Қазақстан • 09 Ақпан, 2018

Қар суы қапыда қалдырмасын десек...

1086 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Қазақстанның басым бөлігінде қасат қардың көбесі сөгілмей жатса, кей өңірлерде бұзылған бөгет, тасыған су туралы дабыл қағыла бастады. Мәселен таяуда ғана арнасынан асқан Сырдария бөгетті бірнеше жерден бұзып өтіп, қызыл су 2 300 гектар жерді басып қалғаны туралы хабарланды. Сөйтіп Қызылорда облысының Сырдария ауданында төтенше жағдай жарияланды. 

Қар суы қапыда қалдырмасын десек...

Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің хабарлауынша, аудандағы жеке тұрғын үйлер мен басқа да құрылыс нысандары дін аман. Су тек ауылшаруашылық мақсатындағы жерге жайылыпты. 80 адам мен экскаватор, бульдозер, КамАЗ сынды 16 техника жұмылдырылып, су бұзып кеткен жерлерге топырақ үйіліп жатыр. 

Көктемгі су тасқыны еліміздегі біраз аймақтар үшін сын сағат саналатыны жасырын емес. Табиғаттың дүлей мінезін ауыздықтау қиын екені, кей жағдайда оған қарсы тұру тіпті де мүмкін емес екендігі түсінікті. Алайда «Сақтансаң – сақтайды» деген қағиданы ұстанбауға тағы болмайды. Қол қусырып қарап отырудың, самарқаулық танытудың ақыры қалай аяқталатынын бұған дейінгі апаттар, қайғылы оқиғалар талай мәрте дәлелдеген. Өткен жылдың өзінде есірген Елек өзені Ақтөбені әбігерге салып, жүздеген тұрғын үйдің су басып қалғаны, мыңға тарта адам қауіпсіз жерге көшірілгені мәлім. Айта берсек, мұндай мысалдарды тізе беруге болады. 

Жалпы, ақпан орталанбай жатып қалыптасқан Сырдария ауданында болған жағдай төтенше жағдайлар қызметі мен жергілікті атқарушы органдарға алдын ала жасалған ескерту деп қабылдаған дұрыс сыңайлы. Тасқыннан төнетін қауіптің өтінен қашықтау жатыр деген Астананың өзінде дайындық жұмыс­тары қазірден бастап қызуда. Елорда әкім­дігінің аппараттық жиыны тасқын суға әзірлік жұмыстарының кешенді жоспарын таныстырудан басталғаны осыны көрсетеді. Осы жиында айтылғандай, төтенше жағдайлар туындауы мүм­кін деген «Көктал» тұрғын алабында жаяу жүргіншілер көпірі наурыздың ортасына дейін жөндеуден өткізілетін болды. «Қазгидрометпен» бірлесе отырып жауын-шашынның мөлшеріне, су­дың көтерілу мүмкіндігіне болжам жаса­лып, Мойылды өзені мен Есілдің жо­ғары жағында артық суды бұру жолдары қарастырылған. Қыс басталғалы қар­қын­ды жүріп жатқан қар шығару жұмыстары күшейтіліп, әсіресе әлеу­меттік маңызы бар нысандар­дың маңа­йын ертерек тазалауға баса мән бері­летін болды. Қала әкімі қарама­ғын­дағы басқарма басшыларына тасқын суға қатысты бұрын болған қателіктерді қайталамау туралы ескертті. 

Жалпы, көктем сайын еліміздің бір­неше облысында қайталанатын бір көрініс бар. Ол – арнасынан асқан өзен, су астында қалған елді мекендер, тікұшаққа мініп су басқан жерге бар­ған, халықтың арасында жүрген шенеу­ніктер... «Табиғаттың тосын мінезі» деген тіркестің «тізесін шығарып» ақтала берудің де жөні жоқ. Тосын мінез дейтін емес, көктемде өзен-көлдердің ырыққа көнбей кететіні, тоғандардың толатыны бұрыннан белгілі. «Қазгидромет» те ауа райы күрт жылуы мүмкін екендігін, қардың қалың немесе жұқа түскенін  күні бұрын ескертіп жатады. 

Тасқын судан жиі зардап шегетін об­лыстардың қатарында Ақмола, Қараған­ды, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақ­стан, Ақтөбе, Қызылорда облыс­тары, ба­сқа да аймақтар бар. Өткеннен сабақ алып, тасқынға тосқын қойыла ма? Бүгінгі санымызда осы мәселені зерделеп, өңір­лердің дайындығы туралы «Еге­меннің» тілшілері жіберген материалдарды ұсынып отырмыз.

Арнұр АСҚАР, 
«Егемен Қазақстан»

***

Ақтөбеден – Темір ҚҰСАЙЫН:

Өткен жылдың көктемінде Ақтөбе аймағында тасқын су басады деген қауіп күтілмеген болатын. Тіпті жергілікті өкілетті органдар алдын ала осындай жорамалдар мен мәлімдемелер жасады да. Алайда аяқ астынан Ақтөбе қаласының маңындағы ауылдық округтер мен елді мекендер «тілсіз жаудың» қоршауында қалды. Арқырап ағатын өзендері мен айдын шалқар көлдері жоқ өңірде ойда жоқ жерде пайда болған тасқын су орасан зор зиян келтірді. Кейін белгілі болғандай табиғи апат қала іргесіндегі су қоймаларының мүмкіндіктерін алдын ала ескермегендіктен орын алған. Өткен жылдың осындай тосын оқиғасынан тиісті сабақ ала білген қалалық және облыстық атқарушы органдар биыл тасқын судың алдын алу үшін ертерек қам-қарекет жасай бастады.

Атап айтқанда, осы мақсатта арнайы комиссия құрылып, оның құрамы бекітілді. Комиссия мүшелері өз жұмыстарын «Казгидромет» орталығы мамандарымен тығыз байланыс негізінде атқаруды көздеп отыр. Бұл жөнінде газет тілшісіне Ақтөбе қалалық азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Бекболат Нұрғалиев айтып берді. Оның мәлімдеуінше, көктемгі су тасқынына қарсы атқарылатын іс-шараға жергілікті бюджеттен 180 миллион теңге бөлінген. Төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі шаралар жоспарына сәйкес ақпан айының екінші жартысынан бастап каналдарды қар мен мұздан тазарту жұмыстары жүргізілмек. Бұл іске арнайы бригадалар мен басқарушы компаниялар жұмылдырылмақ. Су тасқынына қарсы 5 мың тонна инертті материал және 2 мың дана құм толтырылған қапшық дайындау көзделген. Сонымен қатар уақытша құрылыстар орнатуға қажетті басқа да құрылыс материалдары әзірлену үстінде.

Көктемгі су тасқынына қарсы басты жұмыс­тардың бірі қала аумағын қардан тазарту болып отыр. Өткен жылдың қараша айынан бас­тап бүгінгі күнге дейін 97 мың текше метр қар қалалық қоқыс полигоны және Ақжар-2 елді мекені ауданын­да орналасқан арнайы қар полигондарына шығарылды. Сондай-ақ өткен жылы бюджеттен елу миллион теңге бөлініп, Сазды өзенінің арнасын кеңейту мен тереңдету және тазарту жұмыстары атқарылды. Бұдан бөлек су тасқынына қарсы 100-ден астам ассенизатор машинасы, 20 автоцистерна, 3 қозғалмалы насостық станса және басқа да техникалар жұмылдырылды. 

Бүгінгі күні Ақтөбе қалалық және ауылдық округтерінде су тасқынының алдын алу мақсатында тиісті іс-шаралар жоспары белгіленіп, соған сәйкес қажетті жұмыстар қолға алынған.

* * * 

Ақмоладан – Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ:

– Былтыр көктемде қарғын судың тасуы салдарынан Ақмола облысының көптеген елді мекендерін су басып қалған еді. Онсыз да дотациялы саналатын өңір экономикасы үшін бұл ауыр соққы болып тиген. Жағдайдың қайталанбауы үшін биыл жергілікті билік нақты шаралар қабылдап жатыр. Көктем жақындаған сайын төтенше жағдайлар қызметі ширақ қимылға көшті. 

7 ақпаннан бастап облыстық Төтенше жағдайлар департаменті ІІБ ЖПҚ қызметкерлерімен бірлесе отырып, Көкшетау қаласы мен оның айналасында орналасқан Красный яр, Қызыл жұлдыз және Станционный ауылдарындағы су басуы мүмкін жерлерді аралап көрді. Тұрғындарға аулаларын қардан қалай тазалауға болатыны және су басқан жағдайда не істеулері керектігі көрсетілген жадынамалар табысталды. Әсіресе Атбасар ауданы көктемгі су тасқынына ұрынатын өңірдің бірі саналады. Су басуы мүмкін деген оннан астам елді мекен бар. Сондықтан да қазірден арналар аршылып, артық су бірден шығарып отыруға жағдай жасалуда. Жалпы, бұл Атбасар ғана емес, барлық аудандарға да қатысты көктемгі қарғын судың алдын алу іс-шаралары. Былтырғы жағдайдан кейін өңір басшысы бұл мәселені өз бақылауына алып, нақты тапсырмалар берген болатын. Алдағы көктем сол тапсырмалардың қаншалықты сапалы атқарылғандығын көрсетпек.

* * * 

Қарағандыдан – Қайрат ӘБІЛДА:

Қарағанды облысының Ғ.Мұстафин атындағы кентінде көктемгі су тасқынына дайындық барысын талқылаған көшпелі жиын өтті. Облыс әкімінің орынбасары Анатолий Шкарупа қарғын судан келуі мүмкін қауіп-қатер мен зардаптардың алдын алу үшін қандай шаралар қолға алынып жатқандығы туралы айтып берді.

Биыл облыста көктемгі су тасқынының алдын алу шараларына бюджеттен 2 млрд 250 млн теңге қарас­тырылыпты. Бұл қаражат су тасу қаупі бар өзен­дерді тазартуға, олардың арналарын түзеуге және басқа да қажетті жұмыстарды атқаруға жұмсалмақ.

Қазіргі таңда қарғын су қаупі мейлінше төнген елді мекендер маңында 25 шақырым топырақ жалы тұрғызылған. Жол картасы аясында қарастырыл­ған бұл жұмыстар Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра аудандарындағы 6 ауыл мен кентте іске асты. Бұдан бөлек, қосымша бөгеттер 7 елді мекенде жол картасынан тыс салынды. 

Жиында облыс әкімінің орынбасары синоп­тиктердің алдын ала болжамдарына қатысты пікір білдірді. «Әзірге «Қазгидрометтің» мәліметтері бойынша болжамдар көңіл көншітеді. Дегенмен қауіпті жағдайларға сақадай сай болуымыз керек. Дәл қазіргі кездегі ең басты міндеттердің бірі – су өткізу құбырларын тазарту», деді А.Шкарупа.

Қарағанды облысында 262 гидротехникалық құрылыс бақылауға алынған. Олардың барлығы қауіптілік деңгейі бойынша сараланған. А.Шкарупа атышулы Көкпекті су бөгеті туралы да еске салды. Нысан сәл зақымданған екен. Бірақ одан келер қауіп жоқ деп отыр мамандар. Қазіргі уақытта су қой­масы толығымен транзиттік режімде жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ су қоры бар гидротехникалық құры­лыстар да ерекше назарда болады.
Алдағы уақытта республикалық бағдарлама бойынша Қарағанды облысында қосымша 4 су қоймасының құрылысы жобаланған. Көктемгі су тасқынын бөгеуге тиіс бұл нысандардың екеуі Қар­қаралы ауданында және екеуі Осакаров пен Бұқар жырау аудандарында салынбақшы. 

* * * 

Қызылордадан – Ержан БАЙТІЛЕС:

Қаңтардың соңындағы қытымыр аяз бен долы бораннан соң күн райы күрт жылып, жұртшылықтың арқа-басы кеңіп қалғанымен, бұл жағдай дариядағы мұзды ерітіп, қыстың көзі қырауда Сыр өзенінің тасу қаупін туғызды. Мұз еріп, ол өзеннің алдын бөгеп, Сырдарияның арнасы кемеріне толды. Дария бойының кейбір аймақтарында төтенше жағдай жарияланып, дүрлігісіп қалдық. 

Дегенмен дер кезінде қолға алынған жүйелі жұмыстың арқасында қауіптің беті қайтты. «Облыс аумағында су тасқыны қаупі жоқ, тасқынға қарсы күрес жағдайы қатаң бақылануда», дейді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Серік Сермағамбетов.

Басқарманың мәліметі бойынша, 2018 жылдың 7 ақпанына Қызылорда облысының аумағына секундына 345 текше метр су келіп, Қызылорда су торабынан төмен қарай секундына 320 текше метр су жіберіліп отырған. Солтүстік аудандарда Сырдария өзені бетінде толықтай мұз қатса, оңтүстік аудандарда мұз қату процесі әлі жүріп жатыр. Мұздың қалыңдығы 20-60 сантиметр айналасында.

– «2018 жылдың 29 қаңтарында Сырдария ауданы, Қалжан Ахун ауылының оңтүстік-батыс аума­ғында орналасқан «Әсет» учаскесінің қорғаныс бөгеті іспеттес «Ала сиыр» каналы бұзылып, осының  салдарынан ауыл шаруашылығы қажеттілігіне жататын жер­лерге су жайылды. Су жайылуға мұз астынан қалың­дығы 2-2,5 метр болатын шұғаның жүруінен кеп­телістер қалыптасып, өзен деңгейінің күрт жоға­рылауы себеп болған. Қазіргі таңда қорғаныс бөгет­терін нығайту шаралары жүргізіліп жатыр. Бұл жұ­мыстарға 2 мердігер мекемеден 16 бірлік техника мен 60 адам жұмылдырылды. Аталған жағдайға байланысты Сырдария ауданы әкімдігі табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялады», деді С.Сермағамбетов.

Ал Қызылорда қаласы мен аймақтағы өзге де елді мекендерде су басу қаупі жоқ. Жалпы облыс бойынша жағдай қатаң бақылауда тұр.

* * * 

Петропавлдан – Өмір ЕСҚАЛИ:

– Өңір жұртшылығы былтырғы су тасқынының зардаптарын әлі ұмыта қойған жоқ. Шамадан көп жауған қардың күрт еруі салдарынан жүздеген бас­пана жарамсыз болып қалып, бірнеше ауданда төтенше жағдай жарияланған болатын. Бұрындары облыс орталығы іргесінде орналасқан Тепличное елді мекенінің шеткі көшелерінен ғана қызыл су жүріп өтсе, өткен жылы 230 үйдің 72-ін шайып кеткен. Биыл осы жағдай тағы қайталанса, жағдайымыз қиындап кете ме деген қауіп ауыл тұрғындарын қатты алаңдатып отыр. Жайшылықта жыламсырап ағатын Шарық және Жембарақ өзендері де алабөтен мінез танытып, арнасына сыймай аққан су Ғ.Мүсірепов ауданына қарасты Рузаев ауылын әбігерге салған. Көкшетау бағытындағы республикалық маңыздағы тас жол опырылып, мал шығыны тіркелген. Сақтық шаралары алдын ала ойластырылып, кешенді түрде жүргізілсе, кез келген қауіпті еңсеруге болатынын құтқарушылар өз тәжірибелерінен жақсы біледі. Сол себепті сақадай сай дайындық жұмыстарына білек сыбана кірісіп кеткен. 

 Облыс басшысы Құмар Ақсақалов төрағалық еткен әкімдік отырысында айтып келмес және залалы орасан көктемгі су тасқынының алдын алу жайы қаралып, тиісті орындарға бірқатар міндеттер жүктелді. Былтыр бұл бағытқа 3,4 миллиард теңге жұмсалса, биыл да қаражат жеткілікті. Жылда қарғын судан көз ашпайтын Былғары зауыты шағын ауданы тұрғындарының енді еш алаңдамауына болады. Мұнда Үкіметтен қарастырылған 3,1 миллиард теңгеге ұзындығы 3,1 шақырым, биіктігі 4 метрге жетеғабыл бөген тұрғызылып, адамдардың қауіпсіз тіршілігі қамтамасыз етілді. 50-ден астам іс-шара атқарылып, жолдар мен көпірлердің беріктігі тексерілді. 57 елді мекеннің су басу ықтималдығы жоғары аймақтарда орналасқаны, оларда 100 мыңға жуық адам тұратыны ескеріліп, әзірленген жол картасы шеңберінде алдағы үш жылда 7,8 миллиард теңге бағытталатын болады. Ауыл маңдарын жан-жақтан бөгеттермен қоршау, жол астына құбырлар тарту, суағарларды тазалап, қалпына келтіру, инертті материалдар мен техникалардың, адам күшінің жетімділігі мәселелерін де назардан тыс қалдырмау атап көрсетілді. 

 Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандары биыл қардың нормадан аз жаууы салдарынан жердің қабаты 60 сантиметрден 120 сантиметрге дейін тоң болып қатып қалғанын айтып отыр. Көктем ерте келіп, күн күрт жылитын болса, су тасқынын ауыздықтау оңайға соқпайтын түрі бар. 

* * * 

Өскеменнен – Азамат ҚАСЫМ: 

– Қыр астында көкөзек көктем. Көктеммен бірге су басу, өзен тасу секілді табиғаттың айтып кел­мей­тін апаттарының да ере келетіні белгілі. Был­тырғы қыс шығыста қарашада төпелеген қалың қар­мен басталып, сәуір мен мамырда Глубокое мен Бесқарағай аудандарының тұрғындарын қайық­қа отырғызғанымен есте қалғаны бар. Биыл кері­сінше, өңір жұртшылығы қарға зар болып отыр. «Қазгидрометтің» облыстық филиалының 1 ақпандағы мәліметтеріне сүйенсек, өңірдегі қардың қалыңдығы бар-жоғы 25 сантиметрді құрапты. Бұл – жылдағы нормадан 1,5-2 есеге төмен. Өзендердегі су деңгейі де әзірге төмен. Алайда төтенше жағдайлар департаментінің мамандары биыл аймақта қар жұқа болғанымен жерде 40-тан 150 сантимерге дейін тоң жатқанын, былтырғы жылмен салыстырғанда оның 7 есе қалың екендігін айтады. – Облыстағы 51 мың тұр­ғыны бар 85 елді мекенді су басу қаупі бар. Осы ретте департамент тасқынның алдын алудың жос­­парын әзірледі. Қазіргі уақытта департаментте жеке құрамның 1032 адамы, 286 техника, 56 дана суға түсу құралдары, 58 мотопомпа көмек көрсетуге сақа­дай сай. Республикалық маңыздағы жолдар бойын­да шұғыл жағдайда медициналық көмек көрсету үшін 4 құтқару бекеті жұмыс істеп тұр. Аудандар мен қалалар да тасқынға тас түйін дайын. Жеке құрамның 4575 адамы, 2961 техника, 102 суға түсу құрылғылары, 85 мотопомпа кез келген сәтте жәрдем жасауға әзір, дейді департаменттің ескерту бөлімінің басшысы Алексей Штыкель.