Аймақтар • 05 Ақпан, 2018

Алыстағы Азғырға газ барады

443 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалының қызметін облыс халқының 96 пайызы пайдаланады. Өңірлік бағдарлама аясында Азғыр аймағы мен кейбір газбен қамту көздерінен шалғай жатқан ауылдардан басқа жерлер толығымен газдандырылды. Құрманғазы ауданындағы Азғыр селосына газ тарту бойынша жобалау-сметалық құжаттар аяқталып, монтаждау жұмыстары басталды. 

Алыстағы Азғырға газ барады

Бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Айталық диспетчерлік жүйе қондыру жобасы іске қосылып, 9 автоматтық газ таратушы стансасында және 17 газ тарату пунктінде автомат­ты жүйені диспетчерлік бас­қару орнатылды. Сол арқылы об­лыстағы аудандар мен өндірістік кәсіпорындарды қосқанда 114 елді мекенді газбен үзіліссіз қамтамасыз етуге мүмкіндік туды. Осындай шаралардың нәтижесінде апаттар саны азайып келеді. 2016 жылы 74 апат тіркелсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 18-ге кеміген.

– Атырау өндірістік филиалы және «РЦКУ-Атырау» ЖШС арасындағы келісім негізінде тұрмыс­тық газ құрылғылары мен жабдықтарды алдын ала тексеру жұмыс­тары жүзеге асырылады, алайда тұрмыста газ пайдалану кезінде улану жағдайлары тір­келуде, – дейді филиал директоры Мақсот Әбуов.

Жыл басында Исатай және Қызылқоға аудандарының тұрғын үй секторларында газбен улану бойынша 3 оқиға тіркеліп, оның екеуі адам өліміне әкелді.

 Атырау облысы бойынша «Сер­вис Аймақ Газ» ЖШС, «Батыс Газ Аймақ» ЖШС, «Аймақ Газ Құры­лыс» ЖШС, «Аймақ Газ Инвест» ЖШС секілді басқа да тү­тін шығу мұржасы мен желдеткіш каналдарды тексеру қызметін көрсететін бірнеше кәсіпорын жұ­мыс істейді.

– Бірақ олардың газ жабдық­тарына техникалық қызмет көрсету куәліктері жоқ және қызметтері «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Атырау өндірістік филиалына байланысты емес, – дейді М.Әбуов.

Газды пайдаланып алып, тиісті ақыларын төлемей отырғандар да бар. Бүгінге дейін өңірлік филиалға тұ­тынушылардың қарызы 137 млн теңгеден асқан. Оның 46 млн тең­гесі бюд­жеттік мекемелерге тиесілі.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ