Қаржы • 01 Ақпан, 2018

Салық кодексіндегі өзгерістерді түсіндірді

587 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елімізде 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Салық және бюд­жетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» жаңа Кодекс күшіне енгені белгілі. Қазіргі уақытта Қазақстан салық төлеу­шілер қауымдастығының бастамасымен Ұлттық экономика және Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті еліміздің аймақтарында жаңа Салық кодексінің нормаларын түсіндіру бойынша семинарлар ұйымдастыруда. Жақында Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарының салық төлеушілеріне арналған семинар Өскемен қаласында өткізілді.  

Салық кодексіндегі өзгерістерді түсіндірді

Өңірдегі ірі кәсіпорындардың салық төлеушілеріне, шағын және орта бизнес өкілдеріне, қоғамдық бірлестіктер мен басқа да ұйымдарға арналған семинарды ашқан кіріспе сөзінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов жаңа Кодекс адал салық төлеушінің мүддесін қорғауға бағытталғанын, бұдан былай барлық түсініспеушіліктер салық төлеушілердің пайдасына шешілетінін атап өтті.

Семинарда сөз алған Ұлттық экономика министрінің бірінші орынбасары Руслан Дәленов «Жаңа Салық кодексіндегі жаңа саясат» атты баяндамасында Кодекстегі өзгерістерді жан-жақты түсіндірді. «Бұл Салық кодексінің бұрынғылардан өзгешілігі, артық кедергілерден арылып, қарапайым халық мүддесін қорғауға басымдық берілуінде. Сөзім дәлелді болу үшін бір-екі мысал келтірейін. Мәселен, бұған дейін 2017 жылдың мүлік және көлік салықтарын сол жылдың 1 қазанына дейін төлеу керек болатын. Енді жыл қорытындысы бойынша төлейсіз. Бұдан бөлек қарызды кешіру кезінде жеке табыс салығы алынып тасталды. Егер банк азаматқа қарызын есепке жатқызса, онда есепке жатқызған сомадан бюджетке 10% салық ұстау қажет емес», деді ол.

Қазақстанның салық төлеу­шілер қауымдастығы басқарушы кеңесінің төрайымы Жаннат Ертілесова жүргізген семинар барысында Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлері салық саясатының ерекшеліктері мен жер қойнауын пайдаланушыларға салық салу, арнайы салық режімін жетілдіру, ҚҚС қайтаруды әкімшілендіру және жаңа Салық кодексінің басқа да жаңашылдықтарын мұқият түсіндіріп, салық төлеушілер мен бухгалтерлер тарапынан қойылған барлық сауалдарға жауап берді.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН