Өнер • 08 Ақпан, 2018

Абылай ханның ағаш тегенесі

931 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жәдігерді бұрнағы жылы Түркістандағы Этнографиялық орталықта өткен кездесуде көрген едік. Өтеген батырдың сегізінші ұрпағы Бақытжан Бекбатыров өзінің бабасынан қалған, кезінде Абылай хан тұтынған дүние – қымыз құятын ағаш тегенені Қордайдан алып келіпті.

Абылай ханның ағаш тегенесі

Ясауи кесенесіндегі Тайқа­занға ұқсас келетін ыдыстың салмағы да аз емес. Жәдігер иесінің мәлімдеуінше, тегене жаңғақ ағашының тамырынан жасалған көрінеді.

Бақытжан ағамыздан көненің көзіндей болған жәдігерді осы күнге қалай сақтап, жеткізгенін қызығушылықпен сұраған едік. «Біз Өтеген батырдың се­гізінші ұрпағымыз. Ол кісінің үш әйелі болған екен. Бүгінде Қордай ауданының Өтеген батыр ауылында 150 үй, аудан орталығында 100 шақ­ты түтін, екі әйелінен туған ұлдарынан тараған ұрпақтары тұрады. Бабамыздың қалмақ әйелінен туған ұлдарынан тараған ұр­пақтары Алматы облысында. Олар да 200 түтін шамасында. Атам Жолдасбай ел аузында «шұбар тегене» атанған ыдысты көзінің қарашығындай сақтап, әкем Уәлиханға табыс­тапты. Ол кісі кеңес кезінде колхоз бас­қарған, көппен араласқан аза­мат. Сол кезде Абылай ханның тегенесін көрмекке кел­­ген кісілер көп болды. Тіпті мұражайға сұратқандар да аз емес. Бірақ атам да, әкем де бұл киелі дүниені қастерлеп ұстап, қолдан шығармай бізге аманат етті. Мен де сол ата-бабамнан қалған мұраға, аманатқа барынша адалдық танытып, қастерлеп ұстап, қадір-қасиетін ұл-қыздарыма ұқтырып, құлақ­тарына құйып келемін», дейді Б.Бекбатыров.

– Абылай ханның тегенесі сіздің бабаңызға қалай тиіп жүр сонда? – дейміз ғой, таңданып.    – Бабамыз Абылайдың заманында өмір сүрген. Төле биден бата алған. Бабамыздың «Өтеген батыр», «әулие Өтеген», «мүйізді Өтеген» деген елдің берген аттары бар. Бірде Өтеген бабамыз Абылай бастаған қазақтың игі жақсыларымен болған екен. Сол басқосуда бабамыз: «Алдияр, айтыңызшы, ел-жұрт естіген сөзге сене ме, көзбен көргенге сене ме?» деп сұрақ қойыпты. Төрде отырған Абылай да, жанындағы Төле би де: «Әрине, көзбен көргенге сенеді» дейді. «Онда менің алты Алаштың айбары Абылай ханмен табақтас болғаныма зат айғақ болмаса кім сенеді?» деп осы қымыз құятын тегенені аттай қалап алған екен. Содан ұрпақтан ұр­паққа аманат болып, міне бүгін бізге жеткен, – дейді батырдың ұрпағы.

Бүгінде тарихи тәбәрік Ба­қыт­жан ағамыздың үйінде тұр. Жәдігер иесі оны ешбір мұра­жайға өткізгісі кел­мейді. «Тегене Алма­тыда, облыс орталығында көрме-экспо­наттарға қойылып жүр. Өтеген Батырдың 300 жыл­дық тойында бірнеше ай көр­меге қойылды. Арнайы де­рек­ті фильм де жасалды. Көре­мін деп қызығушылық біл­­дірген азамат­тарға есігіміз ашық» дей­ді ағамыз.

Әтіргүл ТӘШІМ,

журналист