Қазақстан • 31 Қаңтар, 2018

Тәртіп: Мектеп – орамал тартып келетін орын емес

903 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде Ақтөбе облысы­ның бірқатар мектептерінде, соның ішінде Ақтөбе қаласы мен Темір, Мұғалжар жә­не­ Алға аудандарында оқу­­шы қыздардың мектеп­ке тұмшаланған орамал та­ғып, тіпті жекелеген жағдай­ларда жаулық жамылып келу деректері орын алып отыр.

Тәртіп: Мектеп – орамал тартып келетін орын емес

Бұл мәселе өңір тұрғын­дары мен ата-аналар арасында және қоғамдық ортада әрқилы пікірлердің өріс­теуіне әкеліп соқтыруда. Балиғат жасына толмаған, сана-сезімі әрі толық қа­лып­тасып үлгермеген бүл­дір­шін қыздар орамал тағу­дың түпкі мәнісін түсіне ала ма? Әлде отбасылық қа­рым-қатынастар мен ата-­анасының ықпалынан, пер­зент­терінің мектепке орамал тағып баруын құп көруінен туған іс-әрекет пе? Бұл жорамалдардың қай-қай­сысын да жоққа шығару қиын-ақ.

Қаршадай қыздар мектепке орамал жамылып келіп, оқу ғимараты ішінде басы­нан шешпеген жағдайда пе­да­гогикалық ұжым және оқу орнының басшылары не іс­теуі керек? Әрине, ең алдымен оқушыға әрі олардың ата-ана­ларына тиісті ескертулер жасайтыны белгілі. Мұның мәнісі – әр мектептің тиісті ішкі тәртібі мен ережесі және жарғысы, бұған қоса Білім және ғылым министрінің арнайы нұсқауы мен бұйрығы бар екенінде. Айталық, осындай шешім Білім және ғылым министрі тарапынан 2016 жылдың 14 қаңтарында қабылданып, үш ай өткен соң тағы да өзгерістер енгізілген. Мұнда оқушылар мектеп формасын сақтауы керектігі айтылып, мектеп формасына түрлі конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайды делінген. 

Сондай-ақ мектеп формасында мектеп ішінде бас­ киіммен жүру, оның ішін­де орамал немесе жау­лық тартып жүру тәртіп­тері қа­ра­с­тырылмаған. Со­ған қа­рамастан Ақтөбе облы­сы­ның мектептерінде тиісті өкі­летті органдардан алынған мә­­ліметтерге қарағанда, 340 оқушы бұл тәртіп пен ере­­жені белінен басқан. Бұған кім кінәлі? Әрине бұл арада бірінші кезекте ата-аналар перзенттерінің алдын­дағы жауапкершілігін терең сезінбеген сыңайлы. Тіпті олардың бірқатары қызда­рының мектепке орамал бай­лап баруын құп көруге ыңғай танытатыны да анық бай­қалады. 

Айталық Ақтөбе қала­сын­дағы орта мектептердің бірінде оқитын қыздарының мектепке орамал тартып жү­ретін қылы­ғын ақтап алғысы келген ата-аналардың бірі «Орта білім беру ұйы­мында «хиджаб», «никаб», «бурка» және «пәренжі» секіл­ді діни киімдерді киюге тыйым салынған. Алайда мұн­да «қазақтың орамалы – діни элемент», сондықтан оны тағып келуге болмайтыны туралы тыйым салынбаған» деп мәлімдеме жасапты. Бұл былайша алып қарағанда дұрыс пікір секілді көрінеді. Оның үстіне халқымыздың о бастағы ұғым-түсінігі бойынша ақ орамалдың қадір-қасиеті мен киесі бар екенін де отандас­тарымыз жақсы түйсінетін болса керек. Өйт­­кені орамал қауіп пен қатер­дің алдын алуға септігін тигізе алатын қасиеті бар деп есептелген. Алға орамал тасталса, оны ешкім қия кесіп өте алмаған. Міне, ежелгі салт-дәстүріміздің бір үзігі осындай. 

Солай бола тұрса да мек­теп­тің аты – мектеп. Оқу­шының мектеп формасын сақтауы айнымас қағида еке­нін ата-аналар терең түсіне алса әрі ұл-қыздарының заң­ды өкілі ретінде мектептің ішкі тәртібіне құлақ асуы, оған бағынуы қажет екенін ұғы­на алса, жоғарыда айтыл­ған теріс көріністер жойы­лар еді деген ой келеді. Бұл күндері өңірде ата-аналар­мен жүргізілген тиісті жұмыс­тардың нәтижесінде 123 оқу­­шының ата-анасы мектеп талаптарының орынды екенімен келіскен. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев мәлімдеді. Сондай-ақ мектеп формасын сақтау мәселесіне мектептердің қамқоршылық кеңестері мен азаматтық қоғам өкілдері де бір кісідей үн қосса, мектеп орамал немесе жаулық тартып келетін орын емес екенін жүректерге жеткізсе, бұл теріс көріністің тамыры да тартыла түспек. Бұған қоса аузы дуалы, ел ішінде абырой-беделі биік ақсақалдар да мұндай сауабы мол істен сырт қалмағанын қалар едік.

Қалай дегенде де ата-ана­лар­дың елімізде қалыптас­қан, бір ізге түскен мектеп фор­масына қатысты талап­қа түсіністікпен қарауы маңыз­ды. Жас бала жас шыбық секілді. Қалай майыстырсаң солай иіледі. Сондықтан оларға оң бағыт-бағдар беру, ата-аналар мен педагогтер қауымының және қалың жұртшылықтың басты парызы болып қала бермек. Олардың өзара түсіністігі көздеген нәтижеге жетуге алғышарт қалайтыны кәміл.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ