Әдебиет • 07 Ақпан, 2018

Жарқын Шәкәрім: Әміре туған күн

950 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазақтың әйгілі әншісі Әміре Қашаубайұлы 1888 жылы туған. Бұған дәлел Германия сапарында 1927 жылдың 16 маусым күні Мәскеуде алған төлқұжатында Әміре өз аузы­мен айтып нақ осылай жаздырған. Әйткенімен бұл пас­портта 1888 жылдың қай айында және қай күні туғаны жазылмаған. Ол кездері адамның туғаны жайлы мәлімет 12 жыл­дық жыл қайырумен есептелгені де белгілі. 

Жарқын Шәкәрім: Әміре туған күн

Міне, биыл, яғни 2018 жылы әншінің туғанына 130 жыл толады. Осыған байланысты талай жылдардан бері қоржынымда жиналып қалған хаттарды тағы бір ақтарып, тағы бір сүзгіден өткізіп көрдім. Ондағы ойым ән­шінің туған айы мен туған күні жай­лы мысқалдай да болса дерек көзі­нің ұшы шығар ма екен деген ой еді. Осылайша ізденіс үстінде жүргенімде Әміренің аталас туы­сы Өміртай Мустин жазған хат қолыма түсті. Онда жазылған мына бір жолдар көзіме оттай басылды.

Онда:
«Жеткіншегім Жарқын!
Әміре жайындағы 30 июль­дегі хатыңды алдым.

Ол мартта туған деуім мынадан: Қашаубай жылқышы болған байдың қойшысы бол­ған, менімен шөберелес ағам мар­құм Оразалы Ысқақ бір әңгі­ме үстінде, Әміре жылқы жылы наурыз дәмін беретін күн­нен бір жұма бұрын байдың шоша­ласында туды – түнде шеше­сі толғатып жатқанда, шешем қасында от жағып оты­рушы еді. Кіндігін кескен», деп жазған екен. 

Одан әрі: «Біз туған кезде метрке, паспорт дегендер бол­маған. Жылды 12 жануар атымен атап, жыл қайыратын. Сон­дай есептен қата кететін. Мен 1887 жылы туған болып жүрмін», деп өзінің де ту­ған жылын сөз етеді. Одан әрі Өмір­тай қария: «Әміренің өз қолымен жазған документін қолдан­ғаның дұрыс болар», деп өз ойын қорыта жазған. (3.VІІІ – 1974 Өміртай Өлместай).

Осылайша Өміртай Мустин Әміренің туған айы мен күні жайлы табылмай жүрген дерек көзін тауып берді. 

« Әміре Дегелең болысының же­рінде туған жоқ», деп жаз­ған екен одан әрі айтар ойын сабақтай түсіп. «Қашаубай кедей­ліктен күн көре алмай кәсіп іздеп барып, Қарқаралы ма­ңында бір байға жылқышы боп жүргенде Әміре байдың ауы­лында туған», дейді. «Кейін өз еліне Дегелең жеріне оралған», дейді. Өміртай Мустин осы әңгі­мені Ысқақ Оразалыұлынан естігенін жазды. Ал Ысқақ Оразалы­ұлы деген кісі Әміренің әкесі Қашаубай екеуі байдың малын қатарлас жүріп бірге баққан досы әрі сырлас адамдар болған. Ысқақ Оразалыұлының шешесі, Қашаубайдың жары Тойғанды босандырып, әнмен әуелетіп дүние есігін енді ғана ашқан сәби­дің кіндігін кескен екен. 

Өміртай қария маған хат жол­дағанда бірде Өміртай Мустин деп, енді бірде Өміртай Өлместай деп қол қойып отыр­ған. 
Енді Өміртай қарияның жаз­ға­нына үңілейік. 

Хатта жылқы жылы туды де­лінген. Ал Әміре жылқы жы­лы тумағаны белгілі. Олай дей­тініміз Әміре шетелдік төл­құ­жатына жаздырғандай, 1888 жыл – тышқан жылы туған. Ал енді Өміртай қарияның «...нау­рыз дәмін беретін күннен бір жұ­ма бұрын байдың шошаласында туды» деп жазғаны қи­сынға келеді. Неге десеңіз адамның аузы аққа, малдың аузы көкке тигендегі ел болып мерей­ленетін наурыз мейрамы, наурыз көже дәмін тататын қуанышты сәт. Өміртай қария жазған «наурыз дәмін беретін күннен» дегені – 22 наурызға, ал «бір жұма бұрын» дегені – 15 наурыз күніне сай келеді. Ел ішін­дегі ауызекі әңгімелерде Әміре жер көгерген кезде туған деген сөздер жиі айтылады. Ал шошала дегені бай үйінен оқшаулау, мал жайғастыратын жерге жақын, ортасына тіреу қойып, айналасына қадау-қадау ағаш қағып немесе шарбақ қойып, іргесін қамыспен жауып, балшықпен сылап, төбесі киізбен не қамыспен жабылатын кедейлерге арналған жадағай жұпыны үй. Кедейліктің зарын тартқан Қашаубай осындай үйде тұрған. Әміренің байдың шошаласында туғаны жөнінде Сапарғали Бегалин, Әлкей Марғұлан, Серке Қожамқұлов, Елубай Өмірзақов, Жүсіпбек Елебеков, Мұқатай Тоқжігітов, Әшімбек Бектасов тәрізді замандастарының айт­қан­дарын өз құлағыммен талай естігенмін де. Оның үстіне хат авторы Өміртай қария, «Әмі­ренің өз қолымен жазған доку­мен­тін қолданғаның дұры­с бо­лар» деп бағдар бергені тағы бар.

Хат авторының осы соңғы жазғандағысындай, «өз қолы­мен жазған документін қол­дан­ғаның дұрыс болар» деген кеңесін ескере отырып, әрине әуелі әншінің өз қолымен алған документ-паспортына сүйенеміз. Онда жоғарыда атап өткеніміздей, Әміре Қашау­байұлы 1888 жылы туды деп көрсетілген. Ендігі жерде әнші Әміренің төлқұжат-пас­портында жазылған осы туған жылын негізге ала отырып, одан әрі туған айы мен күнін Өміртай қа­рия жеткізген дереккөзге сүйен­сек, Әміре атамыздың туған жылы мен туған айы және туған күні көз алдымызға келеді. 

Олай болса әнші Әміренің аталас туысы Өміртай Мустин қарияның 1974 жылдың 3 тамыз күні менің атыма жолдаған хатында жазылған дереккөзге сүйеніп Әміре Қашаубайұлы 1888 жылдың 15 наурыз күні дүниеге келген деп айтуымызға әбден толық негіз бар. 

Әншінің 130 жылдығына орай мына бір жайттарды еске сала кетуді жөн көрдім. Ән атасы Әміре 1926 жылы сол кездегі астанамыз Қызылорда қаласында шаңырақ көтерген ұлт театрының директоры Дінше Әділовтің қолымен берілген бұйрық бойынша осы театрдың (қазіргі М.Әуезов атындағы ака­де­миялық драма театры) нөмірі бірінші әртісі болып жұ­мысқа қабылданды. Өмірінің соңына дейін осы театрда қызмет атқарып, 1934 жылы 6 қараша күні Алматы қаласында дүниеден өтті. Көп кешікпей 1934 жылдың 19 қарашасы күні Қазақстан Халық ағарту комиссары Темірбек Жүргеновтің қол­ымен Ұлт театры ауласында Әмі­реге ескерткіш мүсін қою жө­нінде нөмірі 540 бұйрығы шықты.

Түрлі себептерге байланысты Әміренің бұл мүсіні М.Әуезов атындағы академиялық драма театры ауласына әлі күнге дейін орнатылмай қалды.
Арада жылдар өткенде 1974 жылы Әміреге ескерткіш-мүсін орнату жөнінде екінші рет әре­кет жасалды. 

Ол былай болған еді. Әмі­ренің кенже қызы Күләш Қашау­баеваның кеңесімен әншінің туыс­қандары атынан 1974 жыл­дың 25 қарашасы күні Дінмұ­хаммед Қонаев ағамыздың атына Әміре қабірінің қырық жылдан бері қараусыз жатқанын жеткізіп, құлпытас мүсін орнату жөнінде үшбу хат дайындадым. Хатқа қазақ өнерінің саңлақтары Серке Қожамқұлов, Қанабек Байсейітов, Жүсіпбек Елебеков, Әбілмәжін Сапақов, жазушы Сапарғали Бегалин, қоғам қайраткерлері Сара Есова, Әшімбек Бектасов қол қойды. Көп кешікпей бұл жұмыстар Қазақ КСР Министрлер Кеңесіне тапсырылып, Әміре мүсінін тұрғызуға 5000 рубль бөлінді. Осы шешім негізінде 1974 жыл­дың 9 шілдесі күні Қазақ КСР Мәдениет министрлігінде Әмі­реге орнатылатын ескерткіш-мүсінінің эскизі мен жобасы бекіт­ілді. Ескерткіш мүсіннің авторы болып мүсінші Татьяна Вик­торовна Андрющенко та­ғайындалды.

Т.В.Андрющенко өз шеберханасында жыл бойына еңбек етті. Нәтижесінде алты метрлік Әміре тұлғасы дайын болды. Ескерткіш 1978 жылы әншінің туғанына 90 жыл толуына орай жезден құйылып орнатылады деп жоспарланған болатын. Айтып-айтпай не керек, атқарылған жұ­мыстар, айтылған әңгімелер тағы да бос сөз күйінде қалды. Ес­керт­кіш тұрғызылмады. Әмірені көзі көрген досы Серке Қожамқұлов Т.В.Андрющенко шеберханасына барып, көріп жүріп, шеберхана ішінде бой көтерген әнші ескерткішінің фотосуретін түсірткізіп алған екен. Сол сурет төс қалтасында жүруші еді. Бір қажеті болар деп маған берген болатын. Бой кө­термек Әміре ескерткішінің фото­­сурет кескіні әлі күнге менде сақтаулы. Енді міне, қойыл­май қалған ескерткіштің дәлелі ретінде сақталған суретке қарап, соған да шүкіршілік етемін.

Осылайша әнші Әміреге екінші рет ескерткіш-мүсін орнату әрекеттері іске аспай қалды. Әйткенмен Әміренің әншілік даңқын паш еткен шығармалар, кітаптар жарыққа шығып жатты. Мәселен, Оразақын Асқар «Әміренің әні» дастанын, осы мақаланың авторының әр жылдарда орыс және қазақ тілдерінде жарық көрген «Әміре», «Ән атасы», «Әміре Қашаубаев» де­рек­ті прозалық кітаптары жә­не «Ән атасы – Әміре» телепье­сасы, «Әміре әндерінің күйтабағы», «Әнші Әміре туралы шын­дық» мақаласы («Егемен Қазақ­стан», газеті 27.02.2013), сон­дай-ақ Қайырбек Шағырдың «Ұлы тенор» поэмасы баба шығар­ма­шылығын танытатын құнды еңбектер болып табылады.

Якуда Амандықовтың құрас­тыруымен 2012 жылы жарық көрген «Әнші Әміре» есте­ліктер кітабы әншінің 125 жылдығына тарту болды. Оның үстіне өз кезінде халқымыздың көрнекті қоғам қайраткері, Қазақ КСР Мәдениет министрі Жексенбек Еркімбеков Әміре Қашаубаев атындағы республикалық халық әндерін орындаушылардың конкурсын ұйымдастыруға атсалысып, Әміре мұрасын сақтауға өлшеусіз үлес қосты. 2008 жылы Әміре Қашаубайұлының туғанына 120 жыл толуына орай Семей қаласындағы қалалық мәдениет сарайының жанында әнші мүсіні бой көтерді. Бұл да болса тұлға есімін мәңгілік сақ­таудағы үлкен жұмыстың бірі болды. Бүгінгі ұрпақтың ұлы әншіге деген құрметі осылайша жалғасуда.

Осыған қоса тағы бір айта кететін жайт, 2016 жылы елор­дамыздағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекет­тік акаде­миялық қазақ музыкалық драма театры Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай драматург Ра­хымжан Отарбаевтың «Әміре» драмасын сахнаға шығарды. Режиссері Нұрлан Жұманиязов, алғашқы реттегі Әміре рө­лін сом­даған – Қасымхан Бұғы­бай. Суретшісі – Берік Бөрі­баев. Көркемдік жетекшісі – Қазақ­станның халық әртісі Тал­ғат Теменов, директоры Айбо­лат Сексенбаев болып табылатын театр ұжымы Әміренің басынан кешкен қызықты да бақытты шақтарымен қоса, ауыр тағдырын шыншылдықпен суреттей білген. Осыған риза болып сахналық премьерасына қатысып, театр ұжымына батамды беріп, тілектестік білдірдім. Рахымжан Отарбаевтың «Әміре» драмасымен қатарлас 2016 жылы осы жолдар авторының әншінің туғанына 130 жыл толуына орай «Амре в Париже» деген кітабы жарыққа шығып, бұл еңбек те қалың оқырманға жол тартты. Халқымыздың көрнекті жазушысы Медеу Сәрсеке ағамыз да Әміре мұрасын сақтауда, кітап шы­ғару жолында қажымай-талмай еңбек етіп жүр. Өмірден көрген-түйгені мол, ойы асқақ жа­зушы Медеу Сәрсекенің еңбек­тері нәтижелі болуына, шы­ғар­машылық табыстарға жетуіне­ тілектеспіз. 

Айтар ойымды тобықтай түйіндегенде, осы мақаланы жазудағы мақсатым Әміренің аталас туысы Өміртай Мустин қа­рияның 1974 жылы 3 тамыз күні жазған хатындағы Әміренің туған айы мен күніне бай­ланысты дерек көзін қалың оқырманға жеткізу болды және туғанына 130 жыл толуына байланысты мысқалдай болсын үлес қосу еді. 

Ал әншінің 130 жыл толуына арналған мәдени шараларға дайындық жұмыстары қандай­лық деңгейде, қай айда, қай күні атап өтілмек? Жоспарға енді ме? Бұл жағын уақыт көрсете жатар. Менің айтпағым, қазақ деген халықты алғаш танытып, әлемді әншілігімен аузына қаратқан адамның 130 жылдығын атап өту бүгінгі ұрпаққа сөзсіз сын болмақ.

Жарқын ШӘКӘРІМ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері