Өнер • 29 Қаңтар, 2018

Мәңгілік қозғалыс

681 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыға арман арқалап келген ауыл баласы биік мақсаттарды мұрат тұтты. Тіршіліктің мың сан бояуларын ішкі дауысымен үндестіріп бұл өнерден өзіне ғана тән әдемі иірім табуға талпынды. Әр туындысынан тарихымыздың, ұлттық болмысымыздың исі бұрқырайды. Оның кенебіндегі кейіпкерлер мәңгілік қозғалыста.   

Мәңгілік қозғалыс

Сурет өнеріне қызығу­шы­лығы ерте жастан оянған Алмас Нұрғожаев осы уақытқа дейін талай белестерді ба­ғын­дырып, алдыңғы тол­қын ағаларының алғысына бөленіп жүрген қылқалам иесі. Алмас шығармаларында көш­пе­лі халқымыздың тұрмыс тір­шілігі, салт-дәстүрі, әдеп-ғұр­пы кеңінен көрініс табады. Тұяғымен ор қазып, ауыз­ды­ғымен алысқан тұлпар да, жауына жебедей атылған хас батыр да, самалмен жарысып іңкәріне жан сөзін айтуға асыққан бозбала да, тіршіліктің тынымсыз қозғалыстар мен үздіксіз күрестерден тұратынына үңілдіреді, философиялық те­реңдікке тартады. Алмас шы­ғар­маларының рухынан халқымызға тән мінез бай­қалады.

 Оның «Түнгі шолу» атты туындысы жайлы өнертанушы Батиза Әди: «Бұл автордың ішкі жан дүниесімен астасқан көркем туынды. Қараңғылық басқан түнгі сәт, яғни ел тыныштығын ойлаған бір топ сарбаздың алау жағып кеңес құрған сәтін бейнелейді. Композицияның орта бөлігінде ер адамның кішкентай баланы қаусыра құшақтап толғаныста отырған сәті тақырып аясын барынша кеңейте түскендей. Ел тағдыры мен ұрпақ бола­шағын ойлаған, бейбітшілік пен тыныштықты аңсаған ел ағаларының үміті, кейінгі ұрпаққа аманат екенін оқиға мазмұнымен аша түседі. Оқиға­ның айтар тағылымы осында жатыр. Тарихи жанрға қалам тербеген Алмастың шы­ғар­­машылығы қазақ бейнелеу өнеріне қосылған үлкен үлес» деп бағалайды.

Шығармашылық иесімен аз-кем әңгімелескенімізде, суреттерінен ғана емес, өзінің өне бойынан да өнерге деген тазалықтың тұнбасы көрініп тұрды.

–  Әкем де кәсіби сурет маманы.­ Осы өнерге ба­ла жасымнан баулы­­ды. Кішкене кү­німде жа­зып-сызған шимай­­ларым, ермек­саздан жаса­ған түрлі дүниелерім жәй әншейін ермек емес, өмірлік қалауымның, шы­ғар­машылық тынысымның алғашқы әліппесі екен. Қанапия Темірболатұлы, Жұмақын Қайранбаев аға­ла­ры­мыздың ұлттық тақы­рып­тағы дүниелері арманыма қанат бітірді. Суретшіге ғана емес, жалпы кез келген өнер адамына ең керек қасиет – ізденіс. Композициялық құрылым, ой, түс таңдау, ерекшелік тұрғысынан үнемі ізденіс үстінде жүремін. Шығармашылығымның негізгі өзегі – табиғи болмысымызға тән ұлттық тақырыптар. Алдағы уақытта, ұстаздарымыздың бағыт-бағдары бойын­ша осы дүниелерді заманауи тұр­патта дамытсам деген ойым бар, – дейді Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Алмас Нұрғожаев.

Уақыттың тынысын, дала­ның рухы мен бабаның ғұрпын іздесеңіз Алмас салған суреттерге үңіліп көріңіз. Ту­ған жердің табиғатына сурет­шінің көзімен қарасаңыз, өзіңіз бай­қамаған талай таңғажайыпқа тәнті боласыз. Қазіргі таңда Алматыдағы Орал Таңсықбаев атындағы Сәндік қолданбалы өнер колледжінің «Кескіндеме, мүсін, сәндік декорация бөлімінде» сабақ беретін ол отыз жасында үлкен өнерге олжа салды. Оның кенебіндегі мәңгілік қозғалыс мәңгілік елдің мұратын асқақтатып тұрғандай.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ