Әлем • 30 Қаңтар, 2018

Достықта жоқ шекара. Қазақ пен қырғыз достығы күн санап артып келеді

1643 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алып Алатаудың арғы беті мен бергі бетін ен жайлаған қазақ пен қырғыз ежелден төскейде малы, төсекте басы қосылған халық. Айыр қалпақты ағайындармен біздің рухани туыстығымыз тағы бар. Ұлы ғалым Шоқан Уәлихановтың Ыстықкөл сапарын жазуы, Манас жырын хатқа түсіруі, Сүйінбай мен Қатағанның айтысы, Шыңғыс Айтматовтың әйгілі Мұхтар Әуезовке шәкірт болуы, бәрі де екі елдің рухани байланысын көрсетеді. Ал Жамбыл мен Тоқтағұл есімдерінің қатар аталуы да рухани беріктіктің дәлелі. Бұл тұрғыда қазақ пен қырғыз достығы күн санап артып келеді.

Достықта жоқ шекара. Қазақ пен қырғыз достығы күн санап артып келеді

Жамбыл облысының Қор­дай ауданы Қырғыз Рес­пуб­­­­ликасының Бішкек қала­сы­мен, Жамбыл ауданы Та­лас облысымен шектеседі. Жа­қында екі елдің байланысын одан әрі нығайту, руха­ни туыстықты арттыру мақсатында Қырғыз елінің Талас облысында «Достықта жоқ шекара» атты достық пен ын­ты­мақтастық фестивалі өтті. Атал­ған фестивальге Әулиеата өңі­рінен Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хат­шылы­ғы­ның өкілдері Бахром Муминов, Ұлтуар Баба­құ­лова, қазақ этномәдени бір­лестігі төрағасының орынбасары Айгүл Қабиева, қырғыз этномәдени бірлес­ті­гінің же­текшісі Анар Сүлей­мен­қы­зы, «Днепро» украин эт­но­мәд­ени бірлестігінің төр­аға­­сы Федор Клименко жә­не Жам­был облысы әкімі аппа­ра­тының «Қоғамдық келі­сім» мекемесі әдістемелік бө­лі­­мінің меңгерушісі Сәуле Құр­­маналиева сынды азамат­тар­­мен қатар, об­лыс­тық фи­лар­монияның өнер­паз­дарынан құралған 60 адам барды.

Жамбылдықтарды Талас об­лысы, Манас ауданы әкі­мі­нің бірінші орынбасары Замир Құрманәлиев бас­таған қырғыз ағайындар ау­дан шекарасынан кү­тіп алып, қонақжайлылық таныт­ты. Бұдан кейін екі ел­дің азамат­тары «Манас ата» кесе­несіне барып, ар­уақ­қа Құран бағыштады. Сон­ымен қатар Талас облысы губер­на­то­рының орынбасары Әзият Жарқынәлиева жол бас­тап, әу­лиеаталықтар «Манас ата» тарихи-танымдық музейін аралады.

Жамбылдық өнерпаздар Талас облысының Қапар Медетбеков атын­да­ғы му­зы­­­калық драма театрында «Қазақстан – достық пен та­ту­лықтың мекені» атты концерт беріп, қырғыз жерін ән­мен тербетті. Өз сөзінде Талас об­лысының губернаторы Марат Мұ­ра­­тәлиев бүгінде қазақ пен қырғыз та­ту­лығы жа­расқан елдер екен­ін, қа­зіргі таң­да екі ел­дің саяси-эко­номикалық ын­тымағының да жоғары еке­нін атап өтті. Бұдан кейін әу­лие­аталық делегация­ны бастап келген Бахром Муми­нов пен Ұлтуар Баба­құ­лова сөз сөйлеп, Марат Мұратәлиевке алғыс айтты.

Концертте Жамбыл жері­нен барған «Ақкербез» биші­лер ансамблінің, «Алатау» фоль­клор­лық ансамблінің өнері қыр­ғыз ағайындарды тәнті етті. Сондай-ақ жас өнерпаздар Дидар Басы­ғараев пен Тоғжан Шағыр­ба­еваның күй сайысына, ағайынды Марғұлан мен Сұлужан дуэтінің, Ғани Мә­те­б­аев, Оңал Азаматова, Жан­на Асанқұлова және өзге де өнерпаздардың өнеріне көп­­шіліктің құрметі жоғары бол­ды.

Хамит ЕСАМАН,
«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы