Қазақтың Страдивариі кім?

Этнограф-жазушы Кәмел Жүністегі­нің жеке кол­лек­циясындағы жәдігерлерді қолмен ұстап көрудің өзі кісіге бір ғанибет.

Егемен Қазақстан
02.07.2016 4331
2

Арқаның алты домбырасы

Қасиетті қара домбыраның үніне қазақтың жүрегі ежелден елжіреп ғашық. «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр ақын жырға қосқандай, халқымыз сол себепті қашаннан домбыраға үлкен мән беріп, төріне іліп қоятын болған. Киелі аспапқа деген құрмет арқылы адамның жан-дүниесі бағаланған, қазақы қасиеті қадірленген. Қазіргі тілмен айтқанда, домбыра аспабы біздің брендіміз. Себебі, ұшан-теңіз құндылығымызды сол арқылы сақтап қалып отырмыз. Мысалы, әлемде италиялық шеберлер Амати, Страдивари, Гварнери скрипкаларын сатып алуға қарапайым жай скрипкашылардың ақшасы түгіл шашы жетпейді. Мұнымен өнер көрсету әйгілі өнер иелерінің бәріне ұлы арман. Страдиваридің есімін қарап тұрсаңыз, ауылдың қара сирақ балаларына дейін біліп жатады. Ал енді есесіне, халқымыздың төл аспабы – домбыра жасаушы шеберлердің бірде-біреуі осындай танымалдыққа ие емес. Неге? Кейде ол туралы жұрт не біледі деген жай ғана қарапайым сұрақтың бізді шыңырауға тартып әкетер әсерін тарқатпай тағы болмайды. Арқаның алты домбырасын көз қарашығындай сақтап, өз үйі­нің бұрышынан тарихи құнды жәдігерлерге арнап музей ашып қойған Қарағанды облысындағы Шет ауданының Ақсу-Аюлы кентінде тұратын белгілі этнограф-жазушы Кәмел аға Жүністегімен осы мақаланы әзірлеу барысында таныстық. Құнды жәдігерлерді жақыннан көру арқылы тамаша әсерге бөлендік.

Арқаның ән­ші-күйшілері өнер көрсеткен домбыраның жеті түрі бар деп естігенбіз. Соның міне, осы сапарда алты нұсқасына тап болдық. Атақты Қыздарбек күйші мен оның шәкірттерінің 22 күйін тауып, таспаға басып алған сирек тағдыр иесі өңірдің тарихы мен арғы-бергі шежіресін бір кісідей баяндап бере алатын бір өзі бір энциклопедияға татырлық кісі екен. «Мынау атақты Сембек күй­шінің домбырасы, – деп абыз ақсақал қаз-қатар тізілген ас­пап­тарды шетінен таныстыра бастады. – Домбыраны 1926 жылы Әбдірахман шебер жасаған. Қыздарбек күйшінің 8-9 шәкіртінің барлығы дерлік жер жастанды, біреулерін атып тастады, біреулеріне у берілді, түгелдей зорлық-зомбылықпен өлтірілді. Сембек күйші Сар­бұлақ деген жерде атылған. Сарбұлақта бұл кісіні белсен­ділер бейіттің басына алып барады. Сол жерде оған әбден күйді тартқызып болған соң, «ал енді сен «Сезбестің күйін» тарт» деп бұйырады.

«Мұнымен сендердің не көксеп тұрғандарыңды түсіндім», деп ұлы күйші сонда іштей тол­ғанып, домбырамен осы күйді күмбірлете әуелеткен екен. Атақты күйшінің үстінен жазаны жүзеге асырған Бауыржанның Исасынан бүгінде ұрпақ жоқ. Кейін өмірінің соңына қарай ол тірідей шіріп, құрттап өліпті. Анда-санда есін жинап алғанда сандырақтап: «Әй, Иса, саған бұл жаза аз, менің халыққа жасаған қиянатым мұнан да көп болған», деп айтқанын естіген жұрттың әңгімесі әлі күнге дейін ел арасын кезіп жүр. Сембекті атқанда, біреуі күй­шінің саптама етігін, енді бірі саптама етіктің табанының астына жасырылған 1000 теңге ақшаны алған. Ал, Байахмет деген кісі домбыраны қанжығасына байлаған.

Байахметтен кейін ол домбыраға ағасы Нұрахмет ие болады. Нұр­ахмет майданға аттанып бара жат­қан кезде өздеріне ағайын Омар деген кісіге тастап кетеді. Омармен біз көрші тұрдық. Сонда Күләш шешейдің сыбырлап: «Мынау баяғы сол Сембек күйшіден қалған домбыра», деп айтқаны бала да болсақ санамызға сіңіп қалған болса керек. ...Кейін арнайы іздеп бардым. 85 жастағы қалжыраған ақ­сақал әңгімелесе келіп, менің не мақсатпен келіп тұрғанымды түсінді. «Әй, Торғай, – деп бұйырды сыртта жүрген кемпіріне, – әке­ліңдер ана домбыраны, иесі келді, міне». Сәлден кейін Торғай апамыз елпеңдеп домбыраны алып келді. Сөйтсем, шошалаға апарып тастапты, беті жарылған, әбден тозығы жетіп, жоғалуға айналған. ...Қыздарбек күйші мен оның шәкірттерінің бір кереметтігі Абылай ханның күйлерін сақтаған. Сол арқылы Абылай ханның «Дү­ние-ғапыл» және «Қайран, елім» деген екі күйі бізге дін-аман жетіп отыр». шет 5

Омар Хаямның өсиеті

Одан кейін қаламгер қалақ домбыраның хикаясын баяндауға көшті. «Мына домбыраның иесі – Құлагерге ажал құштырған бая­ғы Батыраш пен Қотыраштың немересі Ырыш деген кісі. Мұның қай уақытта және қай шебер жа­сағандығын нақты айтып бере алмаймын. Бірақ өзі әнді жақсы орындайтын адам болғандықтан бұл домбыраны күтіп сақтағаны байқалады», деп қысқаша мағлұмат бере келіп, үшінші домбыраның тарихына көшті. Сыртқы ою-өрнегі ерекше көз тартатын домбыраны қолыңызға ұстап, шертіп қалсаңыз, жүрегіңіз селт ете қалады. Керемет, ғажап дүние. Бетіне арап ғарпімен үш шумақ өлең өрнектелген. Бет жағындағы, жиектеріндегі түрлі-түсті оюларды асықпай-аптықпай әдептеген шебер өз жұмысын өте ұқыпты, тиянақты атқарыпты. «Бұл парсы тіліндегі өлең. Ал, оның аяқ жағына Омар Хаям деп жазылған. Демек, Омар Хаямның парсы тіліндегі бір шумақ өлеңі», деп түсіндірді мұны жазушы. Бірақ бұл жерде айта кететін бір жайт, бұларды ғылыми айналымға түсіретін, жүйелейтін білікті маман қажет. Мынадай тамаша сәнді домбыраны зерттеу керек сияқты. Бетіндегі үш шумақ өлеңнің ма­ғынасын білмекке құмартып, қан­дай ағаштан жасалғанын, қан­дай шебердің қолынан шыққандығын сұрастырдық. Бірақ ол да қай жылы, қай жерде жасалғаны белгісіз жә­дігер. Не болса да төңкеріске дейінгі қолөнер туындысы болса керек деген болжамға тірелген шежіреші өйткені, төңкерістен кейін мұндай дүниені ешкім жасамағанын айтады.

Өткен ғасырдың бас кезінен, яки болмаса тарихы одан да алы­сырақ жақтан басталуы мүмкін дейді. «Домбыраның иесі – атақты Әбди күйші. Оны 1931 жылы Қарқаралыға апарып атқан, – деп әңгімесін Қыз­дарбек күйшінің шәкірттерінің бірі жайындағы қызықты дерекпен бастаған К.Жүністегі 1928-1929 жылдары оның «Қызыл еспе» кен орнында екі жыл қыстағанын айтты. «Өйткені, әкем сол жердегі милицияда жауапты қызмет атқарған болатын. Онда бар болғаны жиырма жастағы жас жігіт. Сосын үш сыныптық қана білімі бар Сычев дейтін шолақ белсенді ГПУ-дің басшысы болып келеді. Онымен менің әкем тіл табыса алмағандықтан жұмысын тас­тап кетіп қалған. Ал Әбдидің қудаланып, абақтыға қамалатыны сол жылдар еді. Бар жазығы – оның тек домбыра тартқаны, одан басқа себебі жоқ. Біріншісінде әкей ебін тауып, түрмеден домбырасымен бірге босатып жіберген. Екінші рет Әбдиді қолға түсіріп, осы өңірге алып келген. Мұндағы түрмеге түскендерді үнемі қысқа отын дайындау үшін тал шабуға апарады. Сонда Әбдимен кіндіктес жалғыз қарындасы аңдып барып, ағасын атқа мінгізіп, алып қашып кеткен. Үшінші рет қолға түсіргенде бірден Қарқаралыға жіберіп, сонда атып, сүйегін көлге тастаған» деді күйшінің тағдырына тоқталып. Кеңестік саясаттың озбыр­лы­ғынан зардап шегіп, тағдырлары өкініште өткен күйшілердің тарихы туралы көптеген тың деректі алдымызға тосқан жазушының естеліктерін бір мақаланың ішіне сыйдыру мүмкін емес. Сондықтан әңгіме халқымыздың киелі домбырасына қатысты болғандықтан мұнда біз өнер жанашырының Ар­қадағы алты домбыра төңі­регіндегі ой-толғамдарын ғана келтіруді жөн көрдік. Ел ағасының айтуынша, Әбдидің домбырасына қол жеткізуі өз алдына бір қызық хикая. «ЕСЕП» партиясы үшін сотталып, лагерьден босап келдім. Шамасы 1967 жыл болса керек. Туыстардың, жолдастарымның үйін аралап жүргенде Ерғалы Есімғалиев деген жігіттің шаңы­рағындағы дастарқанда елдің тұрмыс-жағдайы туралы келелі әңгіме қозғалды. Үй иесінің інісі кенет Кәмен деген кісі сөз бастады: «Анау Киікті деген жақта Әбдидің домбырасын бір маскүнемдер ұстап жүр екен деген сұмдықты естігенде шыдамас­тан артынан іздеп бардым. Сөйтіп, тауып алдым. Қасиетті домбыра сынуға айналыпты, алып кеттім» деп отыр. Содан мен домбыраны үйге сұрап алып келдім. Мұны көргенде әкемнің көзі шарасынан шығып кете жаздады: «Ойбай-ау, сен мұны қайдан алдың?» деп таңғалды. «Танисыз ба?» деймін. «Иә, танимын», дейді. «Қайдан танисыз?» десем, «Әбдидің домбырасы емес пе?... Мен оны түрмеден босатып жібергенде қолында осы домбырасы болғаны есімде», дейді. Мінеки, күйшінің көзін көрген кісілердің өздері осылай еске алады. Бірақ өкініштісі, аспап жасаушы адамның аты-жөні белгісіз. Неден жасалғаны тағы жұмбақ. Мойыны жіңішкерек те, ал шанағының асты үшбұрышты болып келген. Беті жалпақ. Қолға ұстауға ыңғайлы. Өрнегі қандай десеңші! Дауысы бұзылмаған, сол күйі. Бояулары өшпеген. Мен еш жеріне тиіскен жоқпын. Қалай келді, сол қалпында сақтаулы тұр», деп ойын түйіндеген Кәмел аға 1963 жылы Смағұл Ғабдуллин есімді шебер жасаған келесі домбыраның қоңыр үніне көбірек көңіл бөлді.

«Ол кісі осыдан 80 шақырым жерде тұрды. «Бұрын біздің ата-бабаларымыз осындай домбырамен өнер көрсеткен», деп маған осы аспапты тарту еткен болатын, – деді. –Ал, енді мынаған келсек, Шаңкерей дейтін кісінің домбырасы», деп сыртқы пішімі жағынан түбі түркі халықтарының ұлттық аспаптарына ұқсайтын домбыраға назарымызды аудартты. «Ол кісі осы Шетте тұрды, Босағада, Киіктіде біраз қызметтер атқарды. Шебер адам еді. Оюларын өзі жасады. Бір ғана кінәраты, ағаш тым кебе қоймағандықтан ба, болмаса дұрыс сақталмағандықтан ба, мойыны сәл-пәл майысыңқыраған, сол себепті өзгеріске ұшыраған», деді.

Соқыр ақынның мұрасы

Тағы бір домбыраның тарихы атақты Қақпан ақынға барып тірелді. «Екі көзі жоқ, жанарсыз болғанмен күйді керемет тартқан. Тарихта оның есімі Соқыр ақын деп те кездеседі. Осы өңірге аты мәшһүр Қақпан ақынның алақанының табы тиген, ғажайып домбыраны қолыңа ұстап көруіңе рұқсат», – деді күй жанашыры. Шеттің жанынан сыңғырлап Соқыр өзені ағып жатыр. Мұны еріксіз ақын есімімен байланыстырасыз, зор құрметтің белгісі санайсыз. Өйткені, жер, су атауларының шығу тарихы сол өңірдегі белгілі тұлғалардың есіміне байланысты қойылуы ежелден бар дәстүр. Олай болмаған күннің өзінде сырғадай сыңғырлаған өзеннен соққан жылы леп Соқырдың іздері мен жырларын жадыңа жаңғыртып өтеді. Ал қолымыздағы домбыраның сыртқы пішіміне қарағанда ертеректе жасалған аспап екені айқын аңғарылады. Ағашының түсі ерекше. Мұндай түр қазір көп кездеспейді. Тарихи домбыраның күмбірлеген үніне сүйсініп, бір-екі әуенге салып көрдік.

Арада көп жылдар өткеніне қарамастан аспап дауысының бұзылмағанын, әлі күнге бабында сақталғанын байқадық. Жағымды қоңыр үн жаныңа тым жақын. Қазіргі домбыралардың дауысына мүлде ұқсамайды. Көлемі шағын болғанмен, тағылымы зор жәдігер. Ұстауға өте ыңғайлы. Жа­­зушы ағамыз домбыра иесінің аянышты тағдыры жайында әң­­­­гі­­мелегенде, қазақ даласын жалмаған ашаршылықтың тағы бір ақтаңдағының беті ашылған еді. «1931 жылы жұрттың ма­лының бәрі жаппай тәркіленді. Сонда екінші хатшы ақынның бес ешкісін қимай, тартып алған. Өзі соқыр адам екі баласымен қалай күнелтеді? Содан Қызылжардағы ағайындарын жағаламақ оймен, елден ұзап бара жатып туыстарын аралаған екен. «Қақа, елден кетіп барасыз. Біз сізді енді сағынамыз-ау, сондықтан мына халқыңызға не мұра қалдырасыз?», деп қол­қалапты дүйім жұрт қоштасып жатқанда. Сонда осы елдегі үнемі ән салып жүретін бір өнерлі жігітті шақырып алып: «Мына домбыраны сен ал», деп тапсырған көрінеді. Ол кісі о дүниелік болып кеткен. Оның немересінің қолында осы домбыра 80 жыл сақталыпты. Қасқатайдың Жекені серілеу кісі болған деседі, мен мұны оның баласы Серікбектен алдым», деп жәдігерді олжалау оңай соқпағанын айтты.

«Осы үйде бір домбыра бар деп естіп келдім, соны көруге бола ма?» дедім үй иесінен. Ол менімен біраз әңгімелескеннен кейін ұлына: «Домбыраны әкел», деді, ол алып келді. Қолыма ұстап көрдім. Түбі ойылып, пернесі үзіліп, домбыра құруға айналыпты. Қаңқасы ғана қалған. Сосын әлгі жігіт: «Мен сіздің не себепті келгеніңізді түсіндім. Еш­қандай сөзім жоқ, енді домбыра сіздікі», деп келте қайырды. Қанша қиналғанмен маған мына қазынаны қия салғанына қарағанда, мәрт азамат екен. Осыдан екі жыл бұрын Арқа әнші-күйшілерінің алтыншы домбырасы қолыма осылай тиді. Қазір жетінші домбыраны іздестіріп жүрмін» деп өткенге ой жүгірткен шежіреші о жер, бұ жеріне әбден шеге қағылып, жарылған домбыраны көп мұраның бірі деп есептемейді. «Ішіне түскен сынығын алу үшін бір күн отырып әуре болдым.

Кешке таман әбден діңкелеп шаршап, үстелдің үстіне қойдым да кетіп қалдым. Таңертең орнымнан тұра сала домбыраға тағылған сымды өзіме сәл тарта бастағаным сол еді, әлгі сынығы сыртына өзі шығып келе жатыр. Жүрегім селк ете қалды. Қақпан ақын тегін кісі емес екен-ау дедім... Ол кісінің біраз өлеңдері сақталған. Қызылжарда 1933-жылы қайтыс болды. Екі баласы соғыста қаза тапты. Бірақ қасиетті домбыраны кім жасағаны белгісіз», деген Кәмел Жүністегі шерткен сыр су түбіндегі маржанмен тең.

Күй қонған өңір

Ақсу-Аюлының ескірген көшелері мен үйлері сүреңсіз көрінгенмен, қасиетті домбыраны төрінде ардақтаған мекеннің көгі ешқашан бұлыңғыр тартпасына сеніп аттандық. Негізі домбырамен тұтас бір ғылыми институт айналысса артық болмайды. Соған қарамастан жазушының осы орайда бір ғылыми орталықтың жұмысымен пара-пар орасан зор іс атқарғанына куәміз. Қаламгердің жеке коллекциясындағы Арқаның алты домбырасын, басқа да құнды жәдігерлерді, шіркін ғалымдар жеке-жеке зерттесе, әр домбыра өз алдына сайраған бір тарих-ау! Алайда, өткенді зерделеп, ұлттық аспаптарды ұлықтауда ардагер құралақан емес, кейінгі ұрпаққа ұсынар том-том дүниесі бар. Автор осы сапарда қолтаңбасымен үш кітабын сыйға тартты. Бірі «Көне арнаның ізі қайда?» деп аталады. Соған енген «Наурызбай «Бестөресі» зерттеуі көзге бір­ден шалынады. Мұнда автор: «Қазақтың қоңыр үнді домбырасы да қара жамылды, – деп жазады. – Әсіресе, сезімге толы Ұлы Даланың сағымға толы бейнесін де, мөлдіреген көгілдір аспанын да, баяу ескен самалын да, құлдырай кісінеген құлынының үнін де, жайқалған жайлауын да сағындырып, санаға серпіліс беретін, жүректі мұңға толтыра отырып, өмірдің тапшылығын да, бұл жалғанның жалғандығын да еріксіз мойындататын қазақтың шертпе күйі «ату» жазасына кесілді. Шертпе күйді күй өнерінің шыңына шығарған Қыздарбектің жеті-сегіз шәкірті бірінен соң бірі атылды...

Әбдиді елге келген соң осы зауалды күймен бейнелеп, «Қарғыс» деген күй шығарғаны үшін Қарқаралы түрмесіне қамап, көшеге айдап шығып, есалаң жұртқа таспен ұрғызып, атып тас­тады. Әбікен Хасенов өз ауылында бір күнде 27 адамды атқан күні үйінде болмай қалғандықтан аман қалып, Семей, Павлодар, Өскемен асып, ақыры Алматыға жасырынып аман қалады. Қыздарбек күйшінің ізбасарлары Мақаш, Кенжеғара, Ақмолда, Кәрібектер де опат болды»... Ауылда жатып ондаған кі­тап жазған кісіні көр­діңіздер ме? Қуғын-сүргін құрбандары, ақындар мен күйшілер, өнер жайында жазған жанайғайларының өңірлік тар шең­берде тұншығып қалмай, елдік мүддемен өріліп, кең ауқымда жырлануы тұлға келбетін биіктете түсетін құбылыс. Осы арқылы бізге өңірдегі тұрғындардың бәрі ше­тінен әнші, күйші сияқты елестеді. Күйге тұнған жайлау жанарынан жадыраған жазғы леп есті.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы,

Шет ауданы

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

22.02.2019

Жұмада Астана, Алматы мен Шымкент айырбас қосынында доллар бағамы түрлі бағытта өзгерді

22.02.2019

Оралдық оқушылар Гонконг университетінің грантына ие болды

22.02.2019

Мұқтаж отбасылар баспаналы болуда

22.02.2019

Жұма күні Қазақстанның батысы мен солтүстік-батысында жауын-шашын болуы мүмкін

22.02.2019

Мүгедек жандар үшін құнды құрылғы

22.02.2019

Қазақстанның футболшылары Молдованы ұтты

22.02.2019

Жекешелендірілген балабақшаларды неге қайтармайды?

22.02.2019

Конькиден әлем чемпионаты басталады

22.02.2019

Жамбыл өңіріндегі жақсы бастама

22.02.2019

Бағдарламаның жемісі айқын аңғарылады

22.02.2019

Туған жерге туыңды тік!

22.02.2019

Жолдау жүгін елмен бірге көтеріп жүр

22.02.2019

Қазақстанның баскетболшылары Австралиядан ұтылды

22.02.2019

Jol erejesinen buryn, saqtyq kerek

22.02.2019

СҚО-да әлемдегi iрi қалайы кен орны ашылады

22.02.2019

Шалқар-Имантау демалыс аймағын жаңғыртуға  1 млрд теңге жұмсалады

22.02.2019

Павлодарда облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің 90 жылдық мерейтойы  өтті

22.02.2019

Ауылы аралас, қойы қоралас ағайын...

22.02.2019

Солтүстiк Қазақстаннан көшiп кеткен тұрғындардың саны 15% азайды

22.02.2019

АҚШ-тың келесі президенті кім болады?

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»

Jol erejesinen buryn, saqtyq kerek

Jasyratyny joq, ózimizdiń bir áriptesimiz, Qaraǵandy tas jolynan Astanaǵa kirer tusta keshqurym, ıaǵnı alageýim shaqta kóligimen bir adamdy basyp ketti. Ol jaıaý júrginshi jolaǵymen júgire basqan jandy kórmeı qalǵan. Qansha jerden kinásin moıyndasa da, ol – jaýapker. Sebebi jaıaý júrginshige arnalǵan jolaqta ereje buzdy. Toqtamady. Al toqtar edi, biraq adamdy kórgen joq. Mine, endi mundaı jaǵdaıda kimge kiná artasyz? Jaıaý júrginshi de opat boldy, júrgizýshi de qamalady.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Tyıym men tıyn

Toı-toımalaqta tún jamylyp óner kórsetetin kámelettik jasqa tolmaǵan, ómirleri aq paraqtaı taza, kóńilderi aq bulaqtaı móldir kishkentaılarymyzdy jasyna laıyqsyz kıindirip, boıandyryp kópshiliktiń aldynda shyǵarý, án saldyrý – qý aqshaǵa qunyqtyryp qoıǵan ata-analarynyń kinásinen. 

Бақытгүл САЛЫХОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты

Qorqynyshty mıkroplastık

О́tken aptada Eýropalyq odaq úkimeti óndirýshilerge mıkroplastıktiń barlyq túrin óz ónimderinde qoldanýǵa tyıym salǵanyn estigen bolarsyzdar. Mıkroplastıktiń ne ekenin bilesiz be? Osyǵan deıin kóp mán bermeppiz. Sóıtse mıkroplastık − sıntetıkalyq polımerlerdiń kishkentaı bólikteri, bul kóptegen zattyń quramyna kiredi: kúndelikti kıetin kıimimizde de, kir jýatyn untaqta da, saǵyzda da bar eken.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

«Jeti jarǵy» jıen jaıly ne deıdi?

Qarǵa tamyrly qazaqta jıenmin dese qolq etpes jan joq shyǵar, sirá. Tipti, naǵashyǵa aıtar oıyn «tuzdyqtap» jiberse de, basynan sóz asyrmas nebir adýyn minezdiniń ózi jıen ǵoı, aıta beredi» dep kúlip, bas shaıqaǵannan artyqqa barmaıdy.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Rýh jaıly áńgime

Marqum alashshyl tulǵa Aqseleý Seıdimbektiń «Rýhy azat halyq qana uly ister atqara alady» deıtin myzǵymas ustanymy boldy. Osy uǵymdy Ahań ári qaraı tápsirlep: «Rýhsyz halyqty altynǵa bólep qoısań da báribir, rýhy myqty qaýymnyń aldynda eńkish tartyp turady. Rýh degenimiz ol kózge kórinbeıdi, halyqtyń gendik bıosferasynda bolatyn úreıdi jeńý qýaty. Úreı qan arqyly urpaqtan urpaq jalǵasyp kete beretin asa qaterli qubylys. Qandaı bir qaýymnyń rýhanı erkindigi (táýelsizdigi) halyqtyń boıyndaǵy úreıdiń az-kóptigimen ólshendi» deıtin edi jaryqtyq.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікір қосу