Ал медаль саны бо­йынша шаңғы мен шаңғы қоссайы­сынан ешкімге дес бермей тұр. Әдетте, әр мемлекеттің оң жам­ба­сына келетін спорт болады ғой. Норвегия туралы олай ай­ту­ға келмейді. Өйткені скандинав­­тар жазғы Олимпиадада да айтарлық­тай жетістікке қол жеткізді (56 алтын, 47 күміс, 42 қола медаль).

Норвегтердің қысқы спорттағы басымдығының себебін көп адам біле бермейді. Мемлекет сол­түс­тікте орналас­қандықтан, қысқы спортқа бейім болып келеді деген секілді таптаурын пікірдің жал­ған екені анық. Wall Street Journal басылымы олардың жетіс­тігін ұлтшылдығымен байланыс­тырыпты. Шындығында, Нор­ве­гияда әрбір қалада қысқы спорт түріне арналған клубтар бар. Да­рынды өрендерді тауып, жастайы­нан олардың талантын шыңдау­ға арналған мемлекет қаржылан­дыратын мекемелер елдің барлық бөлігінде жұмыс істейді. Мәселен, OlympiaToppen деп аталатын жоба елдің түкпір-түкпірін шарлап, таланттарды тауып, оларды кәсіби спортқа шыңдайды.

Елдегі спорттың дамуына мына жағдай да әсер етеді. Ба­ла­лар арасындағы жарыста ешқа­шан алтын, күміс, қола деген се­кілді медаль берілмейді. Сайыс­қа түскеннің бәрі бірдей марапат­талады. Мұның себебін спорт тіз­гінін ұстағандар былай түсіндіреді. Егер бала жас кезінде тауы шағылса, келешекте сол спортты тастап кетуі мүмкін. Ал жеңілсе де құрдасымен бірдей медаль алған өреннің спортқа деген ынтасы ашылады. Сонымен қатар Норвегияда далада спортпен айналысу мәдениеті қалыптасқан. Басқа елде балалар компьютерге телміріп отырғанда, норвегтер шаңғы теуіп, конькимен жарысып жүреді. Санаулы спорттан-ақ Норвегияның даңқын асқақтатқан скандинав феноменінің құпиясы, міне, осында!

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»