07 Ақпан, 2018

Адамгершіліктің шыңы 

779 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Аманат дегеніміз не? Бұл сұ­раққа мұсылман әлемінің сардар сахабасы Әбубәкір Сыдық «Аманат – адамгершіліктің шыңы» деп жауап беріпті. Әрі қарай сөзімізді тәпсірлеп, тарқатар болсақ, «аманат» ұғымы бір адамның екінші адамға сеніп тапсырған мүлік-заты немесе қоғамдық қатынастар барысында өте терең маңызға ие тарихи-әлеуметтік оқиға. 

Адамгершіліктің шыңы 

Кейде аманат ұғымының саяси да сипаты болуы мүмкін. Мысалы, ежел­гі русь князі Ярослав Алтын Орда билеушісі Батуға бағынғаннан кейін, толық бойұсынудың белгісі ретінде өзінің ұлы Александрды аманатқа берген. Демек аманат ұғымының маңызы өте зор. Басқасын былай қойғанда, мұсыл­ман үмбетінің қасиетті кітабы Құран-кәрімнің «Ахзаб» сүресі 72-ші ая­тында «Біз аманатты көктерге, жерге және тауларға ұсындық. Олар мұны қа­былдаудан бас тартты, (жауап­кершілігінен) қорықты» дейді. 

Осындағы аят үкімінен қоғамда аманат­тың жүгі аса ауыр екенін, оның жауап­кершілігі өте қиын екенін аң­ғарамыз. VII ғасырда өмір сүрген ислам ғұламаларының бірі Абдул­ла Омар: «Егер сендер аманатты сақ­тай алсаңдар, екі дүниеде ештеме де жоғалт­пайсыңдар» деп аманат ұғы­мында екі дүниенің сыйы мен сыры жатқанын ескертеді. 

Бұрынғы ата-бабаларымыз аманат ұғымының астарында сарқылмас сауап пен тарқамас жақсылық жатқанын жақсы білген. Тіптен шариғатта ер аза­матқа мал-мүлкі, бала-шағасы оған аманат делінген. Атақты шайырларымыз «Алланың аманатқа берген мүлкін, кезегі келген күні тапсырамын» деп бекер жырламаған. Сондықтан да ата­ларымыз «аманатқа қиянат жүр­мейді» дейтін бұлжымас қағиданы өз өмірлеріне темірқазық етіп ұстанған. 

Осы орайда мына бір оқиғаларды сөзімізге дәлел ретінде ұсынбақпыз. Сонау ноғайлы дәуірінде атақты батыр Кегенес Кенжанбайдың жан жолдасы Ақпанбет батыр азғырушылардың ал­дам­­шы сөзіне еріп кетіп, тұтас жұрт­тың бүлініп, берік іргенің сөгілуіне себеп болуға сәл қалады. Ол кезде ұлыс­­­тың бүтіндігі батырлық пен бай­­лықтың құнынан әлдеқайда жоға­ры екен. 

Ноғайлы билеушісі Мамайдың жар­лығымен бүлікшілер талқандалып, Ақпанбеттің басы шабылып, батырдың үрім-бұтағы тұтқындалады. Ақпанбет өлер алдында досы Кенжанбайға кісі шаптырып, «досыма аманат жалғыз ұлымды ажалдан құтқарсын, ұрпағым үзілетін болды» депті. 

Хан жасағының алдынан шыққан Кенжанбай Ақпанбеттің жалғыз ұлына сауға сұрайды. Қаһарлы жасақ басшысы көнбейді. Досының өлер алдындағы айтқан аманатын орындап, Ақпанбет батырды ұрпақсыз қалдырмау үшін Кенжанбай өзінің егіз ұлының сыңары үш жасар Жанұзағын Ақпанбеттің ұлының орнына өлімге беріп, досының ұлы Тастемірді құтқарған екен. Беу, дүние-ай!!!

Аманатқа қатысты келесі бір оқиға. Сарысу-Таластың бойын жайлаған тама елінде Тұрдыбай, Таңат дейтін ағайынды адамдар өмір сүріпті. Тұр­ды­бай ертерек дүниеден өткен екен. Одан Нұралы дейтін жалғыз ұл қалыпты. Тұрдыбай марқұм өлерінде інісі Таңатқа: «Мына, сырқаттың беті жаман, егер де олай-бұлай болып кетсем, ұлым Нұралы өзіңе аманат, қатарынан кем-қор қылмай өсір, түтінім өшпесін» деп аманаттайды. 

Арада бір мүшелден астам уақыт өткенде, дүние төңкеріліп, екінші дүниежүзілік соғыс басталады. Ел ішіндегі жілігі татитын ер-азаматтар жаппай соғысқа алынады. Көппен бірге қара қоржынын арқалап Таңат та майданға аттанады. Майданға кетіп бара жатып әйелі Мариямға: «Марқұм Тұрдыбай ағам Нұрәліні маған аманаттаған еді, ол енді саған аманат, бірдеңеге ұшырып қалмасын, ағамның түтіні өшеді», депті.

Уақыт сырғып өтіп жатты. Соғысқа кеткен Таңаттан қара қағаз келді. Мариям белін бекем буып, өзінің үш баласымен бірге аманат иесі Нұра­лыны да қанаттыға қақтырмай өсі­ріп ержеткізді. Бір күні Нұралыны май­данға шақырған қағаз келді. 

Мариям қатты абыржиды. Күйеуінің аманаты санасында жаңғырып тұрып алды. «...Ағамның түтіні өшпесін!». Ақыры Мариям аманат иесі Нұра­лы­ны алып қап, оның орнына жасы әлі тол­маған өз ұлы Қыдырәліні «Нұралы мы­нау» деп майданға аттандырыпты... 

Қазір сіз бен біз аманаттың қадірін түсінбей, білмей жүргеніміз болмаса, бұрынғылар аманаттың алдында арын да, намысын да, ұятын да, салтын да сатпаған. Аманатқа қылдай қиянат жасамаған. Шындығына осы күні біз ақын Қадыр Мырза Әлі ағамыз айтқандай, «Даланың шыдам-төзі­мін Дарытқан бойға алыппыз, Асылын әттең өзінің, Әлі ұқпай жүрген халықпыз...».

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»