Аймақтар • 30 Қаңтар, 2018

Қызылжар вокзалы қашан қазақстандық болады?

399 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Абылай хан ақ ордасын тіккен Қызылжар өңірінде әлі күнге шешімін таппай, жергілікті халыққа қолайсыздық тудырып келе жатқан бір мәселе бар. Ол – Петропавл қаласындағы темір жол вокзалының және ай­мақ­тағы теміржолдың бір бө­лігінің әлі күнге дейін Ресей­ге қарайтыны. Тәуелсіздік ал­ға­нымызға ширек ғасырдан ас­там уақыт өтсе де, осы уақыт аралығында отандық БАҚ-тарда сан мәрте айтылса да, Парламенттің биік мінберінен көтерілсе де, бұл мәселе әлі күн тәртібінен түсер емес. 

Қызылжар вокзалы қашан қазақстандық болады?

Осыдан біраз жыл бұрын Қызылжар қаласына жолымыз түскенде қала вокзалындағы көңілге кірбің ұялатып, көлеңке түсіретін көріністерге куә болған едік. Сонда көзімізбен көрген, іштегі қыжылды күшейткен жайттар күні бүгінге дейін сақталғанға ұқсайды. Петропавл вокзалына барған адамның бірден байқайтыны – темір жол вокзалының ресейлік уақытпен жұмыс істейтіні. Ғимаратқа кіреберіс тұста маңдайшада тұрған үлкен сағат Мәскеудің уақытын көрсетіп тұрады. Алған билетіңізде де дәл солай. Қалып қойғыңыз келмесе қолыңыздағы және «қалтафоныңыздағы» сағатқа қайта-қайта қарағыштап, біздегі уақытқа үш сағатты қосып есептеп, әбден әбігерге түсесіз. Пойыздардың барлығы ресейлік уақытпен жүріп-тұрады, тәртіп солай. Әдетте шетелдерге барғанда ол жақтың уақытын Қазақстанмен салыстырып, сағатыңызды жөндеп қоясыз ғой. Петропавлға табан тіреген жандар өз елінде жүріп шетелдегі әдетін істеуге мәжбүр. Вокзал аумағы және қаладан Астананы бетке алғанда 50-60 шақырымдай жерде орналасқан Смирнов темір жол бекетіне дейінгі аралық «Ресей темір жолдары» ААҚ-тың Оңтүстік-Орал теміржолына қарайды.

Бірер жыл бұрын жолаушылар пойыз билеттерін вокзалдағы кассадан емес, қаладан қашықта жатқан Смирнов стансасының бер жағынан сатып алуға мәжбүр болатын. Себебі ресейлік компания кассаларындағы тариф қазақстандық компаниялармен салыстырғанда қымбат. Дегенмен өткен жылы вокзалда «Қазақстан те­мір жолы» ұлттық компаниясының кас­са­сы жұмыс істей бастағаннан кейін ха­лық­тың да көзі ашылғандай болды.

«Егемен Қазақстан» газетінің Сол­түстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісінің хабарлауынша, бертінде жағдай біршама түзелген екен. Бірнеше жыл бұрын бұл вокзалда және жоғарыда келтірілген темір жол бөлігінің бойында тек қана Ресей Федерациясының азаматтары жұмыс істепті. Ал бұл дегеніңіз 5 мыңға тарта адам. Көрші елдің 5 мыңға тарта азаматының еңбек ережесі де көрші елдің заңнамасына сай болған. Еңбекақы ресейлік рубльмен төленіп, түсетін табыс та, төленетін салық да біздің бюджетті айналып өткен. Дегенмен солтүстіктегі әріптесіміз Өмір Есқали хабарлағандай, БАҚ-тардың, жергілікті қоғамдық ұйымдардың, белсенді азаматтардың атсалысуымен жағдай біршама түзеліпті. Соның арқасында қазір онда тек Қазақстан азаматтары еңбек ететін болды. Жалақыны рубльмен төлеу де тоқтатылды.

Парламент Мәжілісінің IV шақырылымдағы депутаты, қазір «Солтүсік Қазақстан» облыстық газетінің бас редакторы болып қызмет атқаратын Жарасбай Сүлейменовке хабарласып, осы мәселе туралы пікірін білген едік.

– Бұл көптен көтеріліп жатқан мәселе ғой. Петропавлдағы темір жол вокзалы Ресейдің Оңтүстік-Орал темір жолының меншігінде. Кезінде көптеген әлеуметтік мекемелері де болған, соңғы жылдары оның барлығы Қазақстанға қайтарылды. Қазір ресейлік тарап темір жол бөлігін, стансаларды басқару құрылымдарын иеленіп отыр. Бұл «үй ішінен үй тіккенмен» бірдей құбылыс. Себебі, ол жерде барлық жұмыс Ресей Федерациясының заңдарына, талаптарына сәйкес жүргізіледі. Басқасын айтпағанда, билет алудың өзінде кезінде талай қиындық туғызып, көптеген тұрғындарымыз қаладан 60 шақырым жердегі «Қазақстан темір жолы» АҚ-қа қарайтын стансаларға барып, пойызға сол жерден отырып жүрді. Әрине, бұл көп адам еңбек ететін үлкен мекеме. Қазір салықтың өзі Ресейдің бюджетіне кетіп жатыр. Онда жұмыс істейтін азаматтарды Ресей азаматтығын алуға үгіттеу оқиғалары, қазақтардың сол ел азаматтығын алу фактілері де болды. Осының бәрі бір қарағанда шешілетін мәселедей көрінгенімен, әлі күнге түпкілікті шешімін таппай келе жатыр. Мен Мәжілісте депутат болғанда осы туралы Үкіметке депутаттық сауал жолдаған едім. Үкіметтен жауап берілгенімен, оған нақтылық жетіспеді. «Баяғы жартас – бір жартас» дегендей, әлі күнге бір бүйірімізге батып тұр,– дейді ол.

Жарасбай Сүлейменов айтқан «әлеуметтік мекемелерге» тоқтала кетейік. Бұрын вокзал маңындағы шағын ауданда ресейлік азаматтардың отбасына арналған балабақшалар, мектептер, аурухана, арнайы тұрғын үйлер, стадион, тіпті дербес телефон стансасы мен инженерлік коммуникациясы да болған-ды. Оның барлығын ұстап тұру ресейлік компанияға қиынға соқты ма, әлде біздің тараптан жасалған әрекеттер ықпал етті, қазір оның бәрі өзгерді. Вокзалда тек Қазақстан азаматтары жұмыс істейді.

Жалпы, Қызылжардағы вокзал мен темір жолдың бір бөлігі неліктен ресейлік компанияға тиесілі? Ол үшін көрші ел біздің тарапқа қанша ақы төлейді? Ол сұрақтың жауабы былай екен. Петропавл вокзалы мен темір жол бөлімшесі түгелдей «Ресей темір жолдары» ААҚ-тың иелігінде. Ал Ресей аумағындағы Илецк, Шығыс темір жол стансалары «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына қарайды. Яғни, екі тарап осындай келісімге келіп отыр. Бұл Инвестициялар және даму министрлігі Көлік комитетінің келтірген уәжі. Илецк – біздіңше – Елек, Ақтөбеге жақын орналасқан станса.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің осы мәселеге қатысты отандық БАҚ-тарда жарияланған пікірі төмендегідей:

– Аталған жағдай маршурттардың оңтайлылығы тұрғысынан алғанда Қазақстанға да, Ресейге де тиімді. Мысалы, Оралға бару үшін біз Ақтөбеден Илецк арқылы ресей Федерациясы арқылы жүреміз. Кеңестік кезден бері бұл станса Қазақстанға қарайды. Петропавл болса ресейлік желінің бойындағы учаске, себебі ол Транссібір магистралінің бөлігіне жатады.

Қызылжар вокзалын «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына беру мәселесіне қатысты аталған компанияның ұстанымын білуге тырысқан едік. Алайда, вокзалдың және оған жақын жердегі темір жол бөлігінің ресейлік компанияға тиесілі екенін өзімізге қайталап айтқан баспасөз қызметінің қызметкері ол мәселеге компания өкілдерінің пікір білдірмейтінін жеткізді.

Петропавл туралы айтқанда елді алаңдатқан екі мәселе болса, оның біреуі – қаланың вокзалына байланысты. 700 мыңға тарта халқы бар, солтүстігінде Ресеймен шектесетін облыстың орталығы тоғыз жолдың торабында орналасқаны оның стратегиялық маңызын арттыра түсетіні түсінікті. Қазақстан үшін темір жол – тасымал мен қатынастың ең жиі қолданылатын түрі екенін де атап өту керек. Өкінішке қарай, еліміздің тәуелсіздік алғанына 26 жылдан астам уақыт өтсе де, Қызылжар вокзалы сынды стратегиялық маңызы бар мекемедегі түйінді мәселе әлі күнге шешілер емес.

Арнұр АСҚАР,
«Егемен Қазақстан»