Тарих • 01 Ақпан, 2018

Құрманғазы мен Динадан қалған мұра Атырау музейінде сақтаулы

344 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында 60 домбыра бар. «Өлке мәдениеті мен әдебиеті» экспозициялық залында  күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлы туралы деректер, Дина Нұрпейісованың домбырасы, өңірден шыққан белгілі өнер шеберлерінің тұтынған бұйымдары мен аспаптары жинақталған. «Рухани жаңғыру» жобасы аясында музейде тағы бір игілікті шара өтіп, «Домбыра-дастан» атты кітаптың тұсаукесері ұйымдастырылды.

Құрманғазы мен Динадан қалған мұра Атырау музейінде сақтаулы

Кітапта ғасырлар бойы әр қазақтың төрінен орын алған ұлттық аспап, оның шығу тарихы, әнші-күйшілердің жан серіктеріне айналған домбыралар жайлы жазылған. Домбыра жасаушы қолөнер шеберлерінің еңбектері де жинақтан тыс қалмады. Ұлттық мұраны жырға қосқан ақындардың өлеңдері де кітапқа енгізілді.

Шараға қатысқан Қазақстанның және Қырғызстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор Илья Жақанов, Қазақстан Журналистер және Жазушылар Одақтарының мүшесі, өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев пен аймақтағы зиялы қауым өкілдері жаңа кітаптың маңызы жайлы баяндады.  «Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжінің студенттері музейде тұрған Қаршыға Ахмедияров, Хамит Ерғалиев, Рысбай Ғабдиев, Мекес Төрешев, Шәміл Әбілтаев, Нариман  Үлкенбайұлы,  Ғатау Ибішев сынды өнер тарландарының домбыраларымен күй тартты.

-Күллі қазаққа есімдері белгілі өнер иелерінің домбыраларының біздің музейде сақталуы – мақтаныш. Жас домбырашылар да өздері үлгі ететін аға-апалары ойнаған аспаптарда күй тарту мәртебесіне ие болды. «Домбыра-дастан» кітабы бес бөлімнен тұрады, онда қазақтың дәстүрлі өнері жайлы көп мағлұмат бар, - дейді музейдің этнография және өлке табиғаты ғылыми-зерттеу бөлімінің сектор жетекшісі С.Нұрпейісова.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан».

АТЫРАУ.

       

 

 

 

Соңғы жаңалықтар