Кино • 07 Ақпан, 2018

«Сталиннің өлімі» Қазақстанда неге көрсетілмеді?

1098 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Апта фильмі

«Сталиннің өлімі» Қазақстанда неге көрсетілмеді?

Сталинизм тақырыбы постсоветтік елдердің ең бір дертті тұсы. Сталинді айтыптайтындар оның елде қуғын-сүргін саясатын жүргізіп, тоталитарлық жүйені орнықтырғанын айтса, енді бірі республикалар мен ұлттық автономияларды саяси және экономикалық биліктен айырып, Кремльге тәуелді еткені турасында ашына еске алады. Дәл осы тұста ұлыбританиялық және француздық кино қайраткерлері көрерменді шемендей қатып қалған Кеңес Одағы тарихына буффонада призмасынан қарауға шақырады. Еуропалық сатираны біздің қоғам қалай қабылдайды? Хрущев пен Берияның клоунадалық образы басқыншылық пен тирандық елесінен ұзап шығып, еркіндік салтанатын құра ала ма? Әлқисса, өткен аптада Ресейдің мәдениет министрлігі француз-британдық комедия «Сталиннің өлімі» фильмін ел аумағында көрсетуге тыйым салғаны себепті, прокаттау куәлігін кері қайтарып алды. Қазақстан кинотеатрлары да атышулы фильмді көрсетуден бас тартты.

2017 жылы 8 қыркүйекте Торонтода (Канада) өткен кинофестивальде «Сталиннің өлімі» фильмінің әлемдік премьерасы өтті. Фильмнің қоюшы режиссері Армандо Ианнуччи кезекті бір сұхбатында «Біз көптеген зерттеулер жүргіздік. Атап айтар болсақ, Мәскеуді араладық, Сталиннің саяжайына бардық, 1950-жылдардың үлгісімен жабдықталған пәтерлерді көзімізбен көрдік. Көптеген сахналық көріністері Ұлыбританиядағы ғимараттарда түсірілгеніне қарамастан, неғұрлым сенімді шығу үшін барымызды салдық», дейді.

Кинотуынды желісі Фабьен Нури мен Тьерри Робеннің графикалық романына негізделген. Армандо Ианнуччи, Дэвид Шнайдер, Иэн Мартин, Питер Феллоуз төрттігі шығармадағы трагизм элементтерін сақтай отырып фильм сценарийін жазып шықты.

Георгий Маленков, КСРО Министрлер Кеңесінің төрағасы рөлін Джеффри Тэмбор, Никита Хрущёв рөлін Стив Бушеми, Иосиф Сталин образын Эдриан Маклафлин сомдаса, маршал Георгий Жуковты Джейсон Айзекс ойнады. Сталиннің қызы Светлананың рөлін алып шыққан Андреа Райсборо британ кино сыйлығының «Үздік актриса» аталымымен марапатталды. Туындының өзегі ретінде Сталиннің  дүниеден озар алындағы соңғы сәттері мен оның айналасындағылардың саяси көсемдікке тайталасы алынып, өзге дау-дамай осыған жалғаса өрбиді. Ұлы Сталин өлді, ендігі сұрақ – ешкім орнын басуы мүмкін емес көсемнің орнына кімді отырғызамыз? Талас пен тартысқа толы нағыз қызық кенеттен қалыпты өмір ағысын бұзған осы бір сұмдық жағдайдан басталады.

Цензура қайта орнай ма?

Торонтодағы премьерадан бұрын фильмді Ресейде «Вольга» кинокомпаниясы прокаттайтыны туралы айтыла бастады. Ал тамызда картинаның трейлері көпшілікке ұсынылды. Осыдан соң Ресей Мәдениет министрлігіне қарасты Қоғамдық кеңес төрағасы Павел Пожигайло «Сталиннің өлімі» фильміне прокат куәлігін берместен бұрын қоғамдық кеңес талқысынан өтуі керектігін талап етті. Дегенмен 17 қаңтарда Ресей Мәдениет министрлігі тарапынан «Вольга» компаниясына фильмді прокаттауға тиісті куәлік берілді де. Ал 23 қаңтар күні бақанын сүйреткен бір топ қоғам белсенділерінің наразылық мәндегі хатының тегеуріні қатты болып шықты. Осыдан соң іс қайта қаралып, тиісті орган өкілдері фильм турасында «тарихи, мәдени құндылықтан жұрдай және кеңестік символика – әнұран, орден мен медальдарды қорлау көріністері бар», деген мәміле жасады. Хатқа қол қойғандардың арасында Маршал Жуковтың (фильмдегі кейіпкерлердің бірі) қызы Эра Жукова, режиссер және продюсер Никита Михалков, документалист Сергей Мирошниченко сынды өзге де өнер қайраткерлері бар.

Социалистік идея тазалығы үшін әдебиет пен руханият дүниесіне тыйым салу арқылы қоғамдық өмірдің барлық саласына сұғына енген цензура тірі болып шықты немесе қайта туды дейміз бе? Шындығында «Кеңес халықтарын жеңіске бастаушы ұлы көсемнің» өле қоймағанына «Сталиннің  өлімі» арқылы кезекті рет куә болдық. Тіпті Ресей Мәдениет министрлігі тыйым салынған фильмді прокат куәлігінсіз көрсеткен кинотеатрларға 100 мың рубльға дейін айыппұл салынып, жұмысын 90 тәулікке тоқтататынын мәлімдеді.

Армандо Ианнуччи

Ресейде фильмді көрсетуге үзілді-кесілді тыйым салынғандығы режиссер Армандо Ианнуччидің де құлағына жетіпті. «Ресейлік журналистерге фильмді көрсеткенімізде ұнаған еді. Олар екі дүниені айтты: күлкілі әрі тарихи шындық. Қалай болсын кинотеатрда көрсетіледі деген үміттемін», дейді режиссер The Guardian газетіне берген сұхбатында. Дей тұрғанмен «Сталиннің өлімі» фильмін прокатқа шығаруға тыйым салу Ресей тарихында алғаш рет болып отырған жоқ. Мәселен, Ауған соғысы туралы «Чарли Уилсонның соғысы» (Майк Николс, 2008 ж) фильмін кей азаматтардың сезімдерін қорлауы мүмкін дегенді алға тартып, көрсетпей тастады. Одан бөлек кезінде Ресейде үлкен дау тудырған «Интервью», «Номер 44» картиналары да 2015 жылы Қазақстан прокатынан шеттетілгені есімізде.

Фильм табыс әкелмейді!

«Сталиннің өліміне» Ресей осылайша заңмен сес көрсетіп жатқанда, кино туындыны Қазақстанда да көрсетуге шек қойылыпты деген сөз желдей есті. Ел аумағына жеткізілген фильмдерге прокаттау куәлігін беруді Мәдениет және спорт министрлігі «Мәдениет туралы» заңына сәйкес жүзеге асырады. Министрлік өтініш берушіге прокаттау куәлігін беруден мынадай негіздер бойынша: өтініш беруші дәйексіз, я бұрмаланған ақпарат берсе; өтініш беруші қолданыстағы заңнамадағы талаптарға сай келмейтін құжаттарды табыстаса; фильм мазмұны мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді, ұлтаралық араздықты қоздыруды үгіттеген жағдайда бас тартуы мүмкін. Фильмнің көрсетілмеуіне Мәдениет және спорт министрлігінің қандай да бір ықпалы бар ма деген сауал жолдағанымызда министрлік «Сталиннің өлімі» фильміне прокаттау куәлігін алу үшін өтініш түспегенін, сондай-ақ министрлік тарапынан фильмді көрсетуге шектеу қойылмағанын хабарлады. Ал отандық кинотеатр өкілдерінің сөзіне сенсек, комедияның табысты бола қоюы екіталай болғандықтан, отандық экранға шығаруды қажетсінбеген көрінеді. «Ресейдегі жағдайдың шет-жағасын естідім, бірақ Қазақстанға қаншалықты қатысты екенінен хабарсызбын. Аталған картинаға анау айтқандай қажеттілікті байқамаған соң, экранға қою мүмкіндіктерін іздемедік. Оның үстіне бізге ешкім хабарласқан жоқ», деді Chaplin Cinemas кинотеатрлар желісінің қаржы жөніндегі директоры Дмитрий Кириенко.

Ал «Арман» кинотеатры мен Kinopark Cinemas желісінің өкілдері фильмді көрсетпеудің еш саяси астары жоқ екенін әрі прокатқа шығаруды әу бастан ойластырмағандарын алға тартты. Біздікілер күмәнмен қарап отырған фильмнің Ұлыбританиядағы көрсетілімі 2017 жылдың 20 қазанында басталып, аптаның табысты топ бестігіне кірді.

Кәсібилер түсірген комедия

Әйтсе де авторлық кинолардың төртінші фестивалі аясында 1 ақпан күні Алматыдағы «Арман» кинотеатры «Сталиннің өлімі» фильмінің бір реттік арнайы көрсетілімін өткізді. Ресми емес премьераға мыңға тарта келуші жиналып, билеттер түгел сатылып кеткен. Көрсетілімге арнайы барған кинотанушы Дана Әмірбекованың пайымынша, Ианнуччидің көздегені орыс халқын мазақ ету емес, Сталиннің жеке тұлғасы мен ол құрған жүйеге қызмет етіп, өз дегендеріне жету жолында бірін-бірі сатып, небір адам қиялына келмейтін қитұрқы әрекеттерге баруға дайын тұрған шолақ белсенділердің шынайы бейнелерін ирония арқылы әшкерелеген. Фильмнің көркемдік формасы кино тілі тұрғысынан әлем бойынша миллиондап түсіріліп жатқан өзге кинотуындылардан еш ерекшеленбейтінін, қай жағынан алып қараса да нағыз кәсіби мамандардың қолынан шыққан кәдімгі комедия екенін айтады.

«Заман келбетін қайта құрастыруда декораторлар мен костюмерлердің кейіпкер образын бейнелеуді сыртқы ұқсастықты дәл беруге тырысқан гримерлердің еңбегі ерек.  Дей тұра  көрермен фильмнен шынайы оқиғалардың баяндалуына аса мән беріп,  тарихи дәлдікті, асқан кірпияздықпен қайта құрастырылған деректілікті таппайды. Оны іздеудің қажеті де жоқ. Себебі фильмнің көздегені тарихи деректерді айнытпай суреттеу арқылы фашисттерді жеңген халықты мазақ ету емес», дейді кинотанушы «Егемен» тілшісіне. Оған мысал ретінде кинотанушы  Дана Әмірбекова Чарли Чаплиннің әлемнің ең үздік фильмдерінің бірі саналатын «Ұлы диктатор» (1940) кинотуындысын келтірді. Саяси сатиралық комедияда Чаплин неміс халқын емес, Гитлердің жеке ұстанымы мен жүргізген саясатын шенегенін еске алды.

«Арман» кинотеатрындағы «Сталиннің өлімі» фильмінің сеансы, Алматы, 2018 жыл, 1 ақпан

Киносүйер қауымның басым көпшілігіне фильм ұнаған тәрізді. Біз оны әлеуметтік желіге жариялаған жазбалар топтамасынан байқадық. Соның бірі Ержан Бағдатов есімді тарих магистрі фильмде ешқандай Сталинді қорлау туралы мазақ сипатындағы көріністер жоқ екенін алға тартады. «Уақыт шеңберіне қарамастан фильм авторлары әлдеқандай іс жөніндегі «шефтің» қабылданар шешіміне бағынышты адамдардың үрейі мен толқынысын барынша көрсетуге тырысқан. Бар өмірін қорқынышпен өткізген адамдардың күлкілі де орынсыз қылықтары кеңес қайраткерлері үшін қалыпты жағдай. Жоспар көрсеткіші үшін ату, сан үшін жазықсыздарды тұтқындау көріністері америкалық режиссерлердің  әсірелеуі емес, бұл – тарихи дәлелденген дүниелер. Бізге комедия жанрындағы саяси сатиралар керек», дейді Ержан Бағдатов.

Rotten Tomatoes кино шолу сайтында «Сталиннің өлімі» фильмі сыншылардың қызу талқысына түсті. Фильм рейтингіне 10 балдық бағалау жүйесімен 8,3 балл қойылған. Фильм жайында британдық киносыншы Питер Брэдшоу «иесіз қалған Кремльдегі шиеленіс туралы жарқыраған хоррор-сатира» деп бағаласа, Джон Дефор «портреттердің сан алуандығымен ерекшеленеді» деп жазады. Бүгінде кино комикс Беларусь, Грузия, Украина, Армения елдерінде емін-еркін көрсетіліп жатса, комедияның АҚШ-тағы тұсаукесері наурыз айына жоспарланған. Осылайша әлем болып талқылап, Ұлыбританияда аптаның табысты киноларының біріне айналған фильмнен біздің кинотеатрлар «табыс әкелеріне күмәндандық» деп оп-оңай бас тартқаны таң қалдырды. Көрермен талабын ескере бермейтін қашанғы әдетіне басқан Қазақстан нарығындағы киноөнімдердің бірен-саран тасымалдаушыларының бұл жолғы уәжі де иландыра қоймады. Қалай болғанда да өзге елдің идеологиялық ұстанымы, көзқарасы фильмнің Қазақстанда көрсетілмеуіне ықпал етпеуі тиіс екенін айтқымыз келеді.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»