Өнер • 09 Ақпан, 2018

Рашид Құлбатыровтың пайыммен жазылған пейзаждары

1201 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі мен «Жауһар» картиналар галереясының ұйымдастыруымен белгілі пейзажшы Рашид Құлбатыровтың «ШАБЫТ» атты жеке көрмесі ашылды. Көрмеге қылқалам иесінің кескіндемелік және акварельдік техникада орындаған 70-тен астам туындысы қойылған. 

Рашид Құлбатыровтың пайыммен жазылған пейзаждары

Рашид Құлбатыров – сурет өнерінде өзгелерге ұқсамайтын, өзіне ғана тән әдемі иірімдерімен ерекшеленетін дарын иесі. Өнер­дегі әріптестері оны «таби­ғат ландшафтары мен қала ансам­бльдерінің жыршысы» деп бекер айтпаса керек. Қылқаламын аса ше­берлікпен жеңіл тартатын оның кенебінен Қазақстан мен Еуропаның үлкенді-кішілі қалаларының панорамаларын, қазақ даласының шетсіз де шексіз жазирасын, Іле Алатауындағы жоталардың биік шыңдарын, Каспий теңізінің әсем көрінісін, көшпенділердің дәстүрлі ауылда­рының тұр­мыстық композицияларын көптеп кездестіруге болады. Суретшінің картиналары Ка­нада, Америка, Германия, Фран­ция, Түркия, Грекия және Че­хияда жеке коллекцияларда сақтаулы. 
«Шабыт» автордың ауқым­ды жеке көрмесінің ғана емес, оның шығармашылығын бірік­тіретін тұжырымдаманың да ата­уы іспетті. Құлбатыров шығар­машылығын қадірлеушілер кес­кін­демешінің акварельдің күр­делі әрі талғаулы техникасын аса ше­берлікпен меңгергенін айтады.

– Суретшінің шығармашы­лығында қала пейзажы жанры­ның алар орны үлкен. Рашид Алматының жаңа даңғылдары мен ескі көшелерін ғана суреттеп қоймайды. Оның қала пейзаждары галереясында Алматыдан басқа Ақтау, Атырау, Ақтөбе, Маң­ғыстау, Ыстанбұл, Рим, Руан сияқты қалалар мен қала ма­ңының және өзі саяхаттап барған жерлерінің көрініс-келбетін суреттейтін пейзаждары да бар. Рашид Құлбатыров жұ­мыстарын көбінесе пленэрге шығып, табиғат аясында жазғанды жаны сүйеді, себебі бұл – оның шығармашылығына дем беретін қуат көзі. Қала мен оның маңын жазғанда Рашид жорамалға жол бермейді, яғни далалы жер мен тау­лы жердегі ауылдарды, олардың өмір тірші­лігінің ерекшелігін қоса баян­даған кезде, шығармашылық процеске толығымен беріліп, ендігі жерде қылқаламымен емес, жанымен жаза бастайды. Адам жүрегінің генетикалық жады бар деседі. Көшпенділер ұрпағының бойындағы қан дала адамдарының тыныш әрі емін-еркін өмір ырғағын рахаттана баяндайтын кескіндемешінің шығармашылық ойымен бірге жылжи ағады, – дейді көрме жетекшісі Оксана Танская.

Жоғарыда айтқан қала пейзаждары мен дала ландшафтары, көшпенділер тұрмысы мен адам тағдыры жайлы шағын баяндаулар оның әлемінде мүлде бөлек қырынан көрініс табады. Ашық, қанық түстер көктем мен күзге өзгеше рең беріп көрерменді өзіне тарта түседі. Ақпан айының со­ңына дейін жалғасатын көрмеге қойылған әр шығарма автордың сурет өнеріне деген биік пайымын аңғартатындай. 
Пайыммен жазылған пейзаждар...

Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ