Өнер • 05 Ақпан, 2018

Ғаймолдиннің ғажайып әлемі

429 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағандылық суретші Ерлан Ғай­молдиннің қыл­қаламынан ту­ған дү­ниелер тылсым сыр­ға толы. Ма­ман­дардың пайымына сүйенсек, суретшінің қол­таңбасына әй­гілі импрессионист Модильянидің ық­палы молынан әсер еткен. Бұған шебердің өзіндік мәнері қо­сылғанда, кенеп бе­тіне көздің жауын алған сиқырлы әлем өрнектері ұя салады екен. 

Ғаймолдиннің ғажайып әлемі

Облыстық бейнелеу өнері мұржайында өт­кен көрмеге суретшінің 24 туындысы қойылды. Көрермен назарына ұсы­нылған кар­тиналардың барлығы да соңғы екі жыл ішінде дүниеге келген. Олардың қамтыған тақырыбы да сан алуан: отбасының ұйытқысы һәм ұрпақты жалғастырушы әйел бейнесі, халықтардың пайда болуы мен олардың тарихы, әлемдік аңыздар мен мифтер...

Суретшінің барлық туын­дыларының астары философиялық мәнге толы дегенді айтады өнер­та­нушылар. Авторды та­биғат, ғарыш, өмір, дін тура­лы толғамдар қатты қызық­тыратын болса керек. Әлбетте, мұның ту сыртында бір картинаны өмірге келтіру үшін жүздеген эксизді сыннан өткізетін жан­кешті еңбектің тұрғаны айтпаса да түсінікті.

Бұл – Ғаймолдиннің алғашқы көрмесі емес. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары туындыларын жұрт талқысына шығарыпты. Ол кезде қалада «Қарағанды авангарды» – «КарАван» жастар тобы болған. Соның алғашқы құрамында Ерлан да болған екен. Міне, енді ол араға талай жылды салып, өзінің көрерменімен қайыра қауышты.

Ерлан Ғаймолдин – Қа­­ра­ғандының тумасы. Алматы көркемсурет учи­­лищесін бітірген соң, туған қаласында жарнама саласында тер төккен. Одан кейін 80-жылдары Ал­матыдағы мемлекеттік театр-көркемөнер институтын (қазіргі Т.Жүр­генов атын­дағы өнер академиясы) сәндік-қолданбалы өнер суретшісі мамандығы бойынша тәмамдаған.

Ғаймолдиннің шы­ғар­машылығы туралы қара­ғандылық өнер­та­нушылар өте жылы лебіз білдіреді. Мы­­салы, белгілі маман На­талья Ивани­наның мы­на пікіріне назар салсақ. «Су­рет­шіні 2000-жылдардың басын­дағы қазақстандық өнер мектебінің өкілі деп сеніммен айтуға болады. Оның картиналарындағы кейіпкерлердің, мейлі ол адам немесе жан-жануар болсын, бәрінің көз жанарлары міндетті түрде айқын көк түспен беріледі. Бұдан біреулер адамзаттың құшақ жетпес кеңістігін аңғарса, енді біреулер түпсіз терең, қап-қараңғы шыңырауды көреді. Ғаймолдиннің ға­жа­йып әлемінің сыры да осында болса керек», дейді маман.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

ҚАРАҒАНДЫ

Суреттерді түсірген  Дмитрий КУЗМИЧЕВ