Бокс • 30 Қаңтар, 2018

Головкин-Альварес арасындағы екінші жекпе-жек 5 мамырда өтеді

284 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Орта салмақта WBC, WBA (Super), IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин (37-0-1, 33 КО) мен мексикалық боксшы Сауль «Канело» Альварес (49-1-2, 34 КО) екінші рет жекпе-жек өткізуге келісті.

Головкин-Альварес арасындағы екінші жекпе-жек 5 мамырда өтеді

Бұл туралы екі боксшының өзі, промоутерлері және жекпе-жекті ақылы түрде трансляция жасайтын HBO телеарнасы ресми түрде хабарлады. «Бұл жолы төрешілер ештеңе шеше алмайды. #CaneloGGG2, 5 мамыр, бұл ресми», деп мәлімдеді Golden Boy промоутерлік компаниясы.

Головкин-Альварес арасындағы екінші кездесу осы жылдың 5 мамырында өтетін болып бекітілді. Мексикалық тарап бұл күнді бекер таңдамаған. Себебі, 5 мамыр күні мексикалықтар ұлттық мерекелерінің бірі – Синко де Майо күнін тойлайды. Ал бұл өз кезегенде ақылы көрсетілімді (PPV-трансляция) көп сатуға мүмкіндік береді.

Алдағы жекпе-жекте Головкин бүкіл белбеуін, ал Альварес The Ring журналы мен орта салмақтағы желілік чемпиондық атағын ортаға салады.

Қазірше Головкин – Альварес жекпе-жегінің өтетін жері белгісіз. Бұл кешті өткізуге Лас-Вегас, Нью-Йорк және Даллас қалалары үміткер ретінде қарастырылып жатыр.