Жеңіл атлетика • 02 Ақпан, 2018

Жабық кешендегі Азия чемпионаты: Қазақстан бірінші орында

271 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Иран астанасы Тегеран қаласында өтіп жатқан жабық кешендегі Азия чемпионатының екінші жарыс күнінің таңертеңгі бағдарламасы аяқталды. Қазақстан құрамасының қоржына тағы 5 медаль түсті, деп хабарлайды Жеңіл атлетика федерациясының ресми сайты.

Жабық кешендегі Азия чемпионаты: Қазақстан бірінші орында

Иран Ислам Республикасының заңына сәйкес, әйелдер ерлерден бөлек жеке сайысқа түсуі қажет. Сондықтан таңертеңнен түске дейін әйелдер, одан кейін ерлер арасындағы жарыстар өтіп жатыр.

Бүгін, 2 ақпан күні таңертеңгі бағдарламада қыздарымыз бапкерлер штабының сенімін ақтады. Финалда өнер көрсеткен 6 спортшының бесеуі жүлдеге ілікті. Оның ішінде үшеуі алтын.

400 метрге жүгірген Светлана Голендова (Жамбыл облысы) мен Элина Михина (ШҚО) алтын мен күмісті өзара бөлісті. 24 жастағы Голендова мәреге 53.28 секундта жетті. Элина Михина өз кезегінде 53.49 секундпен күміс жүлдеге қол жеткізді. Қола жүлде Шри-Ланка спортшысына бұйырды.

Ал 60 метрге тосқауылдар арқылы жүгірген Әйгерім Шыназбекова қазақ қыздары арасынан алғаш болып, жеңіл атлетикадан жабық кешендегі Азия чемпионатының жеңімпазы атанды. Әйгерім Тегранда аталған қашықтықты 8.32 секундта жүгірді.

Үшінші алтынға сырықпен секіруші Анастасия Ермакова ие болды.17 жастағы спортшы Тегеранда 3.70 метрге секіріп, соның арқасында чемпион атанды. Екінші орындағы Иран спортшысы 20 сантиметрге қалып қойды.

Анастасия бұған дейін 10 қаңтарда Өскеменде өткен Қазақстан кубогында 3.81 метрге секііп, жастар арасындағы Қазақстан рекордын жаңартқан еді.

Тағы бір күміс 60 метрге жүгірген Виктория Зябкинаға бұйырды. Алматылық 25 жастағы атлет финалда 7.39 секундпен мәреге екінші келді. Бас жүлде қытай қызы Лиан Сяочжиға (7,20) бұйырды. Айтпақшы, Қытай спортшысы жабық кешендегі Азия чемпионатының рекордын жаңартты. Ол рекорд бұған дейін Виктория Зябкинаға тиесілі болатын. Виктория 2016 жылы Дохада дәл осы қашықтықты 7.27 секундта жүгірген еді.

Өкінішке қарай, Рима Кашафутдинова финалда жоғары нәтиже көрсете алмады. Қарағанды облысының атлеті 7.50 секундпен бесінші орынды қанағат тұтты. Рима ең болмаса кешегі іріктеу кезеңіндегі нәтижесін қайталағанда қола жүлдеге ие болар еді...

Айта кетейік, Қазақстан спортшылары жабық кешендегі Азия чемпионатынан әзірге 5 алтын, 2 күміс, 1 қола медаль жеңіп алды. Жалпы командалық есепте бірінші орында келеміз