Қазақстан • 02 Ақпан, 2018

Шейх Ахмет Тарази және «Көркем сөз өнері»

1113 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын бағдарламалық мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» деген әрдайым жадымызда жүретін ұлағатты сөздер бар. Шын мәнінде де тәуелсіздік жылдары қоғам өмірінің сан-саласында қол жеткізілген бұрын-соңды болмаған толағай жетістіктерімізді молайта түсу жолында бойымызға күш-қуат беретін тарихи құндылықтарымызды санамызда жаңғыртып отыруымыз керек. 

Шейх Ахмет Тарази және «Көркем сөз өнері»

Осы орайда ойға түседі, Мем­лекет басшысының «Тараз – та­ри­хымыздың темірқазығы» деген сөзінде шын мәнінде терең мән бар. Көне тарихымызға үңіле көз салсаңыз, Тараз тарихы­на қа­тысы жоқ дәуірді кез­дес­тір­мей­сіз. Басқасын айтпа­ған­да, күні кеше ғана бүкіл ел болып 550 жылдығын атап өткен Қазақ хан­дығы осы өңірден тамыр алған­дығы сөзіміздің айқын дә­ле­лі.

Қайбір дәуірлерде ғылым, білім, әдебиет өкілдері Тараздың тумасы екенін, сол шаһарда тұ­рып жатқанын мәртебе санаған. Бұ­ған көрнекті ғалым Әбсаттар Дер­бісәлі жұртшылыққа жария етіп келе жатқан әр ғасырлардағы Таразилер куә. Ал біз әңгімемізге арқау етпек болып отырған Шейх Ахмет Тарази кім? Бұл есім қай­дан және қалай мәлім болып отыр? 

2002 жылы Елбасының қам­­­­­қорлығы мен тікелей қол­да­уы­ның ар­қасында көне шаһар Та­раздың 2000 жылдық ме­р­ей­то­йы ха­лықаралық дең­гей­де атап өті­ліп, егемен еліміз­дің өміріндегі зор тарихи әрі мә­де­ни оқиға болып есте қал­ды. 

Мерейтойдың ең басты жетіс­тік­терінің бірі – қазақ тарихына, Тараз тарихына қатысты әдеби, ғылыми еңбектердің жарыққа шығарылуында еді. Мұның өзі ел мәдениетін өркендетуге қосыл­ған елеулі үлес болды.

Осы мерейтой шеңберінде жарық көрген заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев ағамыздың «Талай­ғы Тараз», білімдар ғалым Жан­ғара Дәдебаевтың «Атыңнан айналайын», тарихшы-жазушы, журналист Бақтияр Әбілдаевтың «Тараз. Қарахан. Айша Бибі» кітап­тары оқырман қауым жылы қабылдаған тұшымды дүниелер болды.

Көне Тараз мерейтойы себепкер болған тарихи жаңалықтар да жоқ емес еді. Осы айтулы оқиғаға арналған халықаралық кон­­ференцияда «Шейх Ахмет Құ­дайдад Тарази – ақиық ақын, ғұл­ама ғалым» деген тақырыпта баян­дама жасағанымыз бар. Бұ­ған дейін Ахмет Таразидің есі­мі бүгінгі оқырманға беймәлім бо­латын. Сол кезде Тараз мемле­ке­ттік университеті конферен­ция материалдарын топтап жа­рық­қа шығарды. Бұған қоса осы екі­мың­жылдыққа арнап шыға­рыл­ған «Тараз. Жамбыл облысы» эн­циклопедиясына («Қазақ энцик­лопедиясы», Алматы, 2003) Шейх Ахмет Құдайдад Тарази ту­ралы осы жолдар авторының ма­қаласы жарияланды. Мұны ай­тып отырғанымыз, ол туралы елі­мізде жарияланған алғашқы ма­териалдар осы ғана болатын.

Әлқисса, аталмыш мерейтойға әзір­лік барысында Тараз тарихына қатысты тұлғаларды іздестіргеніміз бар. Сол тұста Бабыр­дың «Мұқтасарында» атап өтілген Шейх Ахмет Тарази де­ген есімге назар аудардық. Оның «Фонун-әл-бәлағе» деген еңбегі Англияның Оксфорд қа­ла­сындағы кітапханадан, кө­шір­­месі Ташкенттен табылды. Сөй­тіп қолжазбаның көшір­ме­сін Қазақстанға, алғашқы пара­ғы­нан бас­тап жазылған жері Таразға алып келдім. Осы миссия кезінде жер­гілікті тарихшы-жа­зушы Бақтияр Әбілдаев, мә­де­ниеттанушы Әлібек Әмзеев бірге болды. Түркі тілінде жазыл­ған бұл туынды әде­би­ет­тану, әдебиет теориясы саласындағы зор ғылыми дүние болып шық­ты. Оның үстіне қолға тиген өлең­дері Ахмет Таразидің аса да­­рынды ғалым ғана емес, өз дәу­і­рі­не танылған ақиық ақын бол­ған­дығына көз жеткізеді. 

Шейх Ахмет Таразидің «Көр­кем сөз өнері» («Фонун-әл-бәла­ғе») еңбегі хижра бойынша 840 жылы, яғни XV ғасырдың бірінші жар­тысында, 1436-1437 жылдары жазылған. Өзі Таразда өмір сүр­ген ғалым сол замандағы шы­ғыс оқымыстыларымен, шайырларымен пікірлес, сыйлас болған. Мауераннаһрды билеп тұрған Ұлық­бекпен дос­тық қатынас ұста­ған, оны ға­лым, қаламгер, әмір ретінде құр­меттеген, сон­дық­­­тан да аталмыш еңбегін соған ар­найтынын жа­зады.

«Көркем сөз өнерінде» бел­гі­­лі, белгісіз есімдер, біз үшін тың деректер, оған қоса парсы ті­­лін­дегі мәтіндер, қиталар да кез­­деседі. Мұның өзі оның бір­қа­тар тілдерді меңгергендігін, өз дәуіріндегі және оған дейінгі әде­­б­иетті терең білгендігін көр­се­теді.

Парсы, көне түркі тілдерінің үл­кен білгірі, бүгінде белгілі ға­лым ислам Жеменейден Алма­ты­­дан Таразға қызмет бабында көшіп келуін өтініп, екеу­міз бір­­ге аталмыш еңбек­ті біраз бе­­де­­рінде шама-шарқымызша қа­­зақ­­шаладық, бірімізді біріміз то­лықтырып отырдық.

Шейх Ахмет Таразидің осы рисаласы өлең теориясы туралы түр­кі тілінде жазылған алғашқы зерт­теушілік-талдамалық еңбек. Бұл еңбекте автор өзімен замандас түркі тілдес шайырлардың, сон­дай-ақ парсы-тәжік классик­те­рі­нің шығармаларынан үзінділер кел­тірген. Мұның өзі түркі ғылым, әдебиет тарихының тереңірек та­мыр жайғанын айғақтайды. Аталмыш трактаттың мазмұны көр­кем сөз – өлең жүйесі туралы, ұй­қас және рәдифті ұйқас, жалпы өлең өнері, әрі ғаруз (аруз) өлең уәзіндеріне арналған мы­сал­­­дармен ғылыми талданып, анық­­­тамалары берілген. Түркі ха­лық­тары поэзиясында орын алған осы өлең өлшемі «ғарузи түрки» деп аталып, әсіресе шағатай ті­лі үстемдік еткен заманда дү­ние­ге келген поэзия әлемінде толық кө­рі­нісін берді. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаевтың жоғарыда айтыл­ған «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» атты мақаласында атап көрсетілгендей, «V-XV ға­сыр­­ларда түркі тілі Еуразия құр­лы­ғының аса ауқымды бөлі­гін­де ұлтаралық қатанас тілі болды. Мәселен, Алтын Орданың бү­кіл рес­ми құжаттары мен ха­лық­ара­лық хат-хабарлары не­гі­зінен ор­тағасырлық түркі тілінде жазылып келді. Халқымыз Ислам дінін қабылдаған соң руникалық жазулар біртіндеп ысырылып, араб тілі мен араб әліпбиі тарала бастады. X ғасырдан XX ғасырға дейін, 900 жыл бойы Қазақстан аумағында араб әліпбиі қолданылды». 

Міне, Шейх Ахмет Таразидің «Көркем сөз өнерін» көне түркі тілінде араб қарпімен жазуының себебін осыдан түсінуімізге болады. 

Әдебиетші ғалым Мекемтас Мырзахметов былай деп жазады: «Түркі өлең құрылысының негізін қалаушы Шейх Ахмет ибн Құдайдад Таразиден көп кейін Науаи мен Бабырдың ға­рузи түрки өлең өлшемі туралы жазылған зерттеу еңбектері жа­зылып танылғанын білеміз. Осы зерттеу еңбектерінен кейін со­лар­мен ілесе шыққан атақты ақын, тарихшы М.Х.Дулатидың «Жаһаннама» дастаны да тікелей ғарузи түрки өлең өлшемінің тү­рі­мен жазылуы көп нәрсенің сы­рын танып білуге бастайды». 

Расында, XV ғасырдың бі­рін­­ші жартысында Мауеран­на­һрда әдеби өмір қайнап жатқан кезде түркі тілімен парсы тілі қатар жаппай өріс алды. Шейх Ахмет Таразиден біраз кейін қазақ ғалымы, ұлы тарихшы Мұхаммед Хайдар Дулат (1499-1551) өзінің әйгілі әдеби тарихи еңбегі – «Тарих-и Рашиди» кіта­бын парсы тілінде, ал «Жаһан­­на­ма» дастанын сол уақытта түр­кі халықтарына тән ортақ шағатай тілінде жазды. Мұның өзі екі тілдің, яғни түркі мен парсы тілдері Мауераннаһр мен Хорасан аймағында аралас-құралас болғанын байқатады. Сондықтан қазақ даласы да екі тілдің ықпалынан тыс қалмады. Соның салдарынан қазақ топыра­ғынан шыққан шайырлар, ғалым­дар мен ойшылдар түркілер мен пар­сылардың әдебиетіне, мәде­ни­етіне, тіліне бірдей мән беріп, қоғам өміріне жете көңіл бөлді, тіл­дік ерекшеліктерін зерттеп отыр­ды. 

Шейх Ахмет Тарази көпте­ген мы­сал­дармен «бәлағе» – көр­кем сөз өнерінің, яғни өлеңнің қыр-сырын ашуға тырысады. Түркі өлеңдерін парсы поэзиясының уә­зіндерімен салыстыра отырып сарапқа салады. Танылған өлең түрлері мен өлең өлшемдерін (уәзіндерін) айрықша назарда ұстайды. Тарази өз еңбегінде сөз өнері турасында былай деген: «Тіл – адамзатқа тән, әрбір адамның көңілі мағыналы сөзді қалайды. Мағыналы сөз көңілге қонымды келеді. Сонда көңіл мен сөз ажырамас болар. Бұл азаматтың қастерлі сезі­мі шеңберінде болмақ, одан тыс­қары емес. Ғалымдар «сөздің екі түрі бар, бірі – қара сөз (нәсір), екін­шісі – өлең (нәзім) деп бөлуді жөн көрген». 

Шейх Ахмет Тарази өзінен бұрын және кейін өмір кешкен ғалымдар сияқты Аллаға иманы кәміл және ислам жолына бас иген ойшылдар қатарына жатады. Бұл пікірімізді ғалымның мы­на­дай сөздері қуаттайды: «Алла тағалаға шүкір, өйткені адам­­заттың болмысына қараң­ғы­­лық­тан жарық сәуле көре білу үшін, қиыншылықтардың түйі­нін шеше білу үшін көре алатын­дай және түсіне білетіндей күш берген. Әрі сөзбен ішкі жан дү­ние­сінің ұғымдарын һашида тәсі­лімен (қағаз беттеріне түсіріп) көр­кем түрде әртүрлі қырынан баян ете алады. Мұның бәрі – шүкіршілікке тұрар тарту». Сөзден артық гауһар болғанда, ол сөздің қай жағында тұрар ед, – деп өз ойын бір шумақ өлең­ге арқау етеді. Шейх Ахмет Тарази Алла тағалаға тіл бергені үшін, әрі тілге сөйлеу құдіретін сый­лағаны үшін шексіз алғысын ай­тып, шүкір еткен соң, мұны сол за­манның даналарының бойы­на да­рыған біліммен қатар иман­ды­лықтың үлгісі деп білсек болар. 

Шейх Ахмет Таразидің «Фонун әл-бәлағе» еңбегі бес та­рау­­дан тұрады. Бұл – парсы мен түркі әдебиетінің теориясын екі тілдегі көптеген өлең жол­дарын мысалға келтіре отырып, егжей-тегжейлі айқындауға мақ­сат еткен аса құнды зерттеу жұ­мысы, талдауларымен қатар шы­ғыс әдебиетінен мол мағ­лұ­мат беретін теңдессіз туынды.

«Шейх Ахмет Құдайдад Тарази­дің айтуынша, – деп жазады филология ғылымдарының док­торы, профессор Жанғара Дәдебаев, – оның өзіне дейінгі ға­лым­дар жазған бір де бір ең­бек­те өлең сөздің барлық тек­тері мен түрлері бір-бірімен ұш­­тас­тырылып, біртұтас қарас­ты­рыл­маған. сондықтан да оның пей­і-

лі осы өзекті мәселеге ауады, көңілінің пердесін асқан құштар әуестікпен ашып, қолына қалам алады, қара сөз бен өлең сө­здерге ниет білдіргендерді олар­дың жалпы заңдылықтары, түр­лері жайында хабар етуді мақ­сат етеді. «Кім де кім сөз өнерін қаласа және шешендік қа­білеті болса, осы еңбектен пайда көрмек», – деп білді ол. XV ға­сырдың бірінші жартысында ұсы­нылған бұл болжам біздің заманымыз үшін де қымбат, бағалы».

«Көркем сөз өнерінде» бізге бей­мәлімдеу шығыс шайыр­ла­рының да есімдері аталады де­дік. Олардың кім екенін зерттеп білу, Шейх Ахмет Таразидің шығар­ма­шылығына тереңірек үңілу өз алдына үлкен жұмыс болмақ. Бұл алдағы уақыттың шаруасы, оған әдебиеттанушы, әдебиет зерттеуші қауым белсене атсалысады деп сенеміз.

Кеңесбек ДЕМЕШ, 
әдебиеттанушы, аудармашы