Тәрбие • 06 Ақпан, 2018

Ұстаздың көлеңкесін баспау ұғымы

325 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Президент Н.Ә.Назарбаев­тың Қазақ­стан халқына Жол­дауына қатыс­ты мәлім­демесімен және «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауын зор ынтамен танысып шықтым. Оптимистік әсер алдым. Жаңа жағдай, жаңа міндеттер, жаңа мүм­кіндік­тер мен үміттер туралы ойлануға тура келді.

Ұстаздың көлеңкесін баспау ұғымы

Фото: Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»

Елбасының осындай Жолдау­ларымен, әр кездегі ұлағатты сөз­дерімен, жуырда жарық көрген «Тәуелсіздік дәуірі» атты еңбе­гімен таныса отырып, біз еліміздің аз уақыттың ішінде қандай тарихи жетістіктерге және қандай дәре­жеге жеткенін біліп, зор мақ­таныш сезіміне бөленеміз.

Елбасы өзінің бағдарламалық сөздерінде, жыл сайынғы халыққа Жолдауларында заман талабын дөп басып танып, дүниедегі өзгерістер мен сын-қатерлерге қалай дайын болудың, оларға лайықты жауап берудің жолдарын көрсетіп келеді.

Қоғам дамуы қайшылықсыз, қиындықсыз жүзеге аспайды. Кейбіреулер соларға тап болса, аб­дырап, не істерін білмей қина­лады. Біздің Көшбасшымыз болса, сондай күрделі шақта ширы­ғып, қиындықтарды еңсерудің жол­­дарын іздестіре бастайды, халық­­қа, кадрларға, барлық қазақ­стан­дық­тарға сенім артады.

Тәуелсіздік тұсындағы 26 жылда біз әртүрлі дағдарысты бас­тан кештік. Оларды жеңе білдік. Алдырмай-шалдырмай, өз жолымызбен дамып келеміз.

Елбасының жиі қолданатын сөздерінің бірі – мүмкіндіктер туралы. Осы Жолдаудың да «Төр­тінші өнеркәсіптік революция жағ­­дайындағы дамудың жаңа мүм­кін­діктері» деп аталуы тегін емес. Кең-байтақ, көлемді аумағы бар, табиғи ресурстарға бай, көп­ұлт­­ты елде мүмкіндік аз деп ешкім айта алмас.

Қазақстанның жасампаздық даму жолын жан-жақты ашып көр­сет­кен «Тәуелсіздік дәуірі» атты ең­бегінде Елбасы: «Тәуелсіз Қазақ­­стан тарихының басты тағы­лы­мы мынада: Кез келген тығы­рық­тан жол тауып, кедергіні мүм­кін­­дікке, тәуекелді табысқа айналдырып, ең асқақ арманға қол жет­кізу әркімнің өз қолында...» – деп жазады.

Биылғы Жолдауды ретімен жүзе­ге асатын іске басшылық деп қабыл­дауға әбден болады.

Жолдаудың негізгі идеясы – елімізді төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында, жаңа технологиялар мен цифрлы экономика заманында қалай дамытуға байланысты. Осыған орай Жолдауда таяу жылдарда атқарылатын он негізгі және нақты міндет белгіленген. Бұлар: агроөнеркәсіп кешенін, құры­лыс пен коммуналдық секторды кеңінен индустрияландыру және жаңғырту, көлік-логистикалық инф­рақұрылымның, қаржы секторын «қайта жаңғыртудың» тиім­ділігін арттыру, адам капиталын дамыту, мемлекеттік басқа­ру­­дың тиім­ділігін қамтамасыз ету, ауқым­ды цифрландыру жұмыстары және басқа міндеттердің бәрі де нақ­­т­ы және маңызды. Бұлардың бәрін таратып айту біз сияқты гу­ма­­ни­тарлық сала өкілдеріне оңай соқпайды. Сондықтан өзімізге жақын, өзіміз айналысып жүрген мін­­детке, жаңғырудың негізі болып табылатын адами капиталдың сапа­сы туралы сөз болатын жетінші мін­детке тоқталуды жөн көрдік.

Қандай күрделі міндет, ғажап идея болмасын, оларды жүзеге асыратын адамдар, мамандар.

Жаңа заман талабына сай болатын, ел алдындағы күрделі мін­­дет­­терді ойдағыдай орындай ал­атын адам қандай болуы ке­рек деген сұрақ туады. Бұған Елбасы Жол­дауын­дағы мына сөз­­дер­мен жауап беруге болады: «Өзінің тарихын, тілін, мәден­ие­тін білетін, сондай-ақ за­ма­­нына лайық, шет тілдерін мең­гер­­­ген, озық әрі жаhандық көз­қара­сы бар қазақстандық біздің қоға­мымыз­дың идеалына айналуға тиіс», деп атап көрсетілген. Осын­дай тұлғаны қалыптастырып өсіру үшін қоғам да, ата-ана да, ұстаздар қауымы да, еңбек ұжымы да, адам­ның өзі де бірлесіп жұмыс істеуі керек.

Жетінші міндетте Елбасы «білім беру ісінде өзіміздің озық жүйе­мізді құруды жеделдету қажет» деп атап көрсетті. Біз бұл салада дамы­ған елдердің тәжірибесін, халық­аралық стандарттарды пайдала­нып келеміз. Бәрі бірдей бізге үйлесе бермейтінін ескеру керек. Президент, менің ойымша, осыны меңзеп отыр. Бір нәрсеге назар аударғым келеді. Біз жаппай тестілеу емтиханын енгіздік. Тест арқылы студенттің білімін, онда да жаттанды білімін анықтауға болады, бірақ оның білімді қалай игергенін, не түсінгенін байқай алмаймыз. Педагогикада маңызды нәрсе – түсіну ғой. Оқытушының алдында отырып, ауызша жауап беру бір бөлек, компьютердің алдында отырып, тест сұрақтарына жауап беру бір бөлек. Емтихан да тәрбиенің бір түрі. Оқытушының, ұстаздың сұрақтары ғана емес, бүкіл болмысы, көзқарасы, ықыла­сы, түсінігі – бәрі тәрбиелік рөл атқа­рады. Жаңадан бас тартуға бол­майды, бірақ оны өзіміздің қа­лып­­тасқан дәстүрімізге лайық­ты етіп қабыл­дауымыз керек. Қазір­гі ба­калавриаттағы, магис­тра­турадағы білімнің сапасын көтеру керек. Президенттің тапсырмасы – осы.

Жолдауда «балалардың ерте дамуы үшін өз бетінше оқу машы­ғы мен әлеуметтік дағдысын дамы­татын бірыңғай стандарттарын енгізу қажеттігі» туралы сөз болады. «Самообразование» – «өз­дігінен оқу» деген сөз бар. Кім мектептегі, университеттегі білім­мен шектеліп қалады? Күн сайын бәрі өзгеріп, жаңарып жатыр. Мек­теп те, университет те менің ойым­ша, өмірге, мамандыққа қажет­ті білімнің негізін береді. Өзді­гінен оқып, ізденіп, білімін жетіл­діру қай кезде де қажеттілік бол­ған. Біз Абайдың түсінігіне таңғала­мыз. Институтта ол оқыған жоқ. Өз­дігінен оқып, өсіп жетілді. Елба­сы «балалардың ерте дамуы үшін» деп орынды айтып отыр. Ғалымдардың пайымдауынша, адам қабілеттерінің 80 пайызы бес жасқа дейін қалыптасады екен. Философияда «социализация» деген ұғым бар: жас жеткіншекті мә­де­ниетке баулу, қоғамда, ұжымда өмір сүруге, еңбек етуге, қарым-қаты­нас жасауға үйрету. Бала отбасында емін-еркін өзімшіл болып өсті. Ертең мектепке барғанда оны басқа балалармен, ұстаздармен тіл табысуға, бірін бірі сыйлап, бірімен бірі санасып өмір сүруге үйрету керек. Балалардың әлеуметтік дағдысын қалыптастыру – олардың өзімшілдігі мен ұжымшылдығын ұштастыра тәрбиелеу. «Адам күні адаммен» деп қазақ тауып айтқан.

Президент Жолдауында «педагогтарды оқыту және олардың білік­тілігін арттыру жолдарын қай­та қарау керек» деп кеңес беред­і. Тағы бір маңызды мәселеге ай­рықша назар аударыпты: «мұға­лім­дердің мәртебесін арттыру туралы». Бұл күрделі әрі кешенді мәселе. Қоғамда мұғалімдердің, ұстаздардың рөлі, статусы жоғары болуы керек. Бұдан қоғам да, ата-ана да, шәкірттер де, ұстаздар да ұтады. Болашақ – жастарда. Сол жастарды тәрбиелейтін ең алдымен ұстаздар.

Үндістанда, Қытайда, Жапония­да ұстаздар ерекше құрметтеледі. «Цзы» десе, «гуру» десе, «сенсэй» десе, ұстаз деген сөздер бала тү­гіл, үл­кен­дер иіліп сәлем береді. Жа­­пон­­дар: «Сенсэйдің көлеңкесін ба­­сып кетпе» деп айтады екен. Мұға­­­лім­­нің мәртебесі оның өзіне де тіке­­лей байланысты. Мұғалім өзін шә­кірт­­терге де, ата-аналарға да, басқа­ларға да сыйлата, мойын­дата білуі керек. Бұған ол өз ісіне адал­­­ды­ғымен, берілуімен, білік­тілігі­­мен, тә­жіри­бесімен, үлгілі мінез-құл­­қы­мен, ықыласымен қол жеткізе алады.

Елбасының Жолдауында білім саласының қызметкерлерінің кез келген сынаққа, өзгеріске әзір, жаңашыл болуы маңызды екені атап көрсетіледі. Мұғалімнің мәртебесін арттыру мақсатында олардың еңбекақысын айтарлықтай көбейту көзделеді. Мұғалімдерді ұдайы өзін-өзі жетілдіруге ынталандыру үшін бұл да маңызды.

Бір мәселеге тоқталуды жөн көр­дім. Кез келген адам, менің ойым­ша, педагог бола алмайды. Бұған кәсіби білімнен басқа ерек­ше қасиеттер керек. Педагог шәкір­тін өз баласындай көруі керек. Педагогқа ерекше түйсік, аңғарғыштық қажет. Баланың білімімен бірге түсінігіне мән беру керек. Жаттанды біліммен шектеліп қалуға болмайды. Философияда қағида бар: «Абстракты ақиқат жоқ, ақиқат әрқашанда нақты» деген. Әңгіме білімді пайдалана білу­де. Қазір бәрімізде де білім жетеді. Ал сол білімді біз қалай пайдала­нып жүр­міз? Педагог шәкіртті ал­ған білі­мін іс­ке асыруға үйрету керек. Үйіп-төгіп білім бергеннен пай­да жоқ, егер ертең ол пайдаға аспайтын болса.

Елбасы білім берудің жаңа сапа­сы туралы мәлімдеп қана қой­май, соған қол жеткізудің жолдарын түгел қамтыған. Мысалы, біздегі оқушылар жүктемесінің тым жоғары болып отырғанына, оны төмен­детудің қажеттілігіне тоқ­та­лып­ты. Жаңағы айтқандай, мәсе­ле үйіп-төгіп білім беруде емес, білім­н­ің нақтылығында, өзгеріп жатқан өмірге бейімділігінде.

Осымен байланысты Жолдауда тағы бір мәселеге көңіл бөлінген екен: «Білім берудің барлық деңге­йінде математика және жаратылыс­тану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек». Жастарды жаңа тех­нологиялық қалыпқа дайын­дау үшін осы ғылымдарды игеру аса қажет. Сонымен бірге бұл са­ладағы білімдер іске асуға өзі­нен өзі сұранып тұрады. Мен фило­соф ретінде гуманитарлық ғы­лым­дардың рөлін кемітейін деп отыр­ғаным жоқ. Бұлар тиянақты тәрбиенің негізі ғой. Математика да, жаратылыстану да барлық мамандық иелеріне, тілшілерге де, әдебиетшілерге де, тарихшыларға да, философтарға да қажет.

Жолдауда «білім беру мекеме­лерінің арасындағы бәсекелес­тікті арттыру» туралы айтылған. Бәсе­келестік – нарық заңы, өсу заңы. Ол инновацияларға жол аша­ды. Ұстаздарды, ғалымдарды күнделікті қызметімен шектелмей өсуге, ізденуге, білімі мен тәж­і­ри­бе­сін ұдайы толықтырып оты­ру­ға итермелейді. Ғұмыр бойы оқи­тын, ізденетін кім десек, ол – ұстаз деп жауап берер едік.

Тілекжан РЫСҚАЛИЕВ,
философия ғылымдарының докторы, профессор

ОРАЛ