Медицина • 31 Қаңтар, 2018

Павлодарда мардымсыз жылу тұрғындарды мазасыз күйге түсірді

346 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Мен, Бота Аушахманова – облыс орталығының Ш.Шөкин көшесіндегі №145 үйдің тұрғынымын. Пәтерде жылу аз. Бірнеше рет ПИК-ке бардым, олар да шарасыз. Бір ай бойы электрлі батареямен отырмыз. Жылуы жоқ үйде жылуға ақша төлеп отырмыз...». Бұл – облыс әкімдігінің сайтына жазылған шағым хаттардың бірі.

Павлодарда мардымсыз жылу тұрғындарды мазасыз күйге түсірді

Жуырда облыс әкімдігінде көп­тен күткен жылу мәселесінің жайы талқыланды. Жылу қайда кетіп жатыр? Тұрғындарды мазалайтын мәселе – осы. Сақылдаған сары аязда облыс әкімінің міндетін атқарушы Ұлан Жазылбек жылу маусымына жауапты орындармен күнделікті жағ­дайды жіті бақылауға алу керек еді. Алайда облыс әкімінің бірінші орын­басары энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық сала­сына жауапты болса-дағы бұл мәсе­ле­ге назар аудармағаны белгілі болды. Сондықтан өңір басшысы Болат Бақауов жұмысқа шығысымен-ақ жылу және электр қуатымен қамту бойынша жедел шаралар қабыл­дауды тапсырды. Облыс әкімі жиында өзінің жеке блогына тұрғын үйлердегі жылу температурасының тө­мендеуіне байланысты шағымдар түсіп жатқанын жеткізді.

«Мысалы, Толстой көшесіндегі №82 үйдің тұр­­ғындары пәтердегі температура 14-16 градус деңгейінде ғана тұр­ған­дықтан жылытқыштармен жы­лы­нып отырғандарын жазуда. Қала­лық тұрғын үй инспекциясы бұл жағ­дай­ды білсе де еш әрекет жасамай отыр. Кутузов көшесіндегі 291-ші үйдің тұрғындары аяздың кесірінен лифтінің тоқтап қалу қаупі бар екенін жеткізді. Катаев көшесіндегі №12 үйдің пәтерлеріндегі температура 18 градус», деді Б. Бақауов.

Жылусыз қалған тұрғын үйлер санын әрі қарай тізе беруге болады. Мысалы, Естай, Қамзин, Катаев, Есенәлиев, Бестужев, Шөкин және 2-ші Павлодар аумағындағы Чкалов, Мүткенов, Заслонов көшелері бойын­дағы үйлердің тұрғындары жазған шағымдарды облыс әкімдігінің ресми сайтынан көруге болады. Бәрінің де айтатыны бір – күн аяз, пәтерлер суық, жылу орталықтары жылуды толық деңгейінде жеткізбеуде.

Былтыр тамыз айында Павлодар қалалық тұрғын үй-коммунал­дық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі 2017-2018 жылдардағы жылу беру маусымына барлық үй әзір. «Павлодар жылу же­лілері» ЖШС жылу желілерінің 8,606 шақырымы, яғни 90 пайызына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен бірге №1, №2, №3 жылу беру орталықтарына гидравликалық сынақ өткізді, деп хабарлаған болатын. Жалпы, облыс орталығында 1217 тұрғын үй мен 132 ПИК тіркелген. Егер үйлер жылу маусымына дайын болса, онда облыс әкімі айтқан Катаев көшесіндегі №12 үйде, Ткачев көшесіндегі №9 үйде жылу тораптары бітеліп қалмас еді. Яғни мұнда жылу жүрмегендіктен 18 градустан әрі қарай жылыта алмайды. Жылу желілерінің гидравликалық жылуды көтере алмай отырғаны қаладағы бірқатар пәтерлердің басындағы жағдай.

Жиында «Павлодар жылу желілері» ЖШС бар кінәні пәтер иелері коопертивтеріне итерді. Ал ПИК жетекшілері бар мәселе жылу орталықтарында дейді. Екі арада тұтынушы аң-таң. Айталық, жылу орталықтары пәтерлердің батареяла­рына 10 жылдан бері жөндеу жүр­гізілмегендіктен жылу температурасы төмендейтінін айтады. Бірақ қазір екі пәтердің бірінде жаңа батереялар орнатылған, бұл мәселеде ешқандай ақау жоқ. Өйткені солтүстіктің әрбір тұр­ғыны қыс қаһарында жылу бата­рея­сының жарылып, суықта қал­ғанын қала­майды. Ал қысқа дайын­дық кезінде жертөлені бірлесе тазалап, жөндеп тұру тұрғындар мойнында болса, ПИК-тер бұл істе белсенділік танытуы қажет.

Расында тұрғындарда қалыптасып қалған әдет пе, жертөленің жағдайымен ісі жоқ. Өз пәтерінің жылы болғанын ғана ойлайтын келте түсінік бар. Сондай-ақ жылу берушілердің айтуынша, тұрғын үйлерге қойылатын жылу есептегіш құралдардың пайдасы аз емес. Қала­лық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық бөлімі үшін бұл жоспарлы жұмыс. Ал жылу берушілер жылу көп берілсе, шығын да көп жұмсалатынын, есеп­тегіш құрал жылуды үнемдеуге көмек­тесетінін, үнемделген жылуды қымбат бағаға көрші Ресейге сатуға болатынын айтады.

Былтыр қала әкімдігі «облыс орталығында 914 көп қабатты үйге ж­ылу энергиясын есептейтін құралдар орна­тылады. Бұл коммуналдық шы­ғынды 30 пайызға үнемдеуге мүм­кіндік береді» деп хабарлады. Тіп­ті тұрғын үй саласын дамыту қоры мен «Жылу жүйелері» ЖШС және «Авентис Групп» ЖШС арасында үшжақты келісім жасалды. 2018 жылы тағы 210 үйге 386 құрал орнаты­лып, көрсеткіш 100 пайызға жетеді деді. Жылу энергиясын есептейтін құрал­дың бағасы – 700 мың теңге. Тұр­ғ­ындарға бөліп төлеу мүмкіндігі – 42 ай. Бірақ көпқабатты үйлердің 30 пай­ызға жуық тұрғыны жылу есеп­тей­тін құрал орнатудан бас тартты. Тіпті ПИК-тердің көпшілігі өлшеу құра­лын орнатуға келіспеді. Өйткені атал­ған құрылғы дұрыс орнатылмаса, жы­лу­дың пәтерлерге қалыпты тарауына кедергі келтіретін көрінеді.

Қала әкімі Нұржан Әшімбетовтің айтуынша, қазір жылыту бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. «Қала­лық тұрғын үй инспекциясы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қыз­меткерлерімен бірлесе шағым түс­кен үйлерді аралады. Жылу құбыр­ла­рының кейбір параметрлері сәйкес кел­­мейтінін көрдік. Бұл ақпарат «Жылу желілері» ЖШС-на берілді. Қазір қоғамдық ден­саулықты қорғау бас­­қармасына тек­серіс жүргізу туралы тапсырма бердім. Егер жылуды тиіс­ті көлемде жет­кізбеу деректері анық­талса, ПИК-тер жет­кізілмеген жы­лу бойынша төлем­ақы­ны қайта есеп­­тетулері керек», дейді шаһар бас­шы­сы. 

Бірақ 22 қаңтарда №3 жылу орталығы жылу қазандығының қосы­мша пеші апатты жағдайда жұмы­сын тоқтатты. Қазір қалпына келтіру жұ­мыстары жүргізіліп, қосымша қазан­дықтар іске қосылды. Яғни, пәтер­лердің салқын болуы батареядан емес екенін қарапайым халық біледі. Сонымен бірге шағымданған Есенәлиев көшесіндегі №1 үйдегі тұрғындардың айтуынша, жақын жерден бой көтерген сауда үйлері де пәтерлердегі жылудың азаюына себепкер. Әрине, облыс орталығында жаңа құрылыстар көптеп салынып, сауда орталықтары көбейіп келеді. Бірақ бұл орталықтар қайнап тұр. Тіпті едендерінен де жылу шашып тұр. Қызмет көрсету орталықтары да жып-жылы. Ал пәтерлердің жылуы қай­да кетеді? Өңірде бұл мәселені зерт­теуге қабілетті мамандардың жоқ­тығы да байқалуда. Таяуда Екі­бастұз қаласының тұрғындары үй­лер­ге жылудың дұрыс берілмейтіні жө­нінде қалалық мәслихатқа шағым­дан­ды. Депутаттар «Екібастұз жы­лу желілері» ЖШС кәсіпорны ны­сандарында орналасқан жылу насос­та­рының қажетті деңгейде іске қо­сылмай тұрғанын анықтады. Бірақ жы­луға жауапты кәсіпорын басшылары депутаттардың аумаққа рұқсатсыз кіргенін айтып, сотқа беретіндерін жеткізді. Жалпы, жылу мәселесінде тұрғындардың коммуналдық мекемені сотқа беруге де құқы бар екені белгілі.

Қазір қатты аяз. Ал павлодарлық тұр­ғындар пәтерлерін түрлі тәсіл­де­рмен жылытып әлек. Бірі электр­жы­лытқыш, бірі желдеткіштің жылы ауасын қосады, тіпті ыстық су құйылған бөтелкелерді пайдаланып жатқандар бар. Бұл – қып-қызыл шығын.

Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан»

авлодар